«ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ, ӘКЕМНІҢ КӨЗІ»

Бүгінде ұлттық музыкалық аспаптың құндылығын ұлықтап, босағаға биік ілетін отбасын сирек кездестіреміз. Бабалар өсиетін жалғап, көне домбыраны теберік етіп, төріне ілген Әбдіхалық Аманов салт-дәстүр туралы санаға түйгенімен бөлісті.
– Менің әкем қолынан қара домбырасы түспейтін, ұлттық өнерді дәріптеген жан еді. Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін әуелеткенде ел іштен тынатын, – деп бастады ол әңгімесін.
Кеңестік кезеңнің содыр саясаты ұлттық құндылықты дәріптеуге мұрша бермесе де Нұрлыбек Аманов секілді өнер сүйген жандар қолынан қара домбырасын түсірмеген. Ауылдастарының арасында бір ауық ән салатын жанның әсем үнін ағайындары әлі де ұмыта қойған жоқ.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар жәдігерді қолға алып, шертіп көрдік. Дауысы әлі де таза шығып тұр. Өткен ғасырдан жеткен дүние ерекше талғаммен жасалған. Сексеуілден қашалған сүйегі Сүйінбайдың домбырасы секілді сүйірлеу келген, мойны ұзын, бет қақпағы қазақы ою-өрнекпен нақышталған. Үн шығаратын ойығы өте кішкентай әрі қолға қонымды. Сүйегі ауыр, пернелері айнамен әрленген. Жезбен жылтыраған алқымы көз тартады. Домбыраның артқы жақтауында «1964 жыл. СССР. Нұрлыбек» деген жазу, бес жұлдыз, ромбик, және арқар мүйізді ою-өрнекпен қашап салыныпты.
Бір әулеттің берекесін ұйытып, бауырмалдылыққа, ағайындылыққа, адамгершілікке баулып, шаңырақ шаттығын келтіріп тұрған дүние ұрпағы үшін баға жетпес байлық. Әкесінің көзіндей қадірлі жәдігердің орнын ештеңе толтыра алмайтынын түсіндірген Әбдіхалық аға 54 жыл бойы өзімен бірге жасаған домбыраны көзден тасада ұстайтынын айтты. Себебі, домбыра әкесінен қалған жалғыз жәдігер, ұрпағына артқан аманаты.