ОБЛЫСТЫҚ МУЗЕЙДІҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН «АРХЕОЛОГИЯ» ЗАЛЫ
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Қызылорда облысы бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, нақты кезеңде облыстың 12 музейінде «Рухани жаңғыру» тақырыбы ескеріле отырып, экспозициялар жаңартылды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – облыстағы ірі мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтардың бірі. Нақты кезеңде музей қорында өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін сан ғасырлық тарихынан терең сыр шертетін 55 мыңнан астам экспонат сақталуда. Музейдің археологиялық қорындағы экспонаттар ұлтымыздың баға жетпес байлығы болып табылады.
Еске сала кетсек, 2015-2016 жылдары облыстық музейдің 11 залдан тұратын экспозициясы толыққанды қайта жаңғыртылды. Соның ішінде Сыр өңірінің ертедегі тарихын баяндайтын "Археология" залының экспозициясын ерекше атап өтуге болады. Бүгіннен бастап оқырман назарына жаңартылған «Археология» залын әр дәуірге қатысты бөлім күйінде арнайылып беріп отырамыз. Алдыңғы кезеңкте тас және қола дәуірін ұсынамыз.
Арал маңының тас және қола дәуірлері
Археолог мамандармен кеңесе отырып жасалған Археология залының экспозициясы Сыр өңірінің археологиялық төрт кезеңі: жаңа тас ғасыры (неолит-энеолит), қола дәуірі, ерте темір кезеңі және ортағасырларды қамтиды. Осы орайда Қорқыт ата атындағы "Археология және этнография" ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ә.Тәжекеевке және орталықтың ғылыми қызметкерлеріне көрсеткен ғылыми кеңестеріне айрықша алғысымызды білдіреміз.
Экспозиция жаңа тас дәуірінен басталады. Б.з.д ІV-ІІІ мыңжылдықты қамтитын Қызылорда облысының неолиттік тұрақтары Солтүстік, Солтүстік-шығыс Арал маңында шоғырланған. Атап айтқанда, Сексеуіл, Жалғыз ағым (Шелги Загем), Көнту, Қосмола, Құмсай, Жалпақ тұрақтары. Бұл тұрақтарды алғаш рет ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспеди-циясы зерттеген (жетекшісі С.П.Толстов). Музей қорында ХАЭЭ нәтижесінде табылған 2000-ға жуық археологиялық экспонаттар сақталған. Экспозицияда жаңа тас дәуірінің тұрақтарынан табылған аса шеберлікпен жасалған еңбек құралдарының түрлері: ұрғыштар, қырғыштар, пышақтәрізді пластиналар және керамикалық ыдыстардың бөліктері орналастырылды.
Өңіріміздегі қола дәуірінің белгілі ескерт-кіштерінің бірі Солтүстік Түгіскен қорымы (б.з.д. ІХ-VІІІ ғғ.) болып саналады. Археологиялық кешенді өткен ғасырдың ІІ жартысында ХАЭЭ зерттеген. [Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Қызылорда облысы. Алматы, 2011 ж. 21 б.].
Солтүстік Түгіскен қорымы туралы деректер және керамикалық ыдыстары қойылған. Сонымен бірге, экспозицияға "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында З.Самашевтің жетекшілігімен зерттелген қола дәуірінің Қаратау жоталарында орналасқан Бағаналы қорымы туралы толыққанды мәліметтер мен қорымнан табылған археологиялық бұйымдар (алтын жапсырмалар, білезіктер, моншақтар т.б.) қойылды. [Самашев З., Байтілеу Д., Кариев Е., Мургабаев С. Исследование археологического комплекса Баганалы в Шиелинском районе Кызылординской области. Археологические исследования степной Евразии. Караганда 2013 г. 45-51 б.].
/жалғасы бар/
Асхат САЙЛАУ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғалым-хатшысы