ЕЛБАСЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫЛЫҚ ҚҰРАМЫМЕН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ
Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев 25 жыл ішінде Қазақстан Қарулы Күштері мемлекет пен жеке құрамның күш-жігерінің арқасында мықты әскери әлеуеті бар ел тәуелсіздігінің сенімді тірегіне айналғанын атап өтті.
– Соңғы жылдары Қарулы Күштерді дамыту ісінде көптеген жұмыс атқарылды. Бірқатар маңызды стратегиялық құжаттар қабылданды, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы, Қарулы Күштерді дамыту тұжырымдамасы және қорғаныс саласына қатысты нормативтік құқықтық актілер бар, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы геосаяси ахуалдың өзгеруі және жаңа сын-қатерлердің пайда болуы жағдайында Қорғаныс министрлігінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі қару-жарақтарды технологиялық тұрғыдан жетілдіру және жаңғырту болып саналатынын айтты.
– Сондықтан, Қорғаныс министрі лауазымына азаматтық тұлғаны, яғни, қауіпсіздік жөніндегі көмекшім – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ермекбаев Нұрлан Байұзақұлын тағайындауға шешім қабылдадым. Сонымен бірге, Н.Ермекбаев кадрлық офицер, әскери қызметте тәжірибесі бар, соның ішінде шиеленіс аймақтарында болған. Ол халықаралық мәселелер жөніндегі көмекші, Қытайда және Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елінде елші, министр және екі рет Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы заманауи талаптарды ескере отырып, әскери кадрлардың дайындығын жетілдіру қажеттігіне назар аударды.
– Генерал-полковник Сәкен Әділханұлы Жасұзақовқа қалтқысыз қызмет еткені үшін ризашылық білдіремін және оған Ұлттық қорғаныс университетін басқаруды тапсырамын. Университет алдында Қарулы Күштердің басқару құрамының біліктілігін арттыру және әскери ғылымды дамыту жөніндегі маңызды міндеттер тұр. Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ көршілес елдердің де курсанттары оқитын негізгі ғылым, білім орталығына айналуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің Қарулы Күштерін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.