СЫР ЕЛІ – ӨНЕР ОРДАСЫ
Қыдыр дарып, бақ қонған Сыр елі қашаннан хас таланттарды тоғыстырған өнегелі өңір. «Жыр елі» атанған бұл өлкеде алаштан ән оздырып, салған әні қазақ елінің биік шоқтығына айналған әнші, жыршы даланы тербеп, сан ұрпақты тебіренткен өнер иелері жетерлік.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде сақталған жеке тектік қорлардың қатарында Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан фолкьлор-зерттеуші, жырау Алмас Нұрмаханұлы Алматов, айтыскер ақын Бибігүл Жаппасбаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Сағындықұлы Тайманов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Қаракөз Ақжігітқызы Ақдәулетова және Күлән Жантемірқызы Қалымбетовалардың құжаттары сақтаулы.
Сыр өңірі талай өнер саңлақтарының ордасына айналған киелі мекен.
Қазақ халқының жыршылық, жыраулық дәстүрін жалғастырушы жырау, домбырашы, фолкьлор зерттеуші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Алмасбек Нұрмаханұлы Алматов 1956 жылы 13 ақпанда Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Қорқыт станциясында туған.
Қармақшы ауданындағы №185 орта мектепте он жылдық білім алып, 1974-1976 жылы Кеңес армиясының қатарында әскери қызмет атқарды.
1978 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының музыка және педагогика факультетіне оқуға түсіп, 1982 жылы музыка пәні мұғалімі мамандығын алды.
Еңбек жолын Қызылорда қаласында 1982-1987 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығында әдіскерліктен бастаған А.Алматов 1987-1990 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында стажер-зерттеуші, оқытушы, «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды.
А.Алматов облыстық мәслихаттың депутаттығына сайлауға түсіп, 1994-1998 жылы облыстық мәслихат депутаттығына сайланды.
Алмас Алматовтың өмір жолдарындағы ұстаздық, зерттеушілік, жыраулық өнердегі еңбегі еленіп, көптеген наградаларға ұсынылды. 1985 жылы КСРО Компазиторлар одағының Құрмет грамотасы, 1986 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, 1992 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісімен, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, 2006 жылы 8 желтоқсанда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілсе, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», 2013 жылы «Парасат» орденімен марапатталады.
Ғылым жолында жасаған еңбегіне 1993 жылы доцент, 2008 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры ғылыми дәрежесін иеленді.
1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанынан «Дәстүрлі өнер-жыр» кафедрасын ашып, аянбай еңбек етіп, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаттарын дайындады.
Республикалық, халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болған Ұ.Байбосынова, А.Өтепбергенова, Ш.Бейімбетовалар Франция, Италия, Швейцария, АҚШ, Түркия елдерінде өнер көрсетсе, А.А.Бүрлібаев Санк-Петербургте өткен Бүкілодақтық фестивальдардың лауреаты, С.Момынова Халықаралық «Жаһан дала» конкурсының лауреаты, С.Жақсұғұлов пен М.Сарсенбаевалар «Ғасырлар үні» жыраулар конкурсының лауреаты атанды.
Рухани дүниесі бай, ойы терең, аузынан әруақты сөз шығатын Алаштың азаматы Алмас Алматов ұланғайыр тақырыпты орындаушылық өнері елімізден тыс шетелдерге де танымал. Ол қазақтың жыршылық өнерін Франция, Швейцария, Италия, Монғолия, Голландия, Америка, Египет өнерсүйер қауымына адамзат мәдениетінің асыл қазынасы ретінде таныстыра білді. Ол Асан Қайғыдан бастап, Қазақстанның қазіргі замандық ақындардың шығармаларын орындайды.
Сондай-ақ түркі тілдес халықтардың ұлттық музыкасын дәріптей отырып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру, тілі, діні, салт-дәстүрі ұқсас түркі әлемінің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру мақсатында ұстаз өзінің шәкірттерімен бірлесе отырып, «Шыңғыснама» тарихи дастанын жазып, оны музыкалық дастан күйінде Сыр бойының мақам саз әуенімен күйтабаққа түсірген.
Сыр бойының бүгінгі жырау-жыршыларының жыр қорынан берік орын алған «Көрұғылы» сахналық-музыкалық қойылым дастанынын 2006 жылы А.Алматов пен Х. Әмір-Темір жазды.
Жас ұрпаққа ұстаздық ете жүріп, шығармашылық еңбектерін жан-жақты ұштастыра білген дарынды ұстаз бүгінгі күні Қазақ Ұлттық Музыка академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің «Дәстүрлі ән және жыр» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда.
Айнұр ӘЛИАСҚАРОВА,
Қызылорда облысының мемлекеттік архивисі