ЖЕТІАСАР МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖҰРНАҒЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғалы рухани сала бойынша аймағымызда бірталай игі істер атқарылды. Жалпы алғанда, осындағы «Туған жер» жобасының ауқымы өте кең. Қазіргі таңда біз бұл жобаның Қазақстандағы патриотизмнің ұлғаюына, туған жерге деген сүйіспеншіліктің артуына, әсіресе жастардың Отанға деген махаббатын арттыруға үлкен үлес қосқанын көріп отырмыз.
Осы тұста ұлттық жаңғыру, рухани жаңғыру дегеннің өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Біріншіден ұлттық сана – сезімнің көкжиегін кеңейту болса, екіншіден ұлттық болмыстың өзегін сақтау. Рухани жаңғыру әркімнің ұлттық даму үлгісіне, бәріне ортақ. Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз, әдебиетіміз, ырым-тиым, өзге де жоралғыларымыз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Ақын – жазушылардың даналығы, ғұламалары, күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Бұған қоса, кейінгі жас ұрпақ - балаларға туған жердің тарихын біліп, оны мақтан еткен дұрыс.
Осы орайда Сырдария ауданындағы асарлар тарихына тоқталмақпыз. Аталған ауданның Шаған ауылынан Шіркейлі ауылына «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізімен беттесеңіз, осы екі аралықта Қос асар ІІ қалашығы көрініп тұр.
Үлкен күрежолдың оңтүстік беткейіндегі қос төбе 2015 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі қаланың орнын анықтаған.
Айта кетейік, облыста Қос асар қалашықтары Сырдария және Қармақшы ауданында орналасқан. Қармақшыда Үлкен және Кіші Қос асар қалашықтары болса, Сырдарияда Қос асар-І және Қос асар-ІІ деп аталатын қалашықтары бар.
Осылардың ішіндегі Шіркейлі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 6 шақырымда орналасқан Қос асар-ІІ қалашығын археологтар б.з. Ү-ІХ ғасырларды қамтиды деп мерзімдеген. Жетіасар мәдениетінің жұрнағы саналатын қалашықты зерттеушілер үш мәрте бұзылып, қайта тұрғызылған деп пайымдайды.
Негізінен, Қос асар-ІІ қазіргі уақытта тұрғын үйлер мен құрылыс орындары ғана сақталған шағын қала орны болып табылады. Қос төбенің шығыс асары цитаделінің диаметрі 50 метр, оның сақталған биіктігі – 8 метр. Ал батыс асар цитадель мен алаңы бар дұрыс дөңгелек формалы. Цитадельдің сақталған биіктігі 10 метрге жетеді. Осы батыс асарға жүргізілген қазба жұмыстары барысында үлкен және кіші екі бекініс орны табылған. Сондай-ақ, бірнеше бөлмеден тұратын үй-жай анықталған.
Қазба жұмыстарының кезінде қолға түскен негізгі археологиялық материал – керамика. Оған қоса, қалашықтан сүйектен (бұғы мүйізі) жасалған бұйымдар, белдік доғасы, шыны бұйымдар, қола қазан тұтқасы, кішкене қола қоңырау, қайрақ тастар және мыс тиындар табылған.
Бір қызығы, бұл жерден кезінде көмір де шығыпты. Ал осы жерден табылған қыш ыдыстар ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Сауран қалашықтарының ІХ-ХІІ ғасырлардағы керамикаларымен сәйкес келетінін көрсетеді. Мұнда Оғыз мемлекеті өмір сүрген кезеңмен сәйкес келетін ошақтың орны да белгілі болған. Оны тазалау барысында қасқыр тісі мен қой сүйегінен жасалған тұмар мен ғұрыптық мақсатта қолданатын бүтін қыш ыдыс табылған.