«АНТИКА ФИЛОСОФИЯСЫ» КІТАБЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі “100 жаңа оқулық” бағыты аясында әлемнің үздік деп саналатын 102 кітабын қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімалауға жол берілді. Осыдан кейін арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылып, еліміздегі білікті мамандардың басы біріктірілді. Бір жылдай уақыт ішінде білікті мамандар таңдалған еңбектерді түпнұсқадағы тілден қазақшаға тікелей аударды. Осылайша міндеттелген 100 кітаптың 18-і қолданысқа дайын болып, еліміздегі жоғары оқу орындарына таратылды. Ал қазір 30 оқулық бойынша аударма үдерісі жүріп жатыр.
Біз бүгінгі мақаламызда ағылшын ғалымы, философ Энтони Кеннидің қаламынан туған «Антика философиясы» кітабы туралы тарқата айтпақпыз. Тарихи-философиялық еңбекке ежелгі грек философтарынан бастап, бертіндегі күллі философтардың сөздері еніп, автор оларды шама-шарқынша тарқатып, түсіндіріп береді.
Бүгінде философияға қызығушылық танытатындар бар ма? Әрине, қоғам қашанда даму үстінде болады. Бірақ дамыған қоғам, даму үдерісі данышпандыққа ұмтылыс жасауға кедергі болады деп айтуға мүлде болмайды. Адамның ой-санасы, ақыл-есі дамыған сайын данышпандыққа ұмтылып, өзінің білімін, ойлау деңгейін, қарым-қатынас дәрежесін арттыруды мақсат ете береді.
Бүгінде философияға қызығушылық танытатындар немесе арнайы ғылыми көзқараста зерттеу жасап жүргендер данышпандыққа жетелейтін ғылымды екі бағытта қарастырады. Алғашқы бағыты философияның көне тарихын, жалпы тарихының барлық кезеңін зерттеуге, сол кезде жарыққа шықпай қалған құнды жәдігерлер болса, соларды тереңінен зерттеуге, дәуірінде ойшыл атанған тұлғалардың жазбалары арқылы сол қоғамның тыныс-тіршілігін байқауға басымдық береді. Ал екінші бағытын ұстанатындар аталған ғылымның бүгіні туралы, даму қарқыны мен жаңалықтары туралы, жетістіктері мен кемшіліктері туралы ақпараттарға басымдық береді.
Міне, бүгінгі философияның даму және зерттелу бағыттары осындай. Философия елімізде көшбасшы ғылымдардың қатарында. Бірқатар жоғары дәрежелі жоғары оқу орындарында арнайы факультеттер жұмыс жасайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты арнайы бағыттың аясында да философия ғылымы бойынша бірнеше оқулықты аудару жоспарланған. Бүгінде жетекші оқу құралы ретінде Энтони Кеннидің «Антика философиясы» еңбегі тәржімаланып, жоғары оқу орындарына таратылған. Алдағы оқу жылынан бастап, аталған ғылымды игеруге ниет еткен студенттердің барлығы үшін әлемдік дәрежедегі білім беру үдерісінде өзінің оң бағасын әлдеқашан алып қойған кітап қолжетімді болмақ.
Ғылыммен айналысатындардың көпшілігінде пікір қайшылығы туындап жатады. Ол – философтар үшін әдеттегі үйреншікті құбылыс. Философияны данышпандыққа ұмтылу деп түсіндіреді ғалымдар. Ендеше осы данышпандыққа ұмтылу бағытының бастауы грек ғалымы Аристотель деп саналады. Сол уақыттағы, сол қоғамның пікір қайшылығын, адамзаттың сана-сезімінде орын алып жатқан өзгерістер мен дамуға итермелейтін құбылыстардың барлығын осы ғалымның еңбектерінен көруге әбден болады. Ол өзінің әрбір еңбегінен өз қоғамның, өз ортасының, өз тұстастарының дамуға, жаңа дәуірге бет алуға, шешуі қиындаған мәселелерді шешуге ұмтылатындығын тәптіштеп жазып, түсініктеме, анықтама беріп отырады. Ол өзінің аса үлкен білімі арқылы заманынан озық тұрған азамат. Бұл сөзімізге оның бірнеше ғасыр бұрын жазған сөздері, данышпандық тәмсілдері дәлел.
Энтони Кенни өз шығармасында іргелі философтардың ойлы пікірлерін, озық тәмсілдерін іріктеп алып, оларға үшінші көзқарас биігінен анықтама береді. Бірінші тарауын «Пифагордан Платонға дейін» деген тақырыппен бастаған ағылшын философы осы аралықтағы ірі философтардың еңбегіне ғылыми көзқараспен тұжырымдама береді.
Бұл аралықта Сократ пен Ксенофонт туралы жазылған тарауларды ерекше атауға болады.
