АЙМАҚТЫҚ ӨЛКЕТАНУДЫ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА «ӨЛКЕТАНУ» ОҚУЛЫҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Әр аймақтың өз тарихын, қасиетті жерлерін жас буынға, нақтырақ айтсақ, мектеп оқушыларына насихаттау мақсатында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жаңа оқулықтар жарық көрді.
Сегіз автордың бірлестігі арқасында жарық көрген кітап соңғы бір жыл көлемінде жазылып, жарияланған. Сонымен қатар, жаңа қалыптағы өзгеше оқулық алдағы оқу жылынан бастап, еліміздің барлық мектептерінің 5-6-7 сыныптарының оқушыларына ұсынылмақ.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» мақаласы ұлт тарихын, ұлттық құндылықтарды сақтауды, жас буынның санасын жаңғыртып, ұлттық болмысын қалыптастыруды, бәсекеге қабілетті жастарды даярлауды мақсат тұтатынын білеміз. Сондай-ақ, аталмыш бағдарламалық мақала аясында ел тарихын, республиканың қасиетті жерлерінің насихатын толық танытып, ұрпақ санасына сіңіру үдерісі қарқынды жүріп жатыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жоғарыда аталған міндеттемелерін жүзеге асыру, санасы азат, бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау мақсатында Г.С.Асанбекова, К.Б.Қамысбаева, Г.Д.Рыскелдиева, Қ.С.Темірбаева, С.А.Семжанова, А.Ж.Мақышева, Ж.Ш.Маханбетова, Н.Е.Мұханбеталиева есімді бірлеске сегіз автордың «Өлкетану» атты еңбегі «Алматыкітап» баспасынан жарық көрді.
Жаңаша форматтағы оқулықта әр аймақтың қасиетті жерлерінің тарихы, аймақтың ерекше нысандары жөнінде ақпараттар жинақталып, географиялық-тарихи, әдеби-музыкалық тұрғыдан терең талданған. Алдағы оқу жылында оқушылардың назарына ұсынылатын жаңа оқулықтың ішінде аймақтың қасиетті жерлерінің тарихы ғана емес, өңірдің әдеби қоры, географиялық қасиеті, музыка саласындағы атақты тұлғалардың тарихы қамтылған.
Жаңа кітаптың мұндай тәсілмен жазылып, баспадан жарық көріп, мектеп бағдарламасыны енгізілуі арқылы мектеп жасындағы оқушылардың ұлттық құндылықтарға, ұлт тарихына, географиялық орындардың қасиетіне деген ынтасын оятып, олардың бойындағы отансүйгіштік деңгейін арттыру көзделді.
«Бұл кітаптың өзге оқулықтардан айырмашылығы айтарлықтай үлкен. Оқулық үш сынып дәрежесіне ортақ стандартта жазылған. Дәл осы ерекшеліктің арқасында жоғары сыныптың оқушысы өткен мағлұматтарды әрдайым қайталап отыруға, ал төменгі сынып оқушысы өз қызығушылығына байланысты жоғары сынып бағдарламасын ерте оқуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, кітаптың тағы бір ерекшелігі – оның безендірілуі.
Жалпы адамдардың есте сақтау қабілеті әрқалай. Көзбен көргені түйсігіне әсер ететін немесе оқығанын жылдам қорытатын адамдар бар. Сол үшін де біз кітаптың ішінде оқушының отансүйгіштік, ұлттық рух дәрежелерін көтеруге көмектесетін суреттерді көптеп жариялауға тырыстық», - деді кітап авторларының бірі.
Сондай-ақ, арнайы баспасөз конференциясында ұстаздар арасында пікірталастар туып, өз ойларын ортаға салды. Арнайы шараға қатысқан тәжірибелі мұғалімдердің пікірлері бір арнада тоғысты. Олардың айтуы бойынша, дамыған заманда оқушылар да алабөтен дүниені пайдаланғысы келеді және стандартты жүйеден әбден жалыққан.
