ШИЕЛІ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ

Шиелі ауданында тарихи-мәдени ескерткіштер мен ғимараттар аз емес. Мұнда жалпы жұртшылыққа танымал орындармен бірге тарихи дәуірі, сондай-ақ, атқарған қызметіне байланысты маңызды ғимараттар да бар. Солардың бірі – Шиелі теміржол вокзалы ғимараты.
Шиеліден шыққан талай тұлғалардың алғашқы сапарының куәсі болған Шиелі теміржол вокзалы ғимаратының танымалдылығы жоғары. Бұл құрылыс кешені жолаушыларға қызмет көрсетуге және пойыз қозғалысын басқаруға арналған ғимарат. Қазақстанда теміржол вокзалы алғаш рет Қазан төңкерісіне дейін Орал, Қызылжар (Петропавл), Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қалалары мен Қазалыда пайда болады. Шиеліде темір жол вокзалы ғимараты 1903 жылы салынған. Оның жалпы алаңы – 7 580 ш/м. Құрылыс алаңы – 896,9 ш/м. Ғимарат құрылысы – 637,2 ш/м. құрайды.

Шиелі станциясы жүк тасымалы жағынан 2 класстық станция болып есептелінсе, ал атқарылатын жұмыстарына сәйкес 3 класстық вокзал санатына енеді. Мұнда күнделікті уақытта шамамен 200-дей жолаушыға қызмет көрсетіп, күтіп алып, шығарып салады. Аудан халқын асыраған теміржол вокзалынан талай адам сапарға шығып, діттеген жеріне жетіп отырған. Вокзалдан Қазақстанның түкпір түкпіріне күріш, қауын-қарбыз, және т.б жүк вагондарына тиеп жіберіліп отырады.
Қазақстан теміржолының тарихы вокзалдан басталған десек артық айтпаған болар едік. Вокзал ғимараты биік те сәнді етіп салынған. Сондықтан ауданға қонаққа келгендер оның сәулетіне қызығып жатады.
Бүгінде аудан тұрғындары ғасырдан астам тарихы бар ғимаратымен мақтанады. Айта кетейік, 1928 жылы республикада алғашқылардың бірі болып Шиелі ауданы құрылған болатын.