«ЖІГІТТЕ ДЕ ЖІГІТ БАР, АЗАМАТЫ БІР БӨЛЕК»
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдау керектігін атап өтті. Жалпы, «Рухани жаңғыру» президенттік бағдарламасы аясындағы «Туған жер» патриоттық жобасы әр түрлі бағыттарға ие екені белгілі. Соның үлкен бір саласы –«Туған жер» бағдарламасы қазақстандықтарды жаппай отансүйгіштікке баулиды.
Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің тікелей қолдауымен және өздерінің туған жері - аудан, қала мен ауылдарға деген жанашырлық болса, екінші жағынан, мектеп оқушылары үшін туған өлкені, оның қасиетті жерлерін, сондай-ақ ата-бабаларымыздың және жерлестеріміздің тарихын зерттеуге бағытталған кең ауқымды іс-шара.
Туған жерім дегенде ішкен асын жерге қоятын елжанды азаматтар Сыр өңірінде де аз емес. Қазақ ұғымындағы Атымтай жомарт, Сәдуақас сахи туралы аңыздар, қисса-дастандар міне, осындай қолы ашық, жаны жомарт жампоздар жайында сыр шертеді.
Ен байлықты еңсеру, оны парасат-пайыммен жұмсау, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. Біз сөз еткелі отырған Талғат Жұматов осындай азаматтың бірі.
Жомарт жүректі жан облыс орталығы – Қызылорда қаласындағы «Олжас» ЖШС директоры.
Талғат Жұматов 1971 жылдың 17 желтоқсанында Шиелі ауданының Телікөл елді мекенінде туған. Ол 1979-1989 жылдары осы ауылдағы №214 «Ворошилов» атындағы қазақ орта мектебінде оқыған. Мектеп бітірген соң туған ауылындағы фермада аға шопанның көмекшісі болып жұмыс жасайды. Ал, 1990-1995 жылдары Жамбыл гидромелиорацияның құрылыс институтын бітірді.
Талғат Тасболатұлы 1997 жылы «Олжас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ашқан Т.Жұматов 20 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ол басқаратын серіктестік бүгінде облысты жанар-жағармайдың барлық түрімен қамтамасыз етіп, халыққа қызмет көрсетуде. Талғат өзі басқарып отырған ұжымдағы қызметкерлердің еңбекақы төлеу мәселесіне және әлеуметтік жағдайларына жіті мән береді. Өңірдің әлеуметтік дамуына атсалысуды қасиетті борышы санайтын іскер жігіт бизнестің әлеуметтік жауапкершілік көрсететін іс-шараларға белсене араласады.
Жыл сайын жетімдерге, тұрмысы төмен отбасыларға көмегін көрсетуден аянған емес. Мәселен, өзі туып-өскен Шиелі ауданындағы Телікөл ауылының жолын жөндеп берді. Бір кездері өзі оқыған №214 мектеп ауласына спорт алаңын салды.
Т.Жұматов кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етудегі еңбектері үшін «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының «Халық таңдауы» номинациясы бойынша «Алтын Қыран» сертификаты мен дипломдарын иеленген. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Қызылорда қаласының 190 жылдығы», «Шиелі ауданының 80 жылдығы» мерекелік медальдарымен және облыс, қала әкімдерінің Грамоталарымен марапатталған.
Халық даналығында «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсіл бар. Әсілі, осы бір нақыл Талғат Жұматов сияқты кең пейілді, үлкен жүректі, қолы ашық азаматтарға арналған сияқты. Ол Қызылорда қаласындағы 2006 жылы салынған Бұхарбай батыр көшесінің №58 тұрғын үйдің шатырын өз есебінен күрделі жөндеуден өткізді. Бұған қоса, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, облыс орталығындағы мектеп оқушыларына мектеп киімдері мен құрал-жабдықтарын алуға қаржылай көмек беріп келеді.
Сондай-ақ, ол «Ұшқын» Қызылорда мүгедектерінің оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы қалыпқа түсуіне септігін тигізді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жиһаз цехын ашуына, билборд жасайтын аппарат алуына, компьютерлік столдарға қол жеткізуіне каржылай көмек көрсетті. Мұндай игілікті шаралардың қатарына қалалық ардагерлер ұйымына, «Ақбөкен» қоғамдық қорына, қалалық мүгедектер қоғамына көрсетіліп жатқан қаржылай көмектерді қосуға болады.
Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көңіл бөлуді ұмытқан емес. Бастысы мұндай адамдар жұртқа жасаған жақсылығын пәлсініп, ешкімге айтып та жатпайды. Қайта керісінше, әр ісін игілікпен сабақтайды. Әрине, мұндай кең жүректі азаматтардың барына қуанасың. Қуанасың да шүкір дейсің.
Өмірлік қағидасын адалдықпен байланыстыратын Талғат жүрген ортасында сыйлы. Мақтауға лайықты адамдарға «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дейтін болсақ, сол азамат «осы Талғаттай-ақ болсын» дегенді жұрттан естіп жүрміз.
Себебі, ол жұртқа жақсылық жасағанның болашағы да, жүзі де жарқын болатынын біледі. «Қолы ашықтың – жолы ашық» дейді дана жұртымыз. Ендеше, қолы ашық азаматтың жолы да ашық болғай, деп тілейміз.