ТАЛАЙДЫ ТАҢЫРҚАТҚАН ТҰРЫМБЕТ ЖЫРАУ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, еліміздің игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Осы орайда жыраулық поэзияда өзіндік орны бар халық ақындары мен жыршы-жыраулардың шығармашылық жолын жас ұрпаққа насихаттаған жөн.
Тұрымбет Салқынбайұлы 1868 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Жамансыр болысы, №3 ауылда кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сол ауылда, Бозарқаш колхозында (қазіргі Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында) 1946 жылы қайтыс болған. Шөмекейдің Қаратамыр руынан. Сыр бойы, Арқа, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан жерін көп аралап, жыр айтқан.
Ұлы Отан соғысы жылдарында халық ақындарының аудандық, облыстық айтыстарына қатысқан.
Тұрымбет жырау арабша сауатты кісі екен. Шығыс әдебиетінен нәр алып, сусындап өскен ол жастайынан терме, тақпақ, айтыс, толғау, тойбастар, мақтау, сынау сөздер айтуға өте шебер болған. Бұған оның өзінен жасы үлкен Балқы Базар, Дүр Оңғар, Даңмұрын секілді халыққа әйгілі, ерен жүйріктерге еріп, өлең-жыр, қисса, дастандарды айтуы, ірі айтыстарға қатысуы нақты дәлел.
Ол кісі он үш жасында Ырғыз өңірінде атақты Алмат бидің ұрпағы, Самырат пен Төремұраттың алдында жыр жырлап, олардан бата алған. Сыр өңірі ақын-жыраулары арасында «Бала жырау» атағы тек қана Тұрымбетке тән болған. Оның өнерін Сыр өңірінің әйгілі биі, әділ сөздің хас шебері Пышанның Төребайы жоғары бағалап, үлкен сөз сайыстарына қосып отырған. Бұған Төребай бидің араздасқан екі елді бітістіріп, татуластыру мақсатында үш жырауды Дүр Оңғар мен Жиенбайды, Тұрымбетті шақырып алып, сөз салмағын сарапқа салуы толық дәлел.
Әрі жырау, әрі ақын Тұрымбет Салқынбайұлының есімі тек Сыр бойына ғана емес, талай жерлерге мәшһүр болған. Ол туралы «Ақын-жыраулар» («Ғылым» баспасы, 1979 жыл) атты кітапта «...Салқынбаев Тұрымбет Сыр бойы, Арқа, Қарақалпақстан, Түркменстан, Өзбекстан жерін көп аралап, жыр айтқан. «Зинарат қыз», «Әміре Ұрлықа», «Әуезхан», «Ақтам» сияқты көп жыршы-жыраулар біле білмейтін, ұзақ әрі қызық сюжетті қисса-дастандарды ел арасында бірден-бір таратушы жырау. Оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» дейтін термесі осыны аңғартады. Ол жыраулық өнеріне қоса ірі айтыс ақыны. Революциядан бұрын Жиенбай жырау, Кете Жүсіппен, Шөмекей Сәрсенбай жыраудың анасы Шонық ақынмен айтысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында халық ақындарының аудандық, облыстық айтыстарына қатысқан. Ақынның Октябрьге, Ленинге, Ұлы Отан соғысының қаһармандарына, еңбек адамдарына арналған өлең-толғаулары бар. Шығармалары «Пернедегі термелер» (1965 ж.), «Айтыс» (2 том, 1965 ж.) кітаптарында, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған» – деп өмірбаяндық түсініктеме берілген.
Өзініңі зейінді, зерек қабілетімен тәмам жұртқа танылған талантты жан өз тұстастарының арасында шоқтығы биік өнер иесі, шырқау дауысты жырау, әрі суырып салма ақын болғандығын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Белгілі Сыр сүлейі, халық ақындарының бірі Қуаныш Баймағамбетов өзінің «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» деген өлеңінде:
Кетеде Шораяқтың Омары өтті,
Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.
Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,
Тұрымбет бес Бозғұлдан бұлар да өтті, – деп оны жыр дүлдүлдерінің қатарында атайды. Тұрымбет жырау оқымаған, тек үйреншікті шала сауатты кісі екен. Ол терме, тақпақ, айтыс, толғау, тойбастар, мақтау, сынау сөздер айтуға шебер болған. Тұрымбеттен жалғыз бала Бекмахан, ал одан қазір он үш ұл-қыз, жетпіске жуық немере-шөбере тарап отыр.
Балқашбай жырау «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүзде, Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін» деп жоғары баға берген.
Ж.АҚҚҰЛОВ,
ҚР Мәдениет қайраткері
ТАЛАЙДЫ ТАҢЫРҚАТҚАН ЖЫРАУ ЕДІМ...
Атандым жас күнімнен бала жырау,
Жиында талай топта, талай сынау.
Талайды таңырқатқан жырауыңның,
Қарт болып отырғаны енді мынау.
Барасың желдей заулап өтіп дәуір,
Жүруші ек жарды кешіп, қатты бауыр.
Келмейді өткен күндер өкінгенмен,
Қарттарға шүкірліктен бар ма тәуір?
Ойлаймын тәуба-таупық қылайын деп,
Жәрдем бер бір басыма Құдайым деп.
Түскенде өткен істер енді есіме,
Түтейді қаңырығым жылайын деп.
Кәрілік асыл емес ететін пәш,
Еңбекті ойлай берсең етеді еш.
Төсекте енді қорқып жата алмаймыз,
Кей кезде еске түссе жиырма бес.
Біз жүрдік жігіттікте желіп, жортып,
Тоқтадық ақ бөкендей ортып-ортып.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл:
«Бұзады елді-сөлтік, қойды-қортық».
Алпыста әлдеқандай деп жүргенде,
Сексенге келіп тұрмыз қойма-қолтық.
ӨСИЕТ
Арман жоқ жемісті де көрді көзім,
Гүл енді қайта көктеп бау мен бағым.
Келгенше тілім енді сайрай берем,
Жақын деп қорықпаймын өлер шағым.
Өлсем де қабірімде тілеп жатам,
Елімнің бақыты мен болашағын.
Көрмесін ұрпақтарым қайғы-қасірет.
Құрметтейміз ерлердің әруағын.
Қош боп тұр көргенің де, көрмегенің,
Теңедік көп елдерге ат құлағын.
О, халқым, қайғырмаймын қапыда өтсем,
Торқа бол десең болды топырағың...
***
Ерлерім, еңбек істе елің үшін,
Жоқпын деме, барлыққа болмаңдар мас.
Бұйырған несібеге қанағат ғып,
Бастырма қиянатқа бақайды алжас.
Бөленсең абыройына халықтың сен,
Ескерілмей ұрпаққа атың қалмас.
Жазушы Салқынбайдың Тұрымбеті,
Қажымай халық ісіне бол деп алмас.
Тұрымбет Салқынбайұлы