«Оқушылар әдебиетті, тарихты, географияны және музыканы бөлек-бөлек оқиды. Және ол оқулықтарда аталған ғылымдардың барлығы ғылыми тілде, атақты профессорлардың көзқарас тұрғысынан жазылған. Бұл оқушылардың ақпарат қабылдау деңгейіне ауырлау болуы кәдік. Сондықтан, біз жаңа форматта жарық көріп отырған оқулықтың ішінде қызықты деректер мен таң қалдыратын, бұрын ешқандай жерде кездеспеген мәліметтерді беруге тырыстық. Кітаптың мақсаты – оқушылардың бойында отансүйгіштік қасиетін дамыту. Еңбектің жазылуы барысында да бұл ұстанымымыздан айныған жоқпыз», - деді келесі бір автор.
Ақпараттық толқынның өте жылдам жүріп жатқанын білеміз. Осы кезеңде оқушылар болсын, ересек адам болсын күн сайын аса үлкен мөлшердегі ақпараттарды санасына сіңіреді. Содан келіп, адамның есте саақтау қабілетінің нашарлауы, өзінің тұлғалық келбетін анықтай алмауы сияқты кереғар дүниелер алдымыздан кесе-көлденең шығып жатады. Сондықтан, кітаптың жазылар алдында кең ауқымды ақылдасу нәтижесінде жаңа оқулықты аймақтарға бөліп жазу ұсынысы қабылданып, бекітілген еді.
Осы қабылданған ұсыныс нәтижесінде «Өлкетану» кітабының 7 аймаққа арналған нұсқалары жарық көрді. Оның ішінде Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларына арналған аталған оқулықтың жеке нұсқалары жасалған. Ал қалған аймақтардың тарихы, географиялық ерекшеліктері топтама ретінде басылды. Әрбір оқулықта жергілікті өңірдің тарихы, географиясы, әдебиеті, музыкасы жөнінде мағлұматтар беріліп, оқушылардың жеке ізденістеріне арналған сілтемелер де жасалған.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дер шағында жарияланды. Біздің қазір рухани құлдырап бара жатқанымыз ақиқат. Экономикамыз да, саяси әлеуетіміз де көтерілді. Енді руханиятымыздың деңгейін арттыруымыз керек. Кітаптың тағы бір артықшылығын айта кетейін. Мысалы, сынып-сыныпқа бөлініп қарастырылған оқулықтарда тарихи мағлұматтардың немесе әдебиеттегі жазушылардың өмірі бөлініп-бөлініп беріледі.
Ал бұл кітапта әрбір параграф 15-18 беттен тұрады. Десек те, бұл беттердің әрқайсысында үлкен сүзгіден өтіп, сарапталған деректер жатыр. Оқушы мағлұматты өз қажеттілігіне сай толық алу құқығына ие болды. Ендігі жерде оқушылар әрі қарай өзін ғылыми ізденісте сынап көруге ұмтылуы шарт. Өйткені, оқулықтағы деректер мен қызықты мәліметтер көзі ашық оқушыны осы бағытқа жетелейді», - деп тұжырым жасады авторлардың бірі.
Ұлт болашағының тұтқасын ұстайтын жастарды бала күнінен жауапкершілікке үйрету, өзінің болмысын тануға тәрбиелеу – Елбасының көреген саясатының жемісі. Ұлттың санасын жаңғырту кезеңінде өте жауапты қызмет жасап жатқан мамандардың да еңбегі мақтауға тұрарлық.
Әрбір адамға өз туған жері ыстық. Ал оның қасиетін, географиялық, тарихи, мәдени, музыкалық, әдеби бай мұрасын білу – ұрпаққа парыз. Сегіз автордың білімі, одан бөлек бірнеше ғалымның, өлкетанушылардың тәжірибесі тоғысқан «Өлкетану» оқулығы да осы ерекшелік бойынша жазылды.
«Кітап "Ой серпін", "Ой қазына", "Ой қазық", "Біліп жүр" айдарынан тұрады. "Ой серпін" оқушылрадың қызығушылығын арттыратын айдар болса, "Ой қазықта" сабаққа қатысты жалпы мәлімет, "Ой қазына" айдарында тереңдетілген дерек берілсе, "Біліп жүр" бөлігінде тақырыпқа байланысты тың мәлімет келтірілген", - дейді оқулық авторларының бірі Гүлмира Рыскелдиева.