ТҮРКІ КЕЗЕҢІ. ҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫ

Қызылорда облысы бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, бүгінгі таңда аймағымыздағы 12 музейде «Рухани жаңғыру» тақырыбы ескеріле отырып, экспозициялар жаңартылды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – облыстағы ірі мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтардың бірі. Нақты кезеңде музей қорында өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін сан ғасырлық тарихынан терең сыр шертетін 55 мыңнан астам экспонат сақталуда. Музейдің археологиялық қорындағы экспонаттар ұлтымыздың баға жетпес байлығы болып табылады.

Қызылорда облысындағы ірі археологиялық кешендердің бірі – Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жетіасар ескерткіші болып табылады. Бұл оазисте б.з.д. I мыңжылдықтың соңымен б.з. VIII-IX ғғ. дейін жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қалалар бой көтерген.
Оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-ден топ-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен ескі дариялықтың ондаған ұсақ тарамдары бойына салынған. Олардың қазіргі үйіндісінің биіктігі 18-20 метрге жетеді.
Асарлардың барлығы әртүрлі деңгейде жасалынған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген. Жетіасар шатқалында 1946, 1948 жылдары С.П.Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ алғаш археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. [Левина Л.М. Керамика Нижней и Средней Сырдарьи в І тысячилетие н.э. Москва, 1971. 25-40 б.].
Одан кейін Л.М.Левинаның жетекшілігімен 1970-80 жж. археологиялық қазба жұмыстары жалғастырылды. Экспозицияда Жетіасар туралы материалдар және кешеннен табылған керамикалық ыдыстар орналастырылды.
/жалғасы бар/
Асхат САЙЛАУ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғалым-хатшысы