100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ: БІЛІМ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ БАСТАУЫ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «…Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз» деген міндет-талап қойды.
Мұндағы түпкі мақсат – ұлттық сананы заманауи жетілдіру арқылы, жаңа ұрпақтың тұлғалық іргетасын қалыптастыру. Әлемдегі барлық ұлт өз білімінің шеңберінде ғана тоқтап қалмай, адамзаттың дамуы жолында интеллектуалды әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, жалпыадамзаттық игілікке бағыттауды көздейді.
Осы орайда, 100 жаңа оқулық – өзге мемлекеттің көрнекті өкілдері – ғалымдар мен оқытушылардың, өнертапқыштардың ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл оқулықтар – білімнің нағыз энциклопедиясы. Елбасы тапсырмасы бойынша ұлттық аударма бюросы бүгінге дейін 18 оқулықты қазақ тіліне аударғаны мәлім. Тәржімаланған оқулықтар алдағы оқу жылында бағдарламаға енгізіліп, білімділердің игілігіне жол тартады. Жалпы, бұл оқулықтардың артықшылығы қандай?
"Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік", – деген еді сөз зергері Ғабит Мүсірепов. Расымен де, кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Әр елдің келешегі мен болашағын баян еткен, тарихы мен өткенін жыр еткен де – кітап. Сол үшін де оқулық пен адамның рухани жан дүниесі бір-бірімен байланысады. Терең білім алуымен қатар, сананың қалыптасуына ықпал етеді.
Жаңа 100 жаңа оқулықтың өзіндік ерекшелігі бар. Ол – өзге ұлттың шығармашылығынан. Ұлтын сүйетін, күн туса қайыспай көтеретін төзімділік қасиеттің түп тамыры – рухани сенім. Рухани тәрбиесі озық елдің экономикасы да алға жылжиды. Егер, Қазақстан әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылса, біздің өмір сүру салтымыз да жаңарады. Яки, біз шетелдік оқулықтарды оқу арқылы жаңа өмірге жаңаша қадам басамыз.
Жаңаша оқыту үдерісіндегі басты мәселе – Болон (Италия) үдерісіне енген елдердің студенттерінің алатын білім деңгейі мен мазмұнын теңестіру болып табылады. Қазақстандық студенттер де шетелдердегі ЖОО-ларда өтетін пәндерге сәйкес білім алуы керек. Онсыз талапкерлер ғылымның соңғы жетістіктерін меңгере алмайды. Мұндай олқылықтың орнын толтыруда 100 жаңа оқулықтың көмегі зор.
Сонымен, 100 жаңа оқулық – рухани революцияның жаңа бастауы. Оқулықтар кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық видеотекасы форматында қолжетімді. Ашық лекциялармен виртуалды университет арқылы қарулануға мүмкіндік болады. Бұл бағытта үштілділік қағидаты өзекті бола түседі. Бұл туралы Елбасымыз да үздіксіз ескертіп келеді.
Қазақ тіліне тікелей аударылған еңбектерді ағылшын тіліндегі түпнұсқасымен салыстыра оқу білімгерлердің шет тілін үйренуіне үлкен септігі тиеді. 100 жаңа оқулық мәселесінде кездесетін түйткіл – термин мәселесі. Көп жағдайда грек, латын, ағылшын тілдерінен алынған халықаралық заманауи ұғымдарды сол халықаралық атау – термин түрінде пайдаланудың тиімділігі ел ғалымдары болып ойланатын мәселе сияқты. Кейде орайы келсе де, қолайы келмейтін аудармалар ойға оғаш, тілге қораш болып тұратынын кез-келгеніміз аңғарып келеміз.
Адам санасының қалыптасуы – сапалы білімге байланысты. Жаңа білім беру бағдарламасын енгізу және жалпы білімді жоғары талаптарына сай ілгерілетуге байланысты қолға алынған «100 жаңа оқулық» философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттары бойынша білім береді.
– Кітаптар қалай таңдалды? Еліміздегі оқу орындарына «аудиторияларға қажет деген оқулықтардың тізімін берсеңіздер» деген өтінішпен хабарластық. Ұсынысқа жауап ретінде әр түрлі салада, әр түрлі тілде 800 аталым келді. Осы жобаға жауапты жұмыс тобы өзара келісілген талаптар мен критерийлердің негізінде биылғы жылға 18 атауды таңдап алды. Бұл кітаптар жалпы оқырман қауымға қызықты болады деп ойлаймыз. Мысалы, бүгін авторы келіп отырған «Философияның таңдаулы 25 кітабы» деген француз профессорының еңбегінде жалпы қауымды қызықтыратын нәрселер өте көп. Тек бұл емес, басқа да кітаптар кең аудиторияға бағытталады. Таралымға келетін болсақ, жоспар бойынша әр атаулы кітапты 10 мың данамен басып шығарып, оқу орындарына тегін таратамыз, оларды саталымға шығармаймыз, – деді «Ұлттық аударма бюросы» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.
Нақты кезеңде келесі 30 кітаптың аударма жұмысы жалғасын табуда. Іріктелген оқулықтарды қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 200-ден аса маманы ат салысып жатыр. Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Алдағы уақытта 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ.
Аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік берері сөзсіз. Гуманитарлық бағыт бойынша әлемнің 100 үздік оқулығы қазақ тіліне аударылады. Сол арқылы тілдің дамуына қажетті ғылыми мазмұн мен лексика дамиды.
Осы салалар бойынша оқитын студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай да жасалады. Қысқасы, қазақстандық ғалым-педагогтардың шетелдік авторлармен қоян-қолтық зерттеулер жүргізуі ел имиджін халықаралық деңгейге көтерудің сөзсіз ұтымды жолы болмақ.
А.ӘЛИ