МӘДЕНИ-ТАНЫМДЫҚ ТУРИСТІК САПАРДЫҢ БЕРЕРІ МОЛ
Қазалы ауданының географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы аудан көлемінде туризм саласының дамуына зор мүмкіндік береді. Өңірде 6 республикалық, 53 жергілікті маңызы бар және 34 алдын-ала есепке алынған тарихи-мәдени ескерткіштер бар.
Олардың қатарына Жанкент қалашығы, Жанқожа батыр кесенесі, Ғанибай мешіті, Ғанибай үйі, Ғ.Мұратбаевтың мұражайы, Сараман Қоса мұнарасы, Ақтан батыр кесенесі, Мірәлім (Нұралы) мешіті, Әйтеке би ескерткіші, Мүсірәлі кесенесі, т.б. жатады.
Осындай тарихи орындарға, сондай-ақ, көршілес Қармақшы жеріндегі «Қорқыт Ата» кесенесіне туристік сапарлар ұйымдастыру өз кезегінде ауданымызда туризмді дамытуға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Осы орайда, биыл Қазалы ауданының экономика және бюджетті жоспарлау және Қазалы ауданының ішкі саясат бөлімі жобалық басқару шеңберінде «Тарихи және қасиетті жерлерге туристік сапарлар ұйымдастыру» жобасын қолға алған болатын.
Туристік сапарларды ұйымдастырудағы мақсат – жергілікті туризмді дамыту, туған жердің рухани құндылықтарын, тарихи орындар мен құндылықтарымызды дәріптеу, ескі жәдігерге айналған қасиетті мекендеріміз туралы жас ұрпаққа кеңінен ұғындыру болатын.
Осы жоба аясында мектеп оқушылары алдымен Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев мұражайына және Әйтеке би кентіндегі тарихи-өлкетану музейіне туристік сапарға шықты.
Қазан айының соңына дейін 10 мәрте ұйымдастырылатын туристік сапарға мектеп оқушылары, студенттер, аудан тұрғындарының әртүрлі әлеуметтік топтары қатыстырылады.
Туристік сапарды ұйымдастырушы - "Қазалы ынтымағы" қоғамдық бірлестігі. Төрайымы Күлікбаева Сәнімкүл.
Келесі сапар Қармақшы ауданы жеріндегі Қорқыт Ата кешеніне ұйымдастырылады. Сапар барысында қатысушыларға театр әртістері "Қорқыт аңызы" сахналық қойылымын көрсетеді.
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы