Э.ЖАҢАБЕРГЕНОВА: АРАЛ ӨҢІРІ ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ МАҚАМДАРЫ
Қызылорда облысының Қазалы, Арал, Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандары аймағын қамтитын үлкен өңірде қашаннан қалыптасқан біртұтас, тамыры тарих тереңіне кеткен, мазмұн-сипаты бір жыраулық дәстүр жалғастығының, арнайы мектептердің болғанын, қазіргі кезде де олардың алтын арқауы үзілмей келе жатқаны хақында бізге дейін де осы аумақтың мәдениеті мен өнерін, ауызекі әдеби-музыкалық мұраларын зерттеген ғалымдар айтқан.
Жыраулық-жыршылық дәстүр болған өңірдің, сол өнер мектебінің өзіне ғана тән дәстүрлі әуен-мақамдары да болатыны белгілі. Алайда, уақыт өткен сайын, сондай қайталанбас музыкалық туындыларды дүниеге келтірген талант иелері көбіне көлеңкеде қалып, сол мектеп түлектерінен әр кезеңдерде тәрбие алған жырау-жыршылардың бірі болмаса, біріне телініп кететін жағдайлар жиі кездеседі.
Ол тұрмақ, кейде түпнұсқаның өзі, орындалу кезінде жыршы-жыраудың, не термешінің дауыс мүмкіндігі мен шеберлік деңгейіне байланысты үлкен өзгерістерге ұшырап, бастапқысынан да құлпырып, не керісінше, нәзік иірімдері, сұлу нақыштарынан айырылып, қарапайымданып кетіп жатады. Тіпті, соған дейін иесі бар болып келгендігіне қарамастан, уақыт өте келе не үйренушінің кезінде кімнің мақамы екендігіне көңіл бөлмегендігінен, не өзі сияқты жауапкершілікпен қарамаған біреуден үйреніп алуы салдарынан, ондай туынды басқа автордың шығармасы болып шыға келеді.
Қызылорда облысының Қазалы, Арал, Ақтөбе облысының Ырғыз, Шалқар аудандары аймағын қамтитын үлкен өңірде қашаннан қалыптасқан біртұтас, тамыры тарих тереңіне кеткен, мазмұн-сипаты бір жыраулық дәстүр жалғастығының, арнайы мектептердің болғанын, қазіргі кезде де олардың алтын арқауы үзілмей келе жатқаны хақында бізге дейін де осы аумақтың мәдениеті мен өнерін, ауызекі әдеби-музыкалық мұраларын зерттеген ғалымдар айтқан.
Жыраулық-жыршылық дәстүр болған өңірдің, сол өнер мектебінің өзіне ғана тән дәстүрлі әуен-мақамдары да болатыны белгілі. Алайда, уақыт өткен сайын, сондай қайталанбас музыкалық туындыларды дүниеге келтірген талант иелері көбіне көлеңкеде қалып, сол мектеп түлектерінен әр кезеңдерде тәрбие алған жырау-жыршылардың бірі болмаса, біріне телініп кететін жағдайлар жиі кездеседі.
Ол тұрмақ, кейде түпнұсқаның өзі, орындалу кезінде жыршы-жыраудың, не термешінің дауыс мүмкіндігі мен шеберлік деңгейіне байланысты үлкен өзгерістерге ұшырап, бастапқысынан да құлпырып, не керісінше, нәзік иірімдері, сұлу нақыштарынан айырылып, қарапайымданып кетіп жатады. Тіпті, соған дейін иесі бар болып келгендігіне қарамастан, уақыт өте келе не үйренушінің кезінде кімнің мақамы екендігіне көңіл бөлмегендігінен, не өзі сияқты жауапкершілікпен қарамаған біреуден үйреніп алуы салдарынан, ондай туынды басқа автордың шығармасы болып шыға келеді.
