ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Алаш ұстазы» медалінің иегері, Құрманғазы атындағы саз колледжінің ардагер ұстазы, жерлесіміз Қалия Мұзапбарованың шәкірттері Сыр өңіріне келіп, Қорқыт ата ескерткіш-кешенінде «Ұстазға тағзым» атты өнер кешін өткізді.
Қазақ халқы Қорқыт десе қобызды, қобыз десе Қорқыт бабамызды елестетеді. Оның да өзіндік сыры бар. Қорқыттың аты түркі тектес халықтар арасында әртүрлі аңыздар арқылы жақсы танымал. Қазақ аңызы бойынша Қорқыт – әуен, әннің атасы, аңыз адам, қобыз киесі. Ол қобызын тартқанда, табиғат тына қалып, жер-жаһан, ұшқан құс, жүгiрген аң барлық тіршілік иесі үн-түнсiз тыңдағандай сезіледі. Иә, қобыз – Қорқыттан қалған мұра. Қобызда ойнау қиын әрі күрделі. Десе де, осы бір киелі өнерді Қалия Мұзапбарова жанына серік етті.
Айта кетейік, Қ.Мұзапбарова 1958 жылы Жалағаш топырағында дүниеге келген. Аудандық балалар әуез мектебінің баян класының алғашқы түлегі болған ол мұнан соң, Орал музыкалық жоғарғы колледжін, Алматы мемлекеттік консерваториясын үздік бітіріп, өз мамандығы бойынша Батыс өңірінде қобызшы болып алғашқы еңбек жолын бастады. Оқытушылық қызметіне қоса қалалық, облыстық, Астана, Ақтөбе, Оренбург, Саратов, Самара, Киев, Ялта, Алушта қалаларында қайырымдылық концерттеріне белсене қатысып, өз өнерін дүйім жұртқа паш етті. Сондай-ақ, 2001-2011 жылдар аралығында облыстық Дәулеткерей атындағы оркестрде қыл қобызшылар тобында концертмейстер болып жас өнерпаздарды үлкен сахнаға қанаттандырды. Міне, бүгінгі таңда оның шәкірттері республикаға белгілі өнер иелері, киелі сахна саңлақтары атанды. – Қалия Шәмшіқызының шәкірттерін мақтанышпен айтуға болады.
Олардың қатарында елімізге белгілі – Ә.Утехаева, А.Құттыбаева, Ә.Имашева, Э.Құмарғалиева, Г.Мұрадымова, О.Сапарова, Ж.Серікбаева, М.Тлепова, М.Мұсабаева, А.Есжанова, Д.Омарова, А.Ахметова, М.Хасанов, жас буыннан – Е.Қабдол, Д.Ақбалеева, З.Өтепбергенова және тағы басқа да өнерпаздар бар. Міне, осы танымал өнерпаздар Сыр елінде өз өнерлерін көрсетті, – дейді ұлағатты ұстаздың шәкірттері.
Ұлттық өнерді тыңдаудан ләззат алған Сыр елінің көрермендеріне Ақжайық қобызшылары бір сағаттық концерт берді. Соңынан Қорқыт ата музейін аралап, рухани мол мұрамызды тамашалады.
Ұлы Дала сарынымен үндескен қобыз бен домбырадай аспабы бар қазақ елінің ұлттық руханияты одан әрі биіктей берері сөзсіз.