КІСЕНБАЙ МОЛДА
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту қажеттігін көрсеткен болатын.
Қазіргі таңда елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен халқымыздың тарихынан елеулі орын алатын қасиетті орындарды анықтап, оның тізімін жасау қолға алынуда.
Осы ретте Шиелі ауданының Жөлек ауылында орналасқан Кісенбай молда кесенесі туралы сөз қозғамақпыз.
Алдымен, Кісенбай деген қандай кісі болған, соған тоқталайық. Кісенбай Бестібайұлы 1883 жылы қазіргі Шиелі ауданы, Жөлек ауылында өмірге келген. Әуелі ауыл молдасынан дәріс алған ол 16 жасында Түркістандағы «Қарнақ» медресесін бітірген. Елге келіп ауыл балаларының сауатын ашуға қал-қадірінше еңбек етеді.
Бері келе, Кеңес үкіметі орнағанда «халық жауы» атанып, 1936-1937 жылдары қуғынға ұшырайды.
1936 жылдың күзінде ұлтжанды азаматтар оны Қарақалпақстан арқылы алып қашып, Өзбекстанға өткізіп жібереді. Артынан қуып келген қуғыншылар Кісенбайдың пайдаланып жүрген діни кітаптарының көзін жойған.
Ол 1949 жылға дейін Өзбекстанда жүріп, «Самарқанд» медресесінде білім алады. Сол елде жүріп адам емдеген, сабақ берген.
Самарқандағы медресені бітірген Кісенбай Бестібайұлы Ташкент, Орта Азия мұсылмандар орталығынан «Имам» деген құжат алған. Ислам қоғамын басқарған.
Кісенбай қазақ, өзбек, тәжік, орыс тілдерін жетік меңгерген сауатты кісі болған. Ол өлең де жазған. Оның көптеген қолжазбаларын қызылжағалылар өртеп жіберген.
Әңгіме арқауына айналған Кісенбай Бестібайұлы Ахмет, Марал ишандардан білім алады. Ол Жөлек ауылындағы Сырдарияның арғы бөлігіндегі Жуантөбе елді мекенінің жанындағы қазіргі «Үш молда» атанып кеткен жерде 1899-1900 жылдары мешіт салдырып, бала оқытқан. Мешіттің құрылысына Кісенбай, Оразбек, Төлеген деген азаматтар басшылық жасайды. Алла үйі үшін халық кесек құйған. Мешіт қабырғаларының кесегін сол кезде Ресейден келген қашқын Павел Иванович деген орыс жігіті күйдірген екен.
Кісенбай молданың қамқорлығында болған орыс жігіті ислам дінін қабылдап, намазға жығылып, мешіт кесегін күйдіруге көмектескен. Сол еңбегі үшін рұқсат алып, кесектің сыртына өз есімінің бас әріптерін «П.И» деген әріптерді түсірген. Оны бүгінгі күні мешіт қабырғаларын өрген кесектердің сыртынан көруге болады.
Кісенбай молданың емшілік қасиетіне тоқталсақ. Ертеректе бір кісінің жалғыз баласын қарақұрт шағып, қатты науқастанады. Молда ол балаға 1 күн үзбей дем сала отырып, Құран аяттарымен емдеген екен. Сонымен қатар, бет-ауызы қисайып кеткен өзбек азаматын да 3 күн емдеп, еліне қайтарған. Жиделі ауылында өмір сүрген Әбілқасым деген нағашысы да солай ауызы қисайып келіп, бірнеше күнгі емнен кейін құлан-таза айығады. Осы жағдайларды өз көзімен көрген туған немересі Перуза апайдан естігенім, ол кісі 33 жасында сары аурумен қатты ауырыпты. Содан 1 ай 18 күн жансақтау бөлімінде ем қонбай жатқанда, таңға жақын сәлде киіп алған атасы келіп, «Балам, ана кеседегі сүтке дем салып кеттім, соны ішші» дейді. Сүтті ішкеннен кейін ем қона бастаған. Сол сияқты басқа да аурулардан емделгендер бар.
Бүгінде «Үш молда» атанып кеткен Кісенбай ата салған мешіт сақталған. Дегенмен, жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Қазақстанның қасиетті орындарының бірі ретінде немесе «Діни және ғибадат орындары» санатына жатқызу үшін «Үш молда» мешітін рухани жаңғыру тізіміне енгізсе, дұрыс болар еді.
Жақсылық ӘЛИЕВ,
еңбек ардагері, Шиелі аудандық
Қоғамдық кеңес төрағасы.