Осы арада айта кетерлік бір жайт, қазақ жырауларының өздері шығарған мақамдарына күй немесе ән сияқты ат қойып, айдар тақпағандығы және мақамның авторы нақты белгілі болған жағдайда, сол мақамның «пәленшенің мақамы», «түгеншенің мақамы» деп қана аталғандығы. Кейде мақамды халық арасына шығып, жырау атанбаса да, домбыраны жетік меңгерген және музыка өнерін жан-тәнімен сүйетін қарапайым жандардың да шығаруы мүмкін.
Мақамдарға ат қою соңғы жиырма-отыз жыл ішінде пайда болды. Өйткені, әсіресе, жыраулар мен жыршыларға қайта-қайта тыйым салынған кешегі кеңес үкіметі тұсында, ауылдардағы қарттардың өтініштерін аяқасты ете алмаған кейбір жыршы-жыраулар мен термешілер жасырынып жүріп, терме-толғау, не жыр айтқанда, мақам авторының аты-жөнін жасырып, кейде білместікпен, музыкалық шығармаға айтып бергелі отырған толғауының, не термесінің тақырыбын, кейде оны өзінен бұрын орындаған жыраудың, тіпті болмаса, мәтін авторының атын бере салуды әдетке айналдырған.
Алайда, мүндай ойланбай істелген әрекеттің дарын иелеріне жасалған қиянат екенін, қазақтың ғасырлар бойы жоғалмай жеткен ұлттық өнеріне, болашақ ұрпақтар үшін бабалар қалдырған бай мәдениетімізге деген жауапсыздық екенін түйсініп жатқан ешкім жоқ. Өзгеге телінгендігін әркімдер-ақ айтып жүрсе де, осы уақытқа дейін нақты иесін таба алмай келе жатқан, біз сөз етіп отырған сондай шығармалардың бірі Нұртуған ақынның «Кәнеки, тілім, сөйлеші» атты толғауы орындалып жүрген мақам.
Бұл мақаммен Сырдың төменгі ағысы мен Арал өңірінен соңғы 40-50 жыл көлемінде шыққан, есімдері елге белгілі жыршы-жыраулар, термешілер 7-8 буынға құрылған төкпе жырларды терме-толғауларды орындаған және қазір олардан үйренген өнерпаздар орындап жүр. Олар: Набат Ойнарова, Рысбек Әшімов, марқұм Мұрат Каримоллин, Берік Жүсіпов және осы мақаланың авторы және т.б. Әсіресе, кейінгі жылдары бұл мақамды білмейтіндер кем де кем десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, жыршы-термешілерді былай қойғанда, бұл толғауды жаңа көріне бастаған әнші-өнерпаздарға дейін айтады.
Соңғы жылдары бұл шығарманы сахнада термешілерден гөрі, әншілер жиі орындайды. Олай болуының басты себебі - әуеннің ойнақы да сазды иірімдерінде, кең тыныстылығында, Нұртуған толғауының осы мақаммен ерекше үйлесім табуында жатыр. Терме-толғауларды эстрадалық ыңғайға салып айтуға алғашында қарсылық білдірген пікірлер де аз болған жоқ. Егер, мұндай жағдайда мақам үйлесім тауып, бұрынғысынан да құлпырып, жүрекке жылы тиіп жатса, неге ансамбльдің сүйемелдеуімен айтпасқа?!
Біз көтеріп отырған мәселе терме-толғаудың немен сүйемелденгенінде және оны кімнің орындағанында емес, мәселе оның мақамы мен мәтінінің өзгеріске ұшырамауына қатысты. Алайда, әзірше шартты түрде «Кәнеки, тілім, сөйлеші» деп аталып жүрген мақамның соңғы кездері біраз өзгеріске ұшырап кеткендігі жайлы көптен айтылып жүр. Бірақ өзгеріске ұшырады дегенде, бұл өзгеру процесінің әртүрлі деңгейде болатынын ескерген жөн. Мәселен, бір орындаушы жырды немесе терме-толғауды айту барысында, мақамның түпнұсқасының әуенін түгел сақтай отырып, айтыс ақындары сияқты, өзінің импровизаторлық (суырып-салмалық) қабілетінің, орындау шеберлігінің, дауыс диапазоны мүмкіндігінің арқасында, кейбір тұстарын түрлі нәзік иірімдермен байытып жатса, мұны өзгертті деп айтуға болмайды.
