АҚТАС МЕШІТІ
Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Ел Президенті ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні – осында.
Ақтас мешіті қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бесарық стансасының батысында 7-8 км қашықтықта орналасқан. Мешіт Сырдария өзенінің жағалауында шамамен 1884 жылы салынған.
Мешіттің тұрған маңында қазақтардың тұрақты мекен жайлары болғанға ұқсайды. Пішіні төрт бұрышты етіп салынған күмбезді мешіттің биіктігі – 10-12 метр. Қасбеті – шығыс жақта. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған.
Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады. Қабырғалары сәндік өрнектермен әшекейленген. Кіре беріс жағында 3 биік сәндік аркасы бар. Ортаңғы аркадан мешітке кіретін есік жасалған. Солтүстік және оңтүстік жақтағы қабырғасына әшекейлі терезелер орнатылған. Солтүстіктегі терезенің астыңғы жағында жәнебір есік бар. Мешіттің михрабы батыс жақтағы қабырғаның орта тұсында орналасқан.
Солтүстік іргесіне жүргізілген қазба жұмысы барысында төрт бұрышты шағын бөлмелердің іргесі ашылды. Археологтардың пікірінше, мешіт жанында медресе болған секілді.