БАБАЛАРДЫҢ ЖҮРЕК ҮНІН ЖЕТКІЗГЕН
Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтап, бүгінге жеткізген ардақты жанның бірі – А.Затаевич екенін білеміз бе? Ұлты поляк Александр Викторович өткен ғасырда қазақтың әндері мен күйлерін жинап нотаға түсіріп, олардың сақталып қалуына үлкен еңбек сіңірген азамат. Қазақ даласына оның табаны 1920 жылдың басында тиеді. Осы жылдың көктемінде Варшавадан Орынборға белгілі сазгер әрі музыка сыншысы А.Затаевич келеді.
Көшеде ілулі тұрған хабарландырудан қазақ музыкасының кеші болатынын біледі. Қазақ әндерінің әуенділігіне таң қалған сазгер үйіне келе салысымен ол отбасы мүшелеріне: «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын» деп өз шешімін білдіреді. Бұл болашақта аңызға айналатын ұлы істің бастамасы екенін ол кезде ешкім де білген жоқ. Бала жасынан кіршіксіз еститін құлағы жасы елуден асқанша көрмеген елдің музыкасын жаза баспай нотаға түсіруге мүмкіндік береді. Бірақ, өмірін музыкаға бағыштаған А.Затаевич әнді қалада отырып тек кездейсоқ келгендерден жазып отыруды жөн көрмеді, қалың елдің ортасына шығады. Қазақтың кең даласын – Ақ Жайықтың бойын, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей мен Қарқаралы даласын шарлап, жаяу-жалпылап аралайды. Замандар бойы жабылып жатқан қазақтың ән қазынасын - халқымыздың ән-күйлерін музыка белгілерімен (нотамен) хатқа түсіреді.
1922 жылы «Степная правда – Дала шындығы» газетінің 9 мамыр күнгі санында «Революция дауылы арқасында Қазақстанға кездейсоқ келген Затаевич елдің түкпір-түкпірінде болып, қазақтың түрлі мазмұнды 655 әнін мәңгілікке жоғалып кетуден сақтап қалды» деп жазды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазақстанды зерттеу басқармасы тарапынан жазылған сазгердің өмірбаянында: «А.В.Затаевич 1922 жылдың соңына таман барлығы 1093 әнді жинады» деген мәліметтер келтірілген.
Нақты кезеңде музыка зерттеушілері қазақтың 5 мыңдай күй және сонша ән мұрасын тіркеуге алып отыр. Ел арасындағы талантты тұлғалардың жүрегін жарып шыққан бұл шығармалар арқылы халықтың басынан өткен небір сырлы тарихын көз алдыңызға елестетесіз. Онда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-дағдысы, мінез-құлқы, дүниетанымы, сезім-түйсігі, арман-аңсары музыка тілімен көрініс табады. Атақты әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы» атты трактатында музыка теориясы, оның пайда болу және қалыптасу тарихы, оны орындаудың әдіс-тәсілдері жөнінде ғылыми-танымдық талдаулар бар. Қазақтың төл музыкалық мәдениеті аса бай фольклорлық мұралардан бастау алады. Қазақ музыкасы үшін әсіресе ХІХ ғасыр алтын ғасыр болды. Осы кезеңде орыс ғалымдарының қазақ музыка өнері жөнінде бай деректерге толы мағлұматтары өте көп.
Қазақ музыкасы туралы халықтың өз арасынан шыққан көкірек көзі ашық зиялы қауымның зерттеулері де тарихта мол кездеседі. «Айқап» журналының 1913 жылғы №1 санында жарияланған «Музыка» деген мақаласында Мұхаммедсәлім Көшімов былай деп жазды: «Ата-бабамыздан келе жатқан бұл домбыра өнерінен де айырылсақ, арамыздан жақсылап шертіп, ән салушылар да жоғалса, құлаққа ұрған танадай болып қалмаймыз ба? Кейінгі жастарымыз бара-бара ұмытып, мақұрым қалмай ма? Сол үшін қазақ күйлерін нотаға түсіріп алу керек».
Кеңес заманында қазақ музыкасының жинақталуына, нотаға түсірілуіне айрықша еңбек сіңірген кісі жоғарыда айтқанымыздай, Александр Затаевич болды. А.Затаевичке қазақ ән-күйін, жаздыртып, қазақ өнері туралы Әліби Жанкелдин, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Сералин, Жүсіпбек Аймауытов, Ільяс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сынды ақын-жазушылар, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов. Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Әлкей Марғұлан, Ғани Мұратбаев сынды қоғам қайраткерлері көмектесіп, соның нәтижесінде қазақтың толымды музыкалық мәдениетін дүние жүзіне танытты.
Халықтың ән-күйін негізге алып, дүниеге келген «Жалбыр» «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сынды музыкалық драмалар дүние жүзін аралап кетті.
Күй – қазақ музыка шығармаларының ішіндегі ең ірі жанр. Күй тілі – халыққа сондай жақын, сондай түсінікті.
Күй – қазақтың аспапты музыкасы.
Күй – адамның белгілі бір сезім сәті. Ол адамның көңіл-күйіне қарай қуанышты немесе қайғылы болуы да мүмкін. Күй тілі өмір-тіршілік құбылыстары жөнінде нақты хабар бере алады екен.
Ільяс Жансүгіров:
«Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң, тіл бар ма?
Тіл жоқ деуге бола ма?
Тілден артық үн барда», – деп жазған екен.
Күйді өз жанынан шығарған адамды – күйші деп танысақ, біреудің күйін домбырада тартуды домбырашы дейміз. Күй тартып айтысу, күй тартып жауаптасу дәстүрі қазақ даласының барлық өңірінде болған. Күйшілердің күймен жауаптасуы, күймен сәлем жолдап, күймен арнауына Құрманғазы мен Дәулеткерейдің кездесуін айтуға болады.
Ұлтымыздың төлтумасы саналатын домбыраның қоңыр үні қазақтың бойтұмары сынды, қуанғанда жебеген, қайғырғанда демеген. Онсыз бір қызықшылығы өтпеген. Азаттықтың ақ таңы атқанда желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншектің жүрегінде ұлттың ұлы мұрасына адалдық отбасынан бастау алатынын ұмытпайық.
Домбыра – ұлттық өнеріміздің тіні, бабалардың жүрек үні. Соны жастарымызға дұрыс насихаттап, қастерлей білгеніміз жөн.