«Философия тарихында Сократты ешкіммен салыстыруға болмайды. Бір жағынан, ол философияның алғашқы ұлы дәуірінің, тиісінше, философияның нағыз жаңалығы ретінде құрметтеледі. Оқулықтарда Сократқа дейін философия болмағандай ойшылдар барлығы «Сократқа дейінгілер, пресократтықтар» деп аталады» , - тұжырым жасайды Энтони Кенни.
Содан кейін осы әңгімесін тарқата келе Сократқа дейін де данышпандыққа ұмтылу үдерісі жүргенін, яғни, философия болғанын дәлелдеуге көшеді. Бұл дәлелдемелерде оның негізгі аргументі ретінде Сократтың ешбір жазбаша деректер қалдырмағанын, оның еншісіне байлап беріп жүрген ұлы тәмсілдердің барлығы оның санасынан туындамауы мүмкін екенін сөз етеді. Яғни, біз Сократтікі деп жүрген небір тамаша тұжырымдамалар Ксенофонт, Эмпедокл, Парменид, Демокрит секілді ойшылдарға да тиесілі болуы ғажап емес.
Дегенмен, автор Сократты жерден алып, жерден салуға дейін бармайды. Осындай күдікті бастап келеді де, шешім шығаруды, ізденісті оқырманның өзіне қалдырып, Сократ жасаған ерліктерге ойысады. Сократ өзінің дәуіріндегі қатаң цензураға қарсы келіп, өзінің ойларын ашықтан ашық жариялап отырған. Уағында Сократ еңбектері өте аз оқылды. Бірақ логиктер мен метафизиктер заманына сай ашылулар жасаған сайын ойшылдың аты ел ішінде аталып, көзге іліне берді.
Ксенофонттың зерттеулеріне қарағанда, Сократ өте ғибадатына мұқият һәм тақуа адам болғанын байқауға болады. Ксенофонт Сократты Иса пайғамбар секілді бейнелеп, халық алдындағы беделін арттыра түсті.
«Ксенофонттың айтуынша, Сократ салт-жоралғыларды мұқият сақтайтын және бақсыларға тақуа адам болған. Ғибадаттарында ол өзі үшін не жақсы екенін шешуді құдайдың құзырына қалдырды, себебі, құдайлар барлық жерлерде болады, барлы сөздерді, барлық әрекеттерді, айтылмаған барлық ниеттерді біледі», - деген ағылшын философы Энтони Кеннидің сөзі біраз нәрсенің бетін ашып берді.
Энтони Кенни өз шығармасында ежелгі дәуір философтарының шығармашылығын терең зерттей отырып, ұлы ойшылдардың бір-біріне деген көзқарастарын анықтайды. Соның ішінде «Сократ Платон көзімен» деген тақырып тамаша ашылған. Платонның Сократ жайлы жасаған, оның шығармашылығын талдаған тұжырымдамалары өте терең. Оны зерделеу үшін мықты философиялық білім базасы және діни-ағартушылық бағыттағы көңіл көкжиегіңнің кең болуы міндеттеледі. Платон бар дәрежесін, бар білімін, бар сөз мәйегін, сөз қорын осы бағытқа арнаған ба деп қаласыз оқи отырып.
Ал ағылшын философы, ғалым Энтони Кенни осы бағыттарға терең кірісіп, талдамалар жасау үшін бірнеше жыл уақытын, білімін сарп еткен. Нәтижесінде біздің мамандар қазақ тіліне аударып отырған «Антика философисы» кітабын жазып шықты. Кітап ішінде, жоғарыда айтып өткендей, ежелгі дәуір ойшылдарының өмірі туралы, олардың білімін дамытуға кедергі болған факторлар туралы, сондай-ақ, олардың әлем жаратылысына, адамдардың сана-сезімінің даму үдерісіне, адамдардың бір-біріне деген көзқарасына байланысты тамаша тәмсілдер келтірген жазбалар бар.
Жоғарыда аталып өткен «Сократ Платон көзімен» деген тақырыптағы жазбада ұлы философтардың диалогтік қарым-қатынаста жасаған кітаптары, еңбектері, ғақлиялары кездеседі. Ол диаоргтерде ойшылдар бір-бірінің осал жерлерін толықтырып, тұстас, замандас болғандары сын-пікірлерін айтып отырған. Платон өз кезегінде Сократ жасаған тұжырымдамалардың барлығында ғылыми негіз бар екенін дәлелдейді. Оның әрбір тәмсіліне, тұжырымдамаларына екінші жақтағы көзқараспен анықтама бере келіп, оларды түсіндіру мақсатында жеңілдете жеткізеді.
Сократ өз дәуірінде өзінің өмірлік көзқарастары үшін көп қудалау көрген ойшылдардың бірі. Бұл бағыт туралы және оның өмірлік көзқарастары не себепті замана билігімен кереғар келгені туралы «Апология» диалогінде айтылады. Кейіннен Платон өзінің көзқарас биігінен осы диалогті зерттей отырып, Сократты өзінің көзқарасы үшін сотталып, заманының үлкен цензурасына тап болған шешендердің, ойшылдардың, ғалымдардың қатарына жатқызады.