Өйткені, бір шығарманы әркім өзінше түрлендіріп, құбылдырып айту жыршы-жырауларға да, әнші, күйшілерге де, жалпы өнер адамына ортақ құбылыс екені даусыз. Суырып-салмалық - тек ақындарға ғана емес, бүкіл өнер иелеріне тән қасиет. Бұл қасиет - қазақ халқының ғана емес, өнерге жақын халықтардың барлығының да қанына сіңген, ықылым заманнан қалыптасқан үрдіс.
Ақын-жырауларға тән суырып-салмалық қасиет турасында, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың: «...Ата-бабалардың ерлігі туралы жыр-дастандарға дегенде, халықтың сүйіспеншілігінде шек жоқ, соншалықты мол мұраны ауыздан-ауызға, жазбасыз, баспасыз, алып даланың бір шетінен, екінші шетіне жеткізіп, ғасырлар бойы ойда сақтау, олардың (жыраулардың - Э.Ж.) суырып-салма (импровизаторлық) ғажап қабілетінің көрінісі болса керек» деген тұжырымынан артық бірдеңе айта қою қиын.
Ұлы ғалымның кез-келген жыр-дастандарды, оларды айтатын мақамдар мен әуендерді өздері шығаратын жыраулар жайлы бұл пікірінің, ақындық қабілеті болмаса да, жаттап алу, оны мақамымен мәнерлеп халыққа айтып беру қабілеті ерекше жыршыларға да қатысы бар. Бойына осындай құнды қасиеттер дарыған орындаушыларды ғана шын өнер иесі, жыраулық-жыршылық дәстүрді жалғастырушы деуге болады.
Ал, жоғарыда айтқанымыздай болмай, орындау кезінде, жыршы-термеші негізгі әуеннен ауытқып немесе өресінің, шеберлігінің жетпеуі, не ұқыпсыздығы нәтижесінде, оның қажетті иірімдері мен кейбір бөліктерін тастап кетіп, не өзінше бұрмалап жіберсе, бұл - өзгерістің үлкені және орындаушы үшін кешірілмес күнә, автор мен халықтық өнер үшін жасалған орны толмас қиянат.
Сондықтан да, іздестіру-зерттеу жұмыстары барысында бізге: «Бұлай болуы неліктен?», «Бұл кімнің мақамы?», «Қай кезеңде дүниеге келген?», «Бұрын бұл мақамның өз мәтіні болды ма, болса оны кім шығарған?», «Әлде, осы мақаммен буыны сәйкес келетін кез-келген терме-толғауларды айта беруге болатындықтан, авторы ұмыт қалды ма?» деген сияқты көптеген сауалдарға жауап іздеуге, басқа да кейбір жайттарға еріксіз көңіл аударуға тура келген.
Ақыры, бірнеше жылдар бойы Нұртуған ақындық-жыраулық мектеп ашқан өңірде жүргізілген іздестіру-зерттеу жұмыстары нәтижесінде, аталған мақамның негізінен екі нұсқасы бар екені белгілі болды. Оның біріншісі - шамамен, 19-ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген түпнұсқасы да, екіншісі - 20-ғасырдың орта шенінен бері қарай азды-көпті өзгеріске ұшыраған нұсқасы.
Осы мақамның негізгі екі нұсқасы жайлы тиянақты да, мейлінше дәлелді пікір айтқандар арасында өзіміз зерттеу аясына алып отырған Сыр, Арал өңіріне, тіпті, республикаға белгілі жыраулар мен жыршы-термешілер, осы өңір ауыз әдебиеті мен мәдени, музыкалық мұраларын, дәстүрлі жыраулық мектептердің тарихын көп жылдар бойы зерттеген әдебиетшілер, тарихшы-этнографтар бар. Олар: Ә.С.Оспанов, аралдық сазгер-күйші Мұрат Сыдықов, соңғы жылдары дүние жүзіне аты мәлім болған аралдық жыршы марқұм Рысбек Әшімов пен Аманөткел ауылының тұрғыны, марқұм Әбділда Жаңабаев жырау.
