ЖАҢА ӘЛІПБИ – ЖАҢА БЕЛЕСКЕ
Қазақ қоғамында біраз уақыттан бері көптеген өзгерістер болып, саяси шешімдер қабылданды. Оның ішіндегі елді елең еткізген бірден-бір оқиға – жаңа әліпбиге көшу. Бұл жайында халық пікірі екіге жарылды. Осы тұрғыда ғалымдар, зиялы қауым өкілдері өз ұсыныстарын білдіріп, жан-жақты талқылады. Қуантарлығы, Ұлт көшбасшысының бастамасын қолдап, рухани жаңғырудың маңыздылығын көбісі түсінді. Тіл – ұлттың жаны болғандықтан, оның тазалығын, қолданылуын, өміршеңдігін сақтауды басты мақсат тұтқан Елбасы осындай шешімге келді. Біз жаңа әліпбиге көшу арқылы көптеген мүмкіндіктерге ие боламыз. Өйткені, латын қарпіне көшудің артықшылығы көп. Ол ең алдымен, ана тіліміздің қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, кириллицадан ажырауымызға мүмкіндік туғызып, қазіргі қос тілде сөйлейтін жастар санасының жаңғыруына септігін тигізеді. Ал, қазіргі таңда ана тіліміз қаншалықты сауатты қолданылады? Әрине, ана тілді толық білмей тұрып сауатты сөйлеу, жазу мүмкін емес. Бұл өз кезегінде мемлекеттік тілдің өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді. Тіл тазалығына немқұрайлы қарау тұлғалық мәдени өсуге алып бармасы анық. Ауызекі сөйлеудегі қателіктер былай тұрсын, хат алмасқанда, әлеуметтік желідегі шорқақ сөйлеу, олқылықтарға көп жол беру рухани сауатсыздыққа әкеледі. Әр адам, қоғамның кез келген мүшесі тілден асқан байлық жоқ екенін жете түсінсе екен дейміз. Себебі, тіл байлығы халықпен бірге мәңгі жасайды.
Жергілікті ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры Жеңіс Сәдуақасұлының айтуынша, жаңа әліпбидің артықшылығы көп. Өйткені, әлем елдерінің 80 пайызы осы графиканы қолданады. Сонымен бірге, компьютерлік құрылғылардың тиімділігін арттырып, оның барлық мүмкіндігін пайдалануда латын таңбасының әсері мол. Сондай-ақ, ақпарат кеңістігіне еркін бойлап, заманауи технологияларды еш кедергісіз қолдануға жол ашады. Демек, жаңа әліпби басқа елдермен саяси байланыста, мемлекеттің даму жүйесінде дамыған елдердің іс-тәжірибелерін тұтынуда алаңдатарлық қиындық туғызбайды. Керісінше, өз кезегінде қоғам дамуының ауқымын кеңейтеді. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов: «Жаңа әліпби – лингвистикалық егемендігіміздің белгісі дейді. Ол “қай қоғамда, қай елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру – бұл жалпыхалықтық, оның ішінде алдымен ұлттық мәселе. Сондықтан ол – саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық тағы басқа да жақтан ойланып, толғанып шешетін маңызды әрі күрделі проблема. Олай дейтін себебіміз, ол біріншіден мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытса, екіншіден төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді. Сондай-ақ, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес емле ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді», – деген тұжырым жасады.
Жалпы, «Латын қарпіне көшу не үшін қажет?» деген сауалдың жауабын жергілікті ғалымдар былай деп түсіндіруде: біріншіден, қазақ тілінің басқа да ұлттардың тілі тәрізді дербес тіл екендігін және мемлекетіміздің де әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттердің бірі екендігін айғақтау үшін; екіншіден, Қазақстанның әлемдік дамудан өз орнын алуы үшін; үшіншіден, туыстас түркі әлемімен барынша жақын қарым-қатынас жасау үшін; төртіншіден еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді үйрену арқылы топтастыра түсу үшін; бесіншіден, ғылым мен техника- ны терең меңгерген, тілін, елін сүйетін, қазақ мемлекетінің келешек тірегі болатын қазіргі жас ұрпақтың болашағы үшін қажет. Шынында, бір ғасыр бойы пайдаланылып келе жатқан кириллица қазақ халқының дыбыстау аппараттарын мүлдем өзгертіп жіберді. Сол дыбыстау аппараттарын да біртіндеп қалыпқа келтіруде латын әліпбиінің әсері болары анық. Елбасы айтқандай, 2021 жылдан бастап азаматтардың жеке куәліктері латын қарпіне ауыстырылады. Ал, 2025 жылы барлық құжаттар, оқулықтар, бұқаралық ақпарат құралдары тұтастай жаңа әліпбиге көшетін болады. Бұл ретте, әрбір адамның пікірі мен қолдауының маңызы зор.