Құдайға деген сенім асқақтап тұрған ежелгі дәуірде Сократ атеистік көзқарасты ұстанып, діни тұрғыдан бейтарап қалыпқа ауысады. Сол кезде биліктің бишіктері оны әбден қорлап, соттап жіберген. Міне, Платон Сократ туралы жазған еңбектерінде оның көзқарасы үшін айыпталғанын жеткізгенде, дәл осы атеистік, яғни, діни бейтараптығы үшін айыпталғанын жеткізуге тырысқан.
Платон Сократ еңбектерін, философиялық тұжырымдамаларын зерттеу барысында «Апология» диалогіне бас назар аударып, оны терең зерттеуге басымдық берген. Платонның осы бағыттағы еңбектерін зерттеуге аса үлкен құлшыныспен кіріскен ағылшын философ, ғалым Энтони Кенни Сократтың адамдарды жақсылыққа жеткізуге даналық иесі емес екенін түсіндіргенін асқан шеберлікпен берген.
Дәл осы жерде Сократтың неге атеистік көзқарасты ұстанғанының себебі түсіндіріледі. Сократ әлдебір шешім қабылдау кезінде құдайдың құдіретіне емес, өзінің ішкі дауысына құлақ асуға машықтанғанын тәмсіл етіп жазып, тұжырым шығарады. Көпшілікке мәлім болған ұлы ойшылдың осынау әрекеті өз заманында трендке айналып бара жатқан деседі. Содан кейін барып, әлгінде айтқан атқарушы, билік органдары оны соттауға мәжбүр болыпты-мыс. Сотталғаны туралы ақпараттардың растығы, жалғандығы бізге беймәлім.
Бір айқыны – Сократтың «Апология» диалогінде өз көзқарасын ешкімнен тайсалмай, табанды түрде, ашықтан ашық бергені. Бұл батылдық ол дәуірде жүрек жұтқан батырлардың да қолынан келе бермейтін іс болыпты. Даналық қуған, ой жетегіне ерген ердің бұл әрекеті заман көшін жаңа бағытқа бұруға мұрындық болды десек, қателесе қоймаспыз, бәлкім.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты бағыты аясында, Ұлттық аударма бюросының мамандарының еңбегімен аударылған ағылшын философы Энтони Кеннидің «Антика философиясы» атты оқулығы ана тілімізге алғашқы болып тәржімаланған 18 кітаптың қатарында. Бұл – оқулықтың елдегі білім саласына, философия ғылымына үлес қосатынының белгісі.
Батыс философиясының тарихын тамаша талдап берген Оксфорд университетінің вице-канцлері, Британ академиясының президенті болған Сэр Энтони Джон Патрик Кеннидің кітабын қазақ тіліне Н.Т.Базарбай, гуманитар ғылымдарының магистрі А.С.Аяпбекова, философия ғылымдарының кандидаты А.А.Рыскиева сынды белді азаматтар мен азаматшалар аударды.
Оқулықтың жауапты редакторы атанған азаматтар – философия ғылымдарының кандидаты Ә. Құранбек және Сәкен Сыбанбай. Сондай-ақ, С.А.Арпабекова, М.Дүйісмағамбетов, А.М.Ихсан есімді мамандар әдеби редакторлар алқасында болған.
Алғаш рет 2007 жылы Oxford University Press баспасынан 364 бет болып басылып шыққан оқулық 2014 жылы жаңартылып тағы басылған. Біз тақырып етіп алып отырған Энтони Кеннидің кітабы – «Батыс философиясының жаңа тарихы» атты үлкен туындының алғашқы томы. Яғни, философия тарихының ежелгі дәуірдегі кезеңін қамтитын оқулық. Толық төрт томдық антология философия тарихын ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықта қарастырады. Бұл – ағылшын философының, ғалым Энтони Кеннидің шығармашылық, жазушылық, философтық шеберлігі.
Біздің тақырыпқа арқау болған тарихи баян жалпы алғанда Платон мен Аристотельдің, Сократтың ойшыл, данагөй шығармашылығын, терең тұжырымдамаларын түсіндіріп беруге, талдауға бағытталған.
Кітаптың алғашқы беттерінде ұлы даналардың бір-біріне деген көзқарастары туралы сөз қозғалса, тақырып өрби келе Жерорта теңізі аумағындағы философия ғылымының пайда болып, өркендеу кезеңіне анықтама беріп өтеді. Сол аралықтарда өмір сүрген ұлы философтардың еңбектерін талдап, еңбектері арқылы сол қоғамның қандай екенін байқауға ұмтылған. Және сол замандардағы ғылым мен қоғамның қатынасында, жалпы адамзат баласының көзқарасында болған өзгерістерді анықтағысы келеді. Расында, ағылшын философы бұл мақсаттарын біршама дәрежеде орындады.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты көлемінде осындай әлемдік деңгейдегі ғылымның тарихын талқылаған тағылымды әрі пайдасы зор туындылар түпнұсқадан қазақ тіліне тәржімалануда.