ЕЛІМІЗДЕ «ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ 100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ» ЖОБАСЫ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ
Елімізде заман талабына сай білікті мамандар дайындау жолында көптеген озық тәжірибелер қолға алынуда. Солардың бірі ретінде, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып жатқан гуманитарлық саладағы кітаптарды айтуға болады.
Аталған гуманитарлық салада аударылған 18 оқулықтың ішінде «Экономикс» және «Медия этика» атты кітаптары ерекше маңызға ие.
«Экономикс» оқулығы әлемнің 25 тіліне аударылған. Кітаптың соңғы басылымында қаржы дағдарысы мен оның себептері қамтылған. Экономика пәнінің маманы Гүлнәр Садыханова бұл оқулықтың маңыздылығына тоқталып, автордың экономиканы оқырман көзқарасымен көрсете білгендігін ерекше атап өтеді.
Гүлнәр Садыханова, «Экономикс» кітабының редакторы:
– Қазіргі кезеңде барлық мамандықта оқитын студенттерде экономика негіздерін береміз. Сол пәндерді оқытқан кезде, мысалы, химиктер, физиктер басқаларға мына экономикалық процестерді түсіндру қиындау болады. Ал мына кітапты пайдалана отырып, біз мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.
Ал, қазіргі таңда әлемдік білім беруде жетекші рөлге ие Гарвард, Оксфорт университеттерінде оқытылып жүрген «Медия этика» оқулығын енді еліміздің студенттері мен жас ғалымдары пайдаланып, білімдерін тәжірибемен ұштастыра алуы ерекше қуанарлық жағдай.
Кітап ағылшын тілінен тікелей аударылып, 10 мың данамен жарыққа шықты. Еңбекте журналистикалық этиканың маңызы қарапайым кейстермен түсіндіріледі.
Есенгүл Кәпқызы, «Медиа этика» кітабының редакторы:
– Медиа этикаға қатысты қазақ тіліндегі кітаптар бізде жоқтың қасы деп айтуға болады. Осы кітапты оқи отырып, журналистикалық этика мен оның құқықтық нормаларымен жіті таныса түсеміз.