БІЛІМ - АСЫЛ ҚАЗЫНА
Болашақ бүгіннен басталады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр кезде жарқын болашақтың қамы үшін түрлі жоспарлар жасап, арнайы бағыттарды айқындап беруден танбай келеді. Елдің руханиятын, білім деңгейін көтеру мақсатында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Қоғамымызда кенжелеп қалған салалардың деңгейін көтеріп, халықтың сана-сезімін, ұлттық болмысын нығайтып, сол арқылы бәсекеге қабілеттілік дәрежесін арттыру – осы бағдарламалық мақаланың басты мақсаты.
«Білекке сенер заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік» деген қазақ тарихындағы тұғыры биік патшалардың бірегейі Абылай хан еді. Осы бір ұстанымды Тәуелсіздік тарихымен бірге талайды бастан кешіп, елдің болашағы үшін тынбай еңбек етіп келе жатқан Елбасы да ұстананып отыр.
Мемлекет басшысының егемендік алған ширек ғасырдан бері жасаған еңбегі орасан зор. Алдымен елдің экономикалық қарымын күшейтіп, алыс-жақын шет елдермен, көрші мемлекеттермен ынтымақтастық, шекара мәселелері жөнінде қыруар шаруалар атқарды. Алдымен осы саланы аяққа тұрғызғаннан кейін ұлттың тарихын, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалар жасады.
Әсіресе 90-жылдардың аяғында тұтас мемлекет болып атсалысқан тарихи ақтаңдақтарды ақтау науқанының, кешегі «Мәдени мұра» бағдарламасының үлес салмағы басым. Аталған бағдарламалар шеңберінде нақты жоспарлар жасалып, көздеген уақытта жүзеге асты.
Міне, былтырдан бастап көптің көңілінде күпті болып жүрген тарихи маңызы зор көне шаһарларды қалыпқа келтіру, насихатын арттыру, еліміздің киелі жерлерін дәріптеп, туризм саласының даму қарқынын арттыру сияқты мәселелер, жергілікті меценаттардың туған жерлеріне көмек беруі турасында бірізділік жасау сияқты маңызды бағыттар жүзеге асырылуда. Бұл игіліктердің барлығы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында іске асып жатыр.
Тақырыпқа оралайық. Білім саласы – еліміздегі жаңартулар мен дамушы мемлекеттер ұстанатын озық жүйелерді енгізуге мұқтаж салалардың бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шеңберінде бұл сала да ұмыт қалған жоқ.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында шетелдік жоғары оқу орындарында, кәсіпорындарда, ірі корпорацияларда уақыт елегінен өтіп, тәжірибеде сыналған озық 100 оқулықты қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімалау міндеттелді.
Аталған міндеттемені жүзеге асыру мақсатында арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылып, білікті мамандар осы арада шоғырланды. Қызу жұмыстың нәтижесінде бір жыл уақытта алғашқы 18 оқулық жарық көрді. Әрбірі 10 мың дана тиражбен жарық көрген кітаптар еліміздегі ЖОО-лардың кітапханаларына жіберілді. Алдағы оқу жылынан бастап оқулықтар студенттерге қолжетімді болады.
Нақты кезеңде 30 оқулық бойынша аударма жұмыстары жүріп жатыр.