ЕЛЕМЕС БИ КЕСЕНЕСІ
«Тарихын білмеген елдің болашағы бұлыңғыр болады» деген еді Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының ұлағатты сөзін ескеріп, ұлттық кодымызды, мәдениетімізді, тарихи ескерткіштерімізді, рухани құндылықтарымызды қайта қалпына келтіріп, бүгінгі ұрпақ жадында жаңғыртсақ, келешегіміз кемел болары анық.
Рухты жаңғыртудың бір сатысы – туған жерге деген сүйіспеншілік. Өлкенің мәдениеті мен салт-дәстүріне бей-жай қарамау. Қазақтың әр өлкесінде өткеннен сыр шертетін тарихи ескерткіштер, мәдени нысандар жаңғыртуды талап етеді. Осындай күрделі жөндеуді қажет ететін кесененің бірі – Елемес би кесенесі.
Елемес би Жаңадария өзенінің бойында шамамен 1798 жылы туып, осы жерде өмірінің соңына дейін өмір сүреді. Орынбор шекаралық комиссиясының құжаттарында Елемес бидің аты аталып, оның таңбасы (мөрі) басылған құжаттар бар. Ол кісі шешендік өнерімен қатар, батыр да болған. Бірде Жаңадария бойындағы Қожанияз бек пен Бабажан сарттың жасауылдарымен болған ұрыста бір өзі бұзау тіс қамшымен 6 хиуалықты аттан ұрып жыққан екен.
Елемес би ел ішіндегі тентектерді тезге салып, көрші елдермен бейбіт саясат жүргізген. Жаңадарияның арғы бетіндегі қарақалпақтарды ығыстырып, босаған жерлерге егін ектірген. «Елемес түбегі», «Елемес құдығы», «Елемес қырғыны» деген жерлер Қарақұм мен Қызылқұмда әлі де кездеседі.
Бұл кесене Жаңадария ауылының оңтүстік-батысында 14 шақырым қашықтықтағы «Боран құмы» деп аталатын жерде орналасқан. Ол 1873 жылы қам кесектерден қаланған порталды-күмбезді құрылыс. Аңыз бойынша, кесенені Елемес бидің балалары Баубек, Кетеғұл, Боран, Төтеғұл, Өтеғұл, Күзербай, Қосбармақтар тұрғызған. Тарихи орынның іші-сырты сабан сылақпен сыланған және ішкі бетінен суреттер мен ою-өрнектердің ізі айқын аңғарылады.
Жалпы пішіні – 8 х 7,4 шаршы метр, биіктігі – 6,90 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 70 см. Ішінде 3 үлкен, 2 кішкентай қабір орналасқан. Төрт бұрышына диаметрі 80 см болатын төрт бағана тұрғызылған. Жебе тәрізді етіп қаланған қуыстың ішіндегі кесене есігі оңтүстік-шығыс жаққа қаратып салынған.
Қазіргі уақытта кесененің қас беті, күмбезі мен қабырғалары жауын-шашынның әсерінен шытынап, жарылған. Іргелері жаңбырдың суынан мүжілген. Оның құрылысы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Н.НАРТАЙ