ҚАЗАЛЫ ЖАУҺАРЛАРЫ: МҮСІРӘЛІ КЕСЕНЕСІ

Осы ретте Қазалы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәліметтерді, тарихи нысандар мен киелі орындар тарихын, монументті ескерткіштерді «Қазалы жауһарлары» айдарымен назарларыңызға ұсынып отыратын боламыз.
Мүсiрәлi Жәдiкұлы барша қазақтың пiрi атанған тарихи тұлға. Мүсiрәлi әулиеге кесене салдыру жұмысы 1998 жылы басталып 2000 жылы аяқталды. Бұл кесене Әйтеке би кенті іргесіндегі Алтай бекетiнде орналасқан архитектуралық ескерткiш.
Сопы Әзi Мүсiрәлiнiң ескерткiш-кесенесiн салу жөнiнде 1997 жылдың тамыз айында жергілікті халықтан ұсыныс түсті. Ол 1998 жылдың мамыр айына дейiн халық арасында талқыланды. Сөйтiп, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қолдаған, Тәуке ханның тұсында Үш жүзге пiр болған әулие Мүсiрәлi бабамызға ескерткiш-кесене салу жөнiндегi ұсыныс бiр жылдан кейiн мақұлданды.

Қаржы жинауға Қазалы тұрғындар жаппай жұмылдырылды. Соның нәтижесiнде 1998-2000 жылдар аралығында қорға 1 миллион 200 мың теңге жиналды. Қаржылай демеушiлiк жасауға Жалағаш, Арал ауданының азаматтары және облысымыздан тыс жерде жүрген жерлестерiмiз де үлкен үлес қосты.
Аталған қорға Қазалы аудандық бiлiм бөлiмi 435 мың, тепловоз жөндеу зауыты 158 мың, темiр бетон бұйымдары зауыты 30 мың, Қ.Мұсаевтың жеке базары 25 мың, № 244-жолмашина стансасы 15 мың, кәсiптiк-техникалық училище, темiр жолды электр қуатымен жабдықтау мекемесi 10 мың теңгеден астам қаржы аударды.
Ескеткiш-кесененiң қабырғасын қалауға қажеттi сапалы кiрпiш Қарақалпақстаннан және аудандық кiрпiш зауытынан алынды. “Жер-су” акционерлiк қоғамы, № 60 жол дистанциясы, аудандық су пайдалану басқармасы, “Нұр” жеке кәсiпорны, жол жөндеу мекемесi, № 8 кәсiптiк-техникалық мектеп және басқа да көптеген еңбек ұжымдары материалдардан, техника және адам күшiнен көмек көрсеттi.
Кесене қабырғасын қалауда Қарақалпақстаннан келген бабаның ұрпағы Пiрәлi Қалмамбетов бастаған 6 маман, ал кесене күмбезiн тұрғызуда Жүсiпбай Дайрабаев сапалы iсiмен, шеберлiгiмен көзге түстi. Осылайша, бүкiлхалықтың қолдауымен салынған Мүсiрәлi бабаның ескерткiш-кесенесiнiң құрылысына 5 миллион теңгедей қаржы жұмсалды.
Қазақ даласына ислам дiнiнiң кең тарауына, елдiң бiрлiгiнiң сақталып, салауатты ұрпақтың қалыптасуына көреген әулие Сопы Әзiз атанған Мүсiрәлi қожа бар ғұмырын арнады. Ол Әз Тәуке ханға дiн басы, бiрден-бiр көмекшi, кеңесшi болып сайланды. Тәуке хан Мүсiрәлi Жәдiкұлын өзiнiң арнайы жарлығымен Бас Әзiрет етiп тағайындағанда кейбiр деректерде Мүсiрәлә әулие 17 жаста екен. Мүсiрәлi қожа Сопы Әзiз (құрметтi Сопы) дiн саласын өркендетумен бiрге ел iшiндегi дауларды шариғат жолымен әдiл шешiп отырған. Сөйтiп халық бiрлiгiн сақтауға көп еңбек сiңiрген. Кеңесшiлiк қызметiн адалдықпен атқара бiлген.
Осылайша, қалың жұрт өтпелі кезең деп айдар таққан қиын кезеңде Қазалы халқының бастамасымен темір жол мен күре жолдың бойына Мүсiрәлi әулиенің құрметіне зәулім кесене салынып, жергілікті тұрғындар мен жолаушылардың құрмет тұтар қасиетті орнына айналды. Бұл тірліктің барлығы не үшін? Ұрпақ үшін. Олар бабаларының осал болмағандығын, осынша жерді қорғап, сақтап қалу жеңіл тимегендігін біліп, сезінуі тиіс. Бабалар қасиеті жас ұрпаққа жұғысты болса деген мақсат. Сонда еліміз мәңгі өмір сүріп, әлем алдында абырой-даңққа бөлене береді.