ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОҒЫЗДАР АСТАНАСЫ – ЖАНКЕНТ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Қызылорда облысы бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді.Ежелгі Жанкет қалашығы – сол тізімге енген 12 ескерткіштің бірі.
Жаллпы, Жанкент Ұлы жібек жолының бойында ортағасырларда дамыған қала ретінде, әрі Түркі ұлыстарының орталығы ретінде киелі жерлер қатарына кіреді.
Ежелгі қала Қазақстандағы іргелі аудандардың бірі – Қазалы ауданы аумағында орналасқан.
Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ араб географы Ибн-Хаукал «Оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған» дейді. Жанкент атауының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі Жанкент шаһары – аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынастарын жасаған.
Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған. Қаланың шет көшелері құмыра жасаушылардың, ұсақ қолөнершілердің, зергерлердің, қару-жарақ жасаушы ұсталардың балшықтан соққан сабан үйлері мен ұстаханаларына толы, ал шаһар орталығындағы гүлзар баққа оранған, хауыздары мөлдір суға тұнған қала бектерінің биік дуалмен қоршалған үйлері болды. Қала сырты суға толтырылған орлармен қоршалды. Шаһардың төрт қақпасы болған.
Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Қытай жібектері, Үнді маталары мен жемістері, араб елдерінің құрмасы, науаты осы қалада сатылымда болған.
Осылайша, Оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды. Х ғасырда Жанкент бойының оғыздары Жайықтағы тайпалармен және башқұрттармен 34 жыл жауласады (922-956ж.ж). 956 жылдан соң бұл алауыздық түркімен және қыпшак оғыздарының арасында өтеді. Негізінде ұлыстың түбіне жеткен де осы қайшылық болып саналды.
1219 жылдың күзінде Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі.
Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІҮ ғасырда гүлдену шегіне жетті. Мұсылман мәдениеті ықпалында болған бұл қала Жаңақала – Жанкент деп аталады.
Араб саяхатшысы Хафизи-Абурдың жазбаларында Сырдарияның ХҮ ғасырда Отырар тұсынан батысқа бұрылып, Әмудариямен бірге Каспийге құйғандығын айтады. Әрине бұл Сырдың төменгі ағысындағы Жанкент қаласына да ықпалын тигізбей қоймайды. Егіс алқаптары, суландыру жүйелер су жүрмегендіктен құм басып шөлге айналады.
Белгiлi түрколог-ғалым Ә.Қоңыратбаевтың жазуынша, Жанкенттi мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейiлхан (түрiкмен) 1043 жылдан кейiн Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлiк пен оның баласы Әлидi батыстағы түркмен тайпалары өлтiредi. Осыдан соң Сырдың төменгi саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады.
Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген.
Жанкент қаласының орнын алғаш зерттеушілердің бірі П.И.Лерх (1857 ж.) болатын. Ол Жанкент қаласына келген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатады. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалымен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны оңтүстік қабырғасы, онда қатар-қатар тізбектелген бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесіктер сақталған. Қала ортасында ел басқарушылары тұрған айнала қоршалған ескі сарайдың орны бар.
Жанкент қаласында жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде құмыралар, ұршықтар, наным-сенім дәстүрлерінде пайдаланылған қошқар бейнесіндегі керамикалық туындылар табылды.
Жанкент қалашығы Ұлы жібек жолының бойында ортағасырларда дамыған қала ретінде, әрі Түркі ұлыстарының орталығы ретінде киелі жерлер қатарына кіреді.
Қазіргі таңда Жанкент қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал таяу болашақта мұнда аспан асты мұражайы ашылады.