ЖАРҚЫН ЖҮЗДІ ЖАСТАРДЫ ЖҮЗДЕСТІРГЕН КЕРУЕН
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аймағымызда түрлі салада көптеген жұмыс атқарылып келеді. Солардың бірі – облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы негізінде ұйымдастырылып отырған «Жастар рухани жаңғыру жолында» атты жастар керуені. Тамыз айының бас кезінде Шиеліден бастау алған керуен бірқатар аудандарын аралап, бейсенбі күні Қазалы ауданына келді.
Жастардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында тамыздың тоғызыншы жұлдызында жоба жетекшілері Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда шоу концерт өткізді. Облыс пен ауданның күміс көмей әншілері салған көңілді ән шашуды тамашалаған тұрғындар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшылары Әлима Әбдіхалықова, Гүлмира Әшірбекова бұған дейін де Қазалы ауданы жастарымен кездесіп, түрлі шаралардың ұйытқысы болған еді. Солардың қатарында «12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай Әйтеке би кенті әкімдігінің мәжіліс залында өткен жастар жиынын айтуға болады.
Жобаның басы-қасында жүрген жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы А.Аукенов аудан жастарына “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мен “Қазақстандағы 100 жаңа есім” бағдарламалары туралы, ұлттық құндылықтар жөнінде ақпараттық-түсіндірме берді.
Бұдан әрі жиын жастар арасындағы интеллектуалды сайысқа ұласты. Оған қатысушылар төрт кезеңде бақ сынасып, өз белсенділіктерін көрсетті. Қорытындысында ұшқырлығымен көзге түскен Зарина Мәлік бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Ардақ Амангелді еншілесе, Мирас Талайлы келесі жүлделі орынға ие болды.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, алғыс хаттармен марапатталды.
Сайыс соңында ұйымдастырушылар жастарды прагматик, елжанды азамат болуға шақырып, бағдарламаның мәні мен мазмұны, оған жастардың қосатын үлесін тарқатып берді.
Айта кетейік, «Жастар рухани жаңғыру жолында» атты керуен бүгінге дейін Шиелі, Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарында болды. Айта кетейік, мұндай шаралар тұтас облысты қамтиды.