Өзіміз сөз етіп отырған мақамның екі нұсқасын да осы аттары аталған кісілердің орындауында тыңдағанымызда, әуендік жағынан да, орындалу стилі мен қағысы жағынан да біраз айырмашылықтар бар екенін байқадық. Әсіресе, Ә.С.Оспановтың орындауындағы нұсқа қазіргі айтылып жүрген нұсқасындай үсті-үстіне төпелейтіндей емес, орындаушыға онша қиындық туғызбайтын, ерекше ойнақы, құлаққа жағымды, салмақты, байыппен ойналатын, әуені әсерлі, нәзік те сырлы иірімдерге толы, мазмұны бай шығарма екен. Оған қоса, оның белгілі бір ритмді сақтай құрылғанына, ал, әуенді айтқанда да, домбырада ойнағанда да біртіндеп «баспалдақтап» көтеріп, «баспалдақтап» түсіру сияқты қатаң ережеге, белгілі бір әуендік, орындаушылық заңдылықтарға бағынатын, көңілді әуен екеніне көз жетті.
Тағы бір байқағанымыз - әр шығарманың өзінің дүниеге келу сәті, орындалу мәнері, орны, ортасы болатындығы, сонымен бірге, қандай шығарманы болмасын, ортаға салған кезде, айтушының осы жайттарды есте қатаң ұстап, ортасын тауып, мәнерін сақтап, тарихын жария ете отырып орындауының қажеттігі.
Бәрі өлшеулі уақытқа бағынған кеңестік, әсіресе, қазіргі нарықтық-капиталистік заманда орындаушылардың бұрынғыдай кең отырып, баппен, байыппен айта алмайтыны және кейін де мұндай мүмкіндіктің болмайтыны, соның салдарынан жыраулар мен жыршылардың дәстүрлі мақамдарының көпшілігінің-ақ азды-көпті өзгерістерге ұшырап, шығу тарихы мен авторларының бірте-бірте ұмыт болып келгендігі, әлі де солай болуы мүмкін екендігі өнер адамдары мен зерттеушілерді ойландыруы тиіс.
Әрине, кез-келген мақамды әр жырау, жыршы-термеші өз шамасына, дауыс мүмкіндігіне қарай орындайтыны белгілі. «Аяз, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» деп ұлы бабамыз Майқы би айтып кеткенмен, жолын да, әлін де білмей әлекке түсетін кейбіреулердің кесірі ұлттық музыкалық қазынамыздың өз құндылығын жоғалтуына септігін тигізетіні өкінтеді. Өнер туындысында өзгерістердің пайда болуының екінші және басты себептерінің бірі - әуендер мен мақамдарды үйренушілер мен оларға үйретушілердің осындай ұқыпсыздығында, әсіресе, аспапта ойнау, сүйемелдеу шеберлігінің жетімсіздігінде, дауыс ырғағының мөлшері мен табиғи дарынының кемшіндігінде екені даусыз.
Бұл турасында: «Мұндай ойнақы да толқымалы, мың құбылып, сиқырлы сазымен жаныңды баурап алатын әуендер мен мақамдарды өзінің түпнұсқасында меңгеріп алуға «әу» дейтіндердің бәрінің бірдей шамалары жете бермейді. Олар нәзік те ғажайып иірімдерді икемге келтіре алмай, туралап тартып, төпелеп кетеді де, бастапқы сырлы да сымбатты әуен, не мақам бар болмысы мен тамаша саздылығынан жұрдай болып, құр айқайға құрылған жұтаң шығарма болып шыға келеді. Сіздер сөз қылып отырған мақам да осындай тағдырға тап болған туындылардың бірі», - дейді өнер иесі Ә.С.Оспанов бізбен сұхбатында.
