МӘМБЕТ ӘУЛИЕ
Мәмбет әулие есімі жергілікті халық жадында берік сақталған. Бүгінгі таңда Мәмбет әулие ұстаханасының маңына зиярат етушілер келіп түнейтін қонақүй бар. Мәмбет Олжабайұлының нақты туған жылы белгісіз. Мәмбет әулие Жалағаш ауданы қазіргі М.Шәменов ауыл округіне қарасты «Көктонды» асарының маңында шамамен 1862-1863 жылдары дүниеге келген деседі. Шыққан тегі Кіші жүздің Табын тайпасының Тоқберлі аталығы.
Аңыз бойынша, Мәмбетке әулиелік және ұсталық қасиет бала шағында, яғни 7-8 жасында қонған...
Бір күні осы ұстаханасы тұрған жерде мал жайып жүрген бала Мәмбет қасындағы балаларға: «Ананы қараңдар, ұстахана ішінде көрік басылып, төстегі темірді біреулер балғамен ұрып жатыр, дауысын естідіңдер ме?», - деп сұрайды. Балалар аң-таң. Бұл жәйт ертеңіне де, одан кейінгі күні де қайталанады.
Бұл «кереметтен» қорыққан Мәмбет мал бағуға шықпайды. Әкесі Олжабай одан мән - жайды сұрап біліп, ауыл ақсақалдарына айтады. Олар жиналып, Мәмбетті ортаға алып, әлгі жерге келеді. Мәмбет баяғы көрген ғажаптарын қайтадан көреді. Сонда қарттардың бірі: «Мұндайда мал шалып, құрбандық беретін»,- дейді. Сол арада Олжабай астындағы мініп жүрген ақбоз атын құрбандыққа шалып жібергенде, әлгі гүрсілдеген көрік, жалаңдаған от, шақылдаған балға, төстердің бәрі маңындағылардың көзіне көрінген екен. Содан ауыл ақсақалдары: «Мына ұста дүкенінің иесі Мәмбет болады», - деп бала Мәмбетке баталарын беріпті...
Сол кезден бастап, Мәмбет өзінің ұстаханасында көк темірден қазан, кепсер, балға, балта және т.б. күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен әшекейлі зергерлік бұйымдар жасай бастайды.
Әулиенің киесі (пірі) жеті қазан, аққу, жолбарыс, қасқыр, жылан болған деседі. Ұстахана гүрсілдеп соғылып жатқанда аққу төбеде қалықтап, дүкеннің төрінде жолбарыс, екі босағаның оң жағында қасқыр, сол жағында жылан жатады екен.
Мәмбет әулие туралы ел аузында аңызға айналған әңгімелер көп. Мысалы, ол кісі жарылған қазанды қалпына келтіру үшін темір балқып жатқан отқа қолын сүнгітіп алып, қазанды сипағанда жарық бітеліп қалады екен... Таз адамның басын қолымен бір сипағанда жазып жібереді екен т.б.
Жалпы, ұсталық өнерді қазақ халқы қашанда киелі санаған. Ұста дүкеніне таза киініп барған. Ұстахананың айналасын тап-тұйнақтай етіп таза ұстап, лас нәрсе төкпеген.
Қайтыс болар шағында өзінің көңілін сұрай барған Тартулының игі жақсыларына Мәмбет: «Ақырдан Мәмбет болып өтермін. Басыма үйтам салмаңдар, ашық төбенің басына қоярсыңдар »,- деп өсиет айтып кетіпті.
Мәмбет әулие жерленген төртқұлақ Бұқарбай қорымының оңтүстік - батысында 7-8 шақырым жердегі ескі қорымның ішінде орналасқан. Төртқұлақ қам кесектен қаланған. Жалпы пішіні төртбұрышты болып келген. Өлшемі: 3,50х5,30 метр. Биіктігі - 95-1,0 см. Қабырғасының қалыңдығы 75х 80 см. Төртқұлақтың ішкі - сыртқы бетін қалың етіп сабан сылақпен сыланған. Заманында бұрыштарына қабырғадан биік етіп қаланған төрт бағана тұрғызылған болуы керек, бірақ қазіргі уақытта жауын- шашынның әсерінен олар құлап қалған.
Қабірдің бас жағында жалпы формасы ұзынша ( 83 см.) болып келген мрамордан көктас көмілген. Бас жағында сегізбұрышты жұлдыз-таңба қашалған. Көктастың қас бетінде араб тілінде қашалып жазылған эпиграфиялық жазулар аңғарылады.
Жел-құздың әсерінен төртқұлақ қабырғаларының кейбір жерлері шатынап, жарылып, сылағы түсіп қалған. Қазіргі уақытта Мәмбет әулие ұстаханасының маңына зиярат етушілер келіп түнейтін қонақүй салынған.
2001 жылдың маусым айында Жалағаш ауданы жұртшылығы Мәмбет әулиенің рухына ас беріп, ұстаханасының орнына ескерткіш белгі орнатты.
Мәмбет әулие төртқұлағы (қорымы) мемлекеттік есепке әлі алынбаса да аудан тарихы үшін маңызы зор тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі болып есептеледі.