ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: ОРАҚ БАТЫР МҰНАРАСЫ
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Облыс бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді.
Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы қызықты мәліметтерді, яғни тарихи нысандар мен киелі орындар тарихын, монументті ескерткіштерді «Қазалы жауһарлары» айдарымен назарларыңызға ұсынып келеміз. Бүгін аталған айдарды Орақ батырдың ескерткіш-мұнарасы туралы дерекпен жалғастырамыз.
Орақ батырдың ескерткіш-мұнарасы ХІІІ — ХІҮ ғ.ғ. салынған. Қазалы ауданы Қожабақы аулынан 6 шақырым жерде орналасқан архитектуралық ескерткіш. Оны «Казпроектреставрация» институты 1984 жылы есепке алып, құжаттарын дайындаған.
Орақ — батыр болған адам. Ол кісі далада намаз оқып отырған кезде жау келіп қалса да намазын бұзбаған. Жау намаз оқып отырған Орақтың басын шауып жібереді. Жау кеткен соң басты денесімен бірге көмеді.
Орақ батыр бірнеше жерде мешіт салдырған Қожаназар ишанның атасы. Орақ батырдан – Артықбай, Арланбай, Отбай. Артықбайдан – Қожаназар, Ақназар, Бекназар туады.
Артықбайдан: Қожаназар, Бекназар, Ақназар тараған.
Батыр бабамыз діни өте сауатты болғанымен молдалықпен айналыспаған кісі болған. Аса қайратты, жаужүрек ол елін-жерін анталаған жаудан қорғау үшін батырлық жолын таңдаған. «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген қағиданы берік ұстанған.
Қазақ халқының көптеген тарихи әңгімелері, аңыз-әфсаналары ауыздан-ауызға жетіп отырғанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Сондай ұрпақтан-ұрпаққа жеткен деректің бірі төмендегідей өріледі.
Орақ батыр Хиуа хандығы әскерлерімен соғыс кезінде бесін намазын оқып отырғанда жау келіп қалса да, намазын бұзбапты.
Хас дұшпаны Аллаға құлшылық етіп, мұсылмандық парызын өтеп отырғанына қарамастан, артынан келіп, көк желкеден басын шапқан.
Наркескенмен шабылған Орақ батырдың басы шоршып түсіп, ылдиға қарай домалап кетіп, бір айдан кейін әрең табылыпты. Ағайын-туыстары Орақ батырдың басы қиылған жерге «Орақтың белгісі» атты биік мұнара орнатқан. Осы күні Аранды қыратының биік төбесі «Орақтың белгісі» деп аталады.
Бүгінгі таңда мемлекеттің қамқорындағы ескерткіштердің санатына кіргізілген.
Иә, ел тәуелсіздігі жолында жанын беріп, басын бәйгеге тіккен түрлі сайыпқыран ерлер өткен. Оның әрбірі біздің шежіремізден ойып орын алып, бүгінгі жас буынның көкейінде сақталады деген сенімдеміз.