Кезінде төл өнерімізді тудырған өрен жүйріктердің мұндай ұлттық өрнекке бай, қазақ халқының мінез-құлқына, өскен ортасы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тән сипаттағы жыр мақамдарының және ән әуендерінің түпнұсқадан азды-көпті ауытқуына себепші тағы бір жайт - қазіргі дыбыстық техника дамыған заманда өмір сүріп жатқан, осы саламен шұғылданып жүрген, ұлттық колорит пен ғасырлар бойы қалыптасқан, әбден екшеліп таза күйінде жеткен туындылардың ерекшелігін, тарихын байыптамай, қалай болса солай өзгертіп (аранжировка жасап) жатқан жас буын өкілдерінің өзімбілемдігі.
Енді қозғалған негізгі мәселеге қайта оралайық. Сонымен, «Кәнеки, тілім, сөйлеші» толғауын орындағанда, пайдаланып жүрген мақамымыздың түпнұсқасының авторы кім?
Біз бұл сұрақты Сардарбек Қожағұлов пен осы еңбектің авторы сияқты көптеген жыраулар мен термешілер жоғарыдағы мектептен түлеп ұшқан әйгілі жыраулардың мақамдарын үйреткен, «алғашқы түпнұсқасы осы және бұл мақам емес, әннің әуені» деп, домбырада ойнап көрсеткен Ә.С.Оспановқа қойғанбыз.
Ол: «Ұмытпасам, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас кезі болуы керек, Қызылорда қаласына бара жатқанымда, поезда бір топ жерлестеріммен кездесіп қалдым. Олар «Қазанғап» атындағы Арал аудандық халық аспаптары оркестрінің мүшелері екен. Сол кездегі астанамыз Алматыға келіп, теледидарға түсіп қайтып бара жатқан беттері болса керек. Олардың арасында республикаға танымал өнерпаз, өзімнің көптен білетін замандасым Мұрат Сыдықов, тағы басқа да азаматтар бар болып шықты. Орталарында тілін төсеңкіреп сөйлейтін, бірақ дауысы екпінді, әрі таза бір қараторы жігіт Нұртуғанның «Кәнеки, тілім, сөйлеші» деген толғауын төкпелеп айтып отырды. Отыра қалып, мен де тыңдадым. Айтып біткен соң, мен: «Толғау Нұртуғандыкі, бірақ мақамы кімдікі?» дедім, жігіттің өзгешелеу айтып отырғанын аңғарып.
Ол: «Жаңаберген жыраудыкі» деді. Мен: «Жоқ, бұл біріншіден, Жаңаберген жыраудыкі емес, Құттық Мұсабай жыраудыкі. Екіншіден, былай орындалады» деп, жаңағы сіздерге көрсеткен нұсқаны тартып бердім. Отырғандар аңырысып, бір-біріне қарап қалды. Сонан соң, мен өзім жинаған мұрағаттар мен кезінде жырау, сері болған әкем Оспаннан естігендерімді тілге тиек етіп, дәлелдеп берген соң, олар мойындауға мәжбүр болған-ды» деді.
Әбдісаттар ағаның әкесі, бала кезінен жыршылық, күйшілік, әншілік өнерді бойына сіңіріп, қырықтан асқанша серілік құрып, ел аралап өнерімен сол өңірге танымал болған Оспан, өзінің бозбала кезінде, сол Құттық Мұсабай жырауды (қартайыңқыраған шағында) той-томалақта жиі кездестіреді екен. Кейінірек Оспан: «Сондай кездесулерде Мұсабай үнемі тойды өзінің «Менің атым Мұсабай» деген әзіл әнімен бастайтын еді» дей келіп, баласына:
Менің атым - Мұсабай,
Ат жібердім тұсамай,
Өзім жырау болыппын,
Ата-анама (3 рет) ұқсамай.
А-а-а-а, ата-анама ұқсамай.
Қайырмасы:
Мен жыраумын, жыраумын,
Қамысқа түскен қыраумын.
