ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҚАРИЯ
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің діңі ете отырып, әрбір қадамның нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», - деген болатын.
Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының тұрғыны Өтеш Тасжүрекқызы арқауы үзілмеген ұлттық өнерді жасынан өзіне серік етіпті. Ол күні бүгінге дейін бау тоқып, түс киіз басады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген 96 жастағы батыр ана бұл өнерге балалары мен немерелерін баулып жүрмін дейді.
Батыр ана өмірге 11 перзент алып келді. Қазір осы перзенттерінен немере, шөбере сүйген баққытты әже. Бүгінде Махановтар отбасы үлгілі әулет, шаттыққа толы шаңырақ. Мұны айтқан мәдениеттіктер кейуананың көркем мінезін, елдегі жаңалықтарға елең етіп отыратындығын айтады.
Тіпті, еліміздің жүрегі Астананың 20 жылдығына арнап бау тоқыпты. Астанаға өзі жете алмаса да айтулы мерекеден қалыс қалғысы жоқ. Тәуелсіз елдің әр жетістігіне қуанып, бүгінгі бейбіт өтірге шүкіршілік ететін ана ұлттық құндылықты жастарға дәріптеуді мақсат етеді.
Асыл әжеміздің көзі ашық, көкірегі ояу, сөзі ширақ, ойы жинақы. Ұлттық болмысымызды, қазақилығымызды айқындайтын күбі шайқау, келі түю, диірмен тарту, ши тоқу, құрт жаю секілді бірқатар игіліктерді көрсетіп қана қоймай, қолмен жасап көрсетті. Есік алдына тігілген алты қанатты киіз үй жабдықтарын да өз қолымен жасапты.
Өмірдің ащысын мен тұщысын көрген әже еліміздің бүгінгі күні гүлденіп, өркендеп дамып, бейбітшілік пен татулықта болуының бағасы аса құнды, әрі аса мәнді екенін өзгелерден артық біледі.
Бұл әулетте «Еңбексіз ырыс жоқ» деген басты ұстаным бар. Асыл анадан өрбіген ұл-қыздардың барлығы ел дамуы жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Отбасының ұйытқысы Өтеш анамыздың шаңырағындағы бау-бақшасы да жайқалып тұр. Онда жеміс талының түр-түрі бар. Тіпті жаңғаққа дейін өседі.
– Бұл жеміс ағаштарын әжеміз қолдап отырғызды. Көктем шыға жеміс талдардың түбіне көн салып күтіп баптайды. Соның жемісі болса керек, жылда мол түйнектеп, өнімді мол беретіні. Әжеміз әлі күнге дейін түс киіз басып, кілем тоқиды. Жүннен жіп иіріп, одан түрлі үй жасауларын дайындау арқылы кезінде тұрмыстық керек-жарақты қамтамасыз еткен. Тіпті соғыс жылдары сарбаздарға арнап қолғап, шұлық та дайындады, – дейді кейуананың ұл-қыздары.
Біз барғанда екі ғасырдың куәсі Өтеш қария шөбересінің тұсауын кесіп, айтулы азамат болсын деген тілек білдірді. Асыл ананың ақындық өнері де бар екен. Ұл-қыздары мен келіндеріне арнап шығарған жыр-шумақтарды оқып, берекелі отбасындағы бірлікті өлендетіп жеткізді.
Жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрген анаға қарап, қарттықтың ешқашан жаспен өлшенбейтініне, көңілдің қартаймайтынына көзіміз жетті. Ең бастысы, ол ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлтымыздың салт-дәстүрлерін ұрпақтарына ғана емес, бүкіл ауылдастарына насихаттап отырған жан.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