«ТӨРТІНШІ ИНДУСТРИЯЛЫҚ РЕВОЛЮЦИЯ» КІТАБЫНЫҢ ЖАЛПЫ МАЗМҰНЫ ҚАНДАЙ?
Біз бүгін баршамыздың өмірімізді де, жұмысымызды да, күнделікті қарым-қатынасымызды да түбегейлі өзгертетін алапат индустриялық революцияның бастауында тұрмыз. Бұл төртінші революция ауқымы, қарымы мен күрделілігі революция жағынан да осы уақытқа дейінгі адамзат тарихындағы құбылыстардың барлығынан асып түседі.
Жасанды интеллектінің, роботтандырудың, робот-автомобильдердің, 3D басып шығарудың, нанотехнологияның, биотехнологияның дамуымен және тағы да толып жатқан ғажайыптардың пайда болуымен барлық салада қарыштап көкке өрлейтін, таңғаларлық технологиялық дүмпуге куә болмақпыз.
Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының негізін қалаушы және тұрақты президенті Клаус Шваб осындай алапат өзгерістердің әлеуетін алдын ала болжап, терең байыптап, оны адамзат игілігіне жарату жолдарын қарастыратын еңбек жазған. Демек, бұл кітап адамзаттың ортақ болашағы үшін алаңдайтын және революциялық технологияларды қоғам тіршілігіне икемдеуге ниетті жасампаз ортаға арналған.
Кітаптың автор Клаус Шваб 1938 жылы 30-наурызда Германия провинцияларының бірінде дүниеге келген. Алғашында Швейцарияның Цюрих қаласында Жоғары технолологиялық училищені, Фрайбург университетін және Гарвард университетін бітірген. Өзі ұзақ жылдар бойы Женева университетінде ұстаз болып қызмет атқарған.
Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының президенті Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты туындысы - қазіргі технологиялардың адамзат өміріне алып келетін түбегейлі өзгерістері туралы баяндайтын осы күнгі әлемдік бестселлердің бірі.
Crown Publishing Group баспасынан 2017 жылы 184 бет көлемінде басылған кітаптың Қазақстан сияқты дамушы ел үшін маңызы өте жоғары. Біздің елімізде де «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» секілді дүмпуі жоғары, қарқынды әрі жедел дамуды көздейтін бағыттар жүріп жатқанда неміс ғалымының заман талабын тереңнен толғап талдайтын туындысының салмағы ауыр.
Бұл кітапты Н. Ақыш, Л. Бимендиева және К. Матыжанов есімді аудармашылар ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аударып, баспаханадан шығартты. Міне, еңбек. Руханиятты кеңейту, даму жолында әлемдік сәтті тәжірибелерге арқа сүйеу, заман көшіне қарай икемделу деп осы тұста ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Кітаптың электронды нұсқасы қазір барлық оқырмандарға қолжетімді. Физика, биология, экономика және бизнес бағыттарын қамтитын еңбектің студент жастарға берері мол деп білеміз.
Робототехниканың заман жаңалығы екенін барлығымыз білеміз. Бірақ роботтық бастамаларды түсінетіндер саны аздау болып тұрғаны да жалған емес. Міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты көлемінде Клаус Швабтың заманауи жаңалықтарды түсіндіру бағытындағы өте бағалы дүние қазақ тіліне аударылды.
Робот жүйесі, озық робототехника, инновация секілді бағыттарға талдау жасаған неміс ғалымы әлемдік инновациялық өркениетке әкелген пайдасы зор. Ал оны қазақ тіліне тәржімалаған аудармашылардың еңбегіне бас иіп алғыс айтсақ, ешқандай ерсі емес.
Сонымен қатар, бұл еңбекте экономика бағыты да қалтарыс қалмаған. Экономикалық бағыттарда өсім, өнімділік, жұмыспен қамту, қартаю секілді тақырыпшаларға бөлінген тарауда кәсіппен айналыспақ болған адамдарға зор бағдар беретін дүниелер қамтылған.
Сондай-ақ, неміс ғалымы дәл осы кітабында автономды соғыс, кибер-соғыс секілді өте заманауи айтулы тақырыпты тамаша талқылаған. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа технологиялардың негізгі бағыттарының талдамасында төмендегідей дүниелер қамтылған.
Дрондар, өзін-өзі басқаратын қару-жарақтар, ғарышты митрализациялау, денеге киілетін құрылғылар, қатпарлы баспа технологияның негізгі функцияларын жақсы түсіндіріп, қолдану жолдарын халыққа толықтай көрсетіп берген.