ТҰҒЫРЫ БИІК ТУҒАН ЖЕР
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлт көшбасшысы ұлтттық жаңғыру туралы айтты. Ұлтты жаңғыртудың бір сатысы – туған жерге деген сүйіспеншілік. Дана халқымызда «Туған жерге туыңды тік!» деген нақыл сөз бар. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни, кез-келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек.
Қазақ халқының тарихында ел бірлігі жолында қызмет еткен арда азаматтар көп болған.Солардың бірі – Елемес би. Өкінішке қарай, би туралы деректер тым тапшы.
Жазба дерек қалмағанымен, тұғырлы тұлғаларымызға деген құрмет жоғары. Олардың артында өткенімізден сыр шертетін тарихи ескерткіштер, мәдени нысандар қалды. Осындай ескерткіштің бірі – Елемес би кесенесі.
Елемес би Жаңадария өзенінің бойында шамамен 1798 жылы туып, осы жерде өмірінің соңына дейін өмір сүреді. Орынбор шекаралық комиссиясының құжаттарында Елемес бидің аты аталып, оңың таңбасын ( мөрі) басқан құжаттар кездеседі. Ол кісі елге шешендік өнерімен танылған. Бұған қоса, батыр да болған.
Бірде Жаңадария бойындағы Қожанияз бек пен Бабажан сарттың жасауылдарымен болған ұрыста бір өзі бұзау тіс қамшымен 6 хиуалықты аттан ұрып жыққан екен.
Елемес би ел ішіндегі тентектерді тезге салып, көрші елдермен бейбіт саясат жүргізген. Жаңадарияның арғы бетіндегі қарақалпақтарды ығыстырып, босаған жерлерге егін ектірген. «Елемес түбегі», «Елемес құдығы», «Елемес қырғыны» деген жерлер Қарақұм мен Қызылқұмда әлі де кездеседі.
Аталған кесене Жалағаш ауданы, Жаңадария ауылының оңтүстік-батысында 14 шақырым қашықтықтағы «Боран құмы» деп аталатын жерде орналасқан. Ол 1873 жылы қам кесектерден қаланған порталды-күмбезді құрылыс.
Көне көз қарттардан бүгінге жеткен әңгіме бойынша, бұл кесенені Елемес бидің балалары Баубек, Кетеғұл, Боран, Төтеғұл, Өтеғұл, Күзербай, Қосбармақтар тұрғызған.
Тарихи орынның іші-сырты сабан сылақпен сыланған және ішкі бетінен суреттер мен ою- өрнектердің ізі айқын аңғарылады. Жалпы пішіні шаршы 8 х 7,4, биіктігі – 6,90 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 70 см. Ішінде 3 үлкен, 2 кішкентай қабір орналасқан. Төрт бұрышына диаметрі 80 см болатын төрт бағана тұрғызылған. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішінде орналасқан кесене есігі оңтүстік- шығыс жаққа қаратып салынған.
Қазіргі уақытта кесененің қас беті, күмбезі мен қабырғалары жауын-шашынның әсерінен шытынап, жарылған. Іргелері жаңбырдың суынан мүжілген. Оның құрылысы күрделі жөндеуді қажет етеді. «Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болады» – деген Ұлт көшбасшысының ұлағатты сөзін ескеріп, ұлттық кодымызды, мәдениетімізді,тарихи ескерткіштерімізді, рухани құндылықтарымызды қайта қалпына келтіріп, бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыртсақ, келшегіміздің бұлыңғыр болмасы анық.
Наргиза БЕКТАЙ,
Жалағаш ауданы