«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫ» БАҒЫТЫ АЯСЫНДА ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫСТАР
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек», - деп көрсеткен болатын. Осыған орай республика көлемінде бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Себебі, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша көңіл бөліп, сақталуына атсалысу - шынайы отансүйгіштіктің, патриотизмнің нышаны болып табылады.
Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» тақырыбында кітаптар, «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томын дайындады. Жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар бойынша нысандардың әрқайсысының толық сипаттамасы мен 3D турлары көрсетілген интерактивті және виртуалды карта, Қазақстанның қасиетті нысандары туралы әлеуметтік желілерге арналған ұялы форматтағы 30 бейнеролик, ҚР Ұлттық мұражайында «Рухани жаңғыру» залы ашылды.
Және де «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайларының құрылысы аяқталды.
Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендерінің толық тізіміне кірген нысандар, яғни республикалық мәнге ие 23 тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-қалпына келтіру жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Шақпақ ата, Қараман ата қорымдары, Қ.А.Ясауи, Арыстан баб кесенелері, Ақыртас, Аппақ ишан күмбездері, Ескі Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ескі Тараз, Талғар және т.б. қалашықтар жөнделді.
Бүгінгі таңда 15 нысанды қалпына келтіру жұмыстары өз мәресіне жетті.
Алдағы уақытта мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайлардың «Ұлытау», «Отырар» және «Таңбалы» атты 3 қабылдау орталықтарының құрылысы жоспарланған.
Сонымен қатар, еліміздің өткен тарихи және рухани өмірінің толық көрінісін көрсету, туризм саласын дамыту мақсатында BBC World News телеарнасының қатысуымен дайындалған «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы», «Алтын батыр», «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» фильмдер жинағы, «Күлтегін. Жаңа көзқарас» атты деректі тарихи фильм, «Castlefilm» американдық компаниясы мен танымал актер Марк Дакаскостың қатысуымен «Номадтар жері» фильмі жарық көрді.
Қазіргі таңда «BBC World News», «Хабар», «Kazakh TV», «Ел арна» телеарналары бойынша «Алтын батыр» және «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» деректі фильмдерінің көрсетілімі жүргізілуде.
Ал «Euronews» телеарнасында «Алтын батыр» және «Ахмет Қожа Ясауи және Айша бибі кесенелері» фильмдерінің жарнамалық роликтері көрсетіледі.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қазақстаннан шыққан танымал тарихи тұлғалармен байланысты шетелдегі қасиетті жерлерді зерттеу және тану жұмыстары жоспарлануда. Атап айтқанда, аталмыш жоспардың басты бағдары Ресей және Өзбекстан елдеріне негізделеді.
Бүгінгі таңда «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру аясында барлық облыстарда да бірқатар елеулі жұмыстар жалғасуда.
Қызылорда облысында ресейлік және өзбекстандық ғалымдардың қолдауымен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ұйымдастырылды. Сығанақ, Жанкент, Бабиш молда, Сортөбе, Қышқала аудандарындағы қасиетті орындарды археологиялық зерттеуге 43,5 млн. теңге бөлінген. Осы ретте ағымдағы жылғы ақпан айында Облыстық тарих және өлкетану мұражайында «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылды.