ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНІҢ ҚАСИЕТІ

Сонымен ұшықтау тәсіліне тоқталсақ, адам ұшынып қалғанда, асқазаны тамақты дұрыс қорытпай қалғанда, немесе қорқып қалған жағдайда қолданған. Негізінен, салқын суды науқастың денесіне немесе бетіне бүркіп шашу арқылы жасайды. Сонда дене тітіркеніп, оның беті бері қарайды. Демек, салқын су арқылы дене тітіркенгенде қан айналымы қайтадан жақсарып, жүйке жүйесінің жұмысы қайта қалпына келе бастайды.
Жас ана Ақмарал Төлегеннің айтуынша, көбінесе ұшықтап емдеу тәсіліне ден қояды.
– Әлі есімде, бала кезімде кішкене ауыра қалсақ, әжеміз күн батар шақта көшеге шығып ұшықтайтын. Дәріні көп қолдана бермейтін. Қазір өзім ана атандым. Жақында бір жасар қызым іші өтіп, қатты сырқаттанып қалды. Үш-төрт күн бойы берілген дәрілер әсер етпеді. Содан әжемнің ұшықтап, түкіріп емдейтіні есіме түсті. Көрші үйдегі әжеге апарып, ұшықтатып, ем алудың шараларын жасаттым. Ертеңіне қызым сауығып ойнап кетті. Көбінесе, астан ұшынса, бабадан қалған осы дәстүрді жасамаса аурудан айықпай жүреді деп еститінмін. Ата-әжелеріміздің дәстүрге берік осындай қазақи емдеу жолдары дана адам екенін аңғартса керек, – дейді ол.

– Балаларым ұшынып, көз тиіп ауырса дәрігердің есігін қағып көрмеппін. Қазірде немерелерім сырқаттанса, келіндеріме «ұшықтап жібер» деп айтып отырамын. Негізінен бала астан ұшынып, тәбеті болмай ауырса, таңертең ерте күн шықпай киіндіріп алып шығып, көк шөптің үстінде жүргізеді. Біраз жүргізген соң жерге домалата аунатады. «Алла өзің шипа бере гөр, пірім бибі Бәтима» деп тәу ете жүріп, ұшықтауды бірнеше рет қайталайды. Ұшықтап болған соң оның үстіне жеті киім жауып жатқызады. Біраз уақыттан кейін беті бері қарайды. Ал, абайсызда құлаған баланы шошынудан, пәле жабысудан сақтау үшін оның құлаған жеріне алақанын тигізіп, сонан соң «ұшық, ұшық, тәңірім, бәледен сақтай гөр, көзге көрінер-көрінбес пәледен сақтай гөр» деп алақанын ауырсынған жеріне тигізеді. Осылай үш рет қайталайды, – деп түсіндірді ол.
Қалай десекте шипаны бір Алладан сұраған жөн. Сонда мұндай емдеу тәсілінің дінге ешқандай терістігі болмайды. Ұшықтауда да ой мен ниет түзу болуы керек.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