Ақша берсең алмаймын,
Жанқалтама (3 рет) салмаймын.
А-а-а-а, жанқалтама салмаймын...
деген мәтінді жоғарыда біз ағаның орындауында тыңдаған әуенмен орындап береді. Ә.С.Оспанов бұл әнді Берденов Тәжімбет жыраудан да талай рет естіген екен.
Арал өңірінде өмір сүрген қайталанбас талант иесі Үмбетәлі жырау бірде сол ауданның атақты өнерпазы Мұрат Сыдықов, марқұм жыршылар: Рысбек Әшімов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаевты шақыртып алып, өнерлерін сынайды. Сол жолы Рысбек Нұртуғанның «Кәнеки, тілім, сөйлеші» толғауын осы мақаммен орындағанда, Үмбетәлі: «Әйгілі Мұсабай жыраудың көтеріңкі көңілмен айтатын сазды әнінің әуені ғой, сәл өзгеріңкірегені болмаса» деген.
Осы деректерге қарағанда, «Кәнеки, тілім, сөйлеші» толғауының соңғы 20-30 жылдан бері айтылып келе жатқан мақамы Құттық Мұсабай жыраудың кейінірек біршама өзгерістерге ұшыраған әуені екендігі дау туғызбаса керек. Қазір осы мақам ретінде пайдаланылып жүрген нұсқасының өзін әр орындаушы өзіндік ерекшеліктерімен айтып жүр.
Қай шығарманың да өз деңгейінде шырқалуы орындаушы өнерпаздың ой-өрісіне, туабітті талантына, қабілет-қарымына байланысты. Жырлап отырған жырау-жыршының мінез-құлқы, бет-әлпетіндегі құбылыстар, ішкі талғам-түсінігі, шабыт шақыруы, мақам мен өздерін сүйемелдейтін кез-келген аспапты меңгеру дәрежесі орындалатын шығарманың сәтті аяқталуына, тыңдарманның көңілінен шығуына үлкен әсер етеді. «Жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген нақыл осындай ерекшеліктерге орай және дәл айтылса керек.
Бұл арада біз «бір жыршы дұрыс, бір жыршы бұрыс жырлайды» деуден мүлде аулақпыз. Айтпағымыз - «мақамның өзгермеуіне, жоғалып кетпеуіне атсалысып, онсыз да талай тағдыр тәлкегін көрген, ғасырларды артқа тастап, бізге жеткен, бізден болашақ ұрпағымызға мұра болып қалатын қасиетті қазынамызға ұқыпты қарайық, түпнұсқасын жоғалтып алмайық» деу ғана.
Әр нұсқаны салыстыра отырып, олардың құрылымындағы өзгерістерді ашып айтқанымызбен, әрбір жыршы-жыраудың орындау ерекшеліктеріне байланысты бір-бірінен өзгешелік болмай тұрмайтынын, тіпті, бір адамның өзі бір мақамды он рет орындаса да әртүрлі болып шығатынын да атап айтқан ләзім. Бірақ, орындаушы бір мақамды аспапта әртүрлі дауыс деңгейінде (тональность) орындаса да, өзіне тән қағыстары онша өзгермейді. Мақамның сондай дауыс тембрімен алынған әуезі де өзгермеуі мүмкін. Мақамдар көптеген жылдар бойы жырау репертуарында әбден пісіп-жетілген кезінде ғана импровизациялық қасиеті арта түспек. Жырау өзіне әбден сенімді болатын дәрежеге жеткенде, аспапты кез-келген жерден тоқтатып, мақамды дауыс арқылы-ақ әрлендіріп жібереді.
Қорыта айтқанда, Арал өңірінің мақамдары мен әуендерінен шынайы өнерді жанындай сүйетін, шексіз дарқандықты, еркіндікті қалайтын қазақ деген жайсаң халықтың бүкіл мінез-құлқын, жан дүниесін, бітім-болмысын көруге болады.
Эльмира ЖАҢАБЕРГЕНОВА,
Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушысы
«Ақиқат» журналы