СЫР ЕЛІ – ӨНЕР ОРДАСЫ
Қыдыр дарып, бақ қонған Сыр елі қашаннан хас таланттарды тоғыстырған өнегелі өңір. «Жыр елі» атанған бұл өлкеде алаштан ән оздырып, салған әні қазақ елінің биік шоқтығына айналған әнші, жыршы даланы тербеп, сан ұрпақты тебіренткен өнер иелері жетерлік.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде сақталған жеке тектік қорлардың қатарында Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан фолкьлор-зерттеуші, жырау Алмас Нұрмаханұлы Алматов, айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Сағындықұлы Тайманов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Қаракөз Ақжігітқызы Ақдәулетова және Күлән Жантемірқызы Қалымбетованың құжаттары сақтаулы. Біз оқырман назарына Алмас Алматов туралы амқаланы ұсынған едік. Енді кезекте айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева туралы айтпақпыз.
Сыр өңірі талай өнер саңлақтарының ордасына айналған киелі мекен.Солардың бірі – Бибігүл Жаппасбаева.
Тағдырымен, өнерімен ерекше әсер ететін айтыскер ақын – Жаппасбаева Бибігүл 1951 жылы 5 сәуірде Өзбекстан Республикасы, Самарқанд облысы, Катта-Курган ауданы, Бейсенбі қыстағында дүниеге келген.
Әкесінің ұйғарымымен елге қайтқан Бибігүл Бәйгеқұм станциясындағы №401 М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген соң қаладағы целлюлоза-картон зауытында краншы болып еңбек жолын бастайды.
Өлеңге деген құштарлық Бибігүлді айтыс сахнасының төрінен бірақ шығарды.
Бала күнгі арманы 1986 жылы облыстық жас ақындар айтысында байқалып, жүлделі орын, 1989 жылы Қ.Жұбановтың 90 жылдығында I орын, 1990 жылы Майлықожаның, Н.Байғаниннің мерей тойлар айтысында жүлделі орындарға ие болды.
Айтыскер ақын 1989 жылы Н.Бекежановтың 100 жылдық мерей тойында бір топ өнерпаздармен Қарақалпақ Республикасына «Нартай салған ізбен атты» экспедицияға қатысты.
Ақындықпен қоса өлең шығарумен айналысқан Бибігүлдің «Туған жер», «Сағыныш», «Қазақтың аңыз қызына», «Анама», «Қорғалсын біздің балалар», «Ана тілегі» тағы да басқа көптеген шығармалары газет беттеріне жарияланды.
Айнұр ӘЛИАСҚАРОВА,
Қызылорда облысының мемлекеттік архивисі