ШАЛҒАЙ АУЫЛДАҒЫ РУХАНИ КЕШ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Қазалы аудандық мәдениет орталығы жанындағы «Жыраулар» бөлімшесінің ұйымдастыруымен шалғайдағы Шәкен ауылында «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілер концерті өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрін сақтап, жыршы-термешілеріміздің өнерін халыққа көрсету, келешек ұрпақтарымызға дастан, терме өнерін насихаттау болатын.
Аталған жиында Айдос Тұрар, Балқыз Өмірзақ, Жанболат Өмірзақ, Жәнібек Құтмаханов, Айдана Тыныбаева, Әмір Сариев және Батырхан Ұзақбаев секілді жыршы-термешілер өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, «Сейхун» тобы «Адай», «Мереке», «Көрғұлы» атты күйлерді орындады.
Алыстан ат арылтып келген жыршы-термешілер қара домбыраның шанағынан күй таратып, көмейлерінен сүбелі сөздер төгіп, ауыл тұрғындарының көңілін сергітті.
И.АҒЛЕПЕСОВА,
Қазалы аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері