СЫР БОЙЫ –ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАР МЕКЕНІ
Туған жердің тарихын, тау-тасын, өзен-көлін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс деген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Сыр бойы – көне ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұралар мекені. Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да Түркістаннан басқа бір қорымда осынша киелі кісі жерленген зиратты таппайсыз. Тіпті 362 әулиесі бар дейтін Маңғыстаудың өзінде әулиелер әр жерге қойылған. Міне, осындай ежелгі қабірстанда жатқан ел қадірмендерінің белгілісі, мазары бұзылмай жеткені жеті кісінің кесенесі. Олар – Оқшы ата, Асан ата, Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз әулие. Жеті санын қасиетті тұтатын халқымыз бұған да мән береді.
Мазар басы – Оқшы ата
Мазардың аты «Оқшы ата» аталғандықтан, сөзімізді Оқшыдан бастайық. Бір деректер оның шығу тегін оғыздармен байланыстырса, екінші біреулері оны дүрбін – ойратқа (қалмақ – жоңғар) қарсы соғысқан батыр сарбаз деседі. Ал, тағы бір деректер Сыр бойына мұсылмандықты әкелген Ысқақ бабтың ұрпағы дегенді айтып, Оқшыны қыпшақтарға ислам ілімін таратушылар қатарына, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттеріне қосады. Оның аты Ыбрахым, ал, енді бір деректерде Көгентүп деп те аталады.
Оқшы туралы тиянақты болжамды әйгілі ғұлама жерлесіміз, филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев айтты. X ғасырда Сыр бойындағы Жанкент және Жент қалалары баят, қият, қыпшақ, салор, баяндүр, қайы, шәуілдір, бешене (печенег), қынық сынды 24 тайпадан тұратын оғыздар (түркімендер) билігінде болыпты. Ә.Қоңыратбаев Ақсақ оғыз (Теріс Ұзамыш) баласы Оқшы Бестамды басқарып, Қазан (Хасан, Асан) ханның әскеріне қару-жарақ әзірлеп берген. Сол жерден Бестам зауыты табылды. Қазан мен Оқшы 1043 жылғы соғыста өлсе керек. Бұл екеуінің сүйегін ел Бестам жеріне қойған. Оны Оқшы ата қорымы дейміз деп ой түйеді ғалым. Мазар басы Оқшы ата туралы деректер осылай, Оқшы Х-ХІ ғасырлардағы оғыз заманының, Қазан ханның батыры әрі Бестамның қару жасаушы ұстасы.
Асан ата
Мазаратқа жерленген екінші ірі әулие Асан ата туралы да екіұдай пікір, деректер қайшылығы бар. Оқшы туралы аңыздардан байқағанымыз, Қазан (Хасан, Асан) хан Оқшымен бірге аталады, қатар өлген, бірге жерленген.
Осыны қорыта келгенде, Оқшы ата мазаратындағы Асан ата – оғыздардың ханы Қазан болуы әбден мүмкін. Қорымдағы жәдігерлердің ең әсемі әрі көрнектісі – Асан ата мазары, оның Оқшы кесенесінен еңселі тұрғызылуынан мұнда жерленген адамның дәрежесі жоғары болғанын шамалаймыз. Егер Оқшы ата мен Асан ата кесенелерін салыстырар болсақ, Асан ата кесенесі екі иықты-күмбезді құрылыс, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланып, шаршы (9,5х10,5 метр) үлгіде салынған. Қас бетінде кіреберіс арқалы портал болғаны аңғарылады. Қазір оның тек екі жақ іргелік қалдықтары ғана қалған. Шаршы аумағы – 11,5х7,30 метр, биіктігі – 7,60 метр. Іргеліктен 3 метр жоғары кірпіштер тігінен өріліп белдеу жасалған.
Енді Асан ата кесенесі кімдікі екендігі туралы екінші пікір жөнінде. Зерттеушілер Асан ата кесенесін Ш.Уәлиханов «дала данышпаны» деп атаған, желмая мініп Жерұйық іздейтін Асан Қайғымен байланыстырады. Шиелідегі «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі Асан Қайғының мазары дейтін болжам «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясының» 4-томында, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында және «Түркістан» халықаралық энциклопедиясында айтылады. Энциклопедияға әдетте ғылыми орныққан тұжырымдар кіреді десек те, Асан ата кесенесі туралы бір жақты тоқтам әлі жоқ сияқты. Бірақ қай Асан ата болса да, Сыр бойы, Шиелі халқы оны ел мен жердің киесі, әруақты әулиелердің бірі санайды, қастерлейді.
Ғайып (Қайып) ата
Мазараттағы ең көне кесене Ғайып (Қайып) атанікі. Бұл кісі IX ғасырда оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген, кесене де сол тұста салынған деген пікір айтылып жүр. Кесенеге қарағанда, ол көптің бірі болмаған. Өкінішке қарай, Қайып ата кесенесі нашар сақталған, тіпті сақталмаған деуге болады. Құрылыс түгелге жуық бұзылған, тек батыс жақ бетіндегі қабырғасы ғана жартылай қалыпты. Кесененің дуалдары ішіне қарай құлаған, бейне шежіремізді басып қалғандай.
1997 жылы мазараттағы әулиелерге арнап ас беруге дайындық кезінде ғасырлар бойы үйілген қалың топырақ төбе тазартылды. Сол кезде бұл жерде бірнеше кісінің жерленгені белгілі болды. Кесененің ерекшелігі – ол күмбезді мазар емес, қызыл кірпіштен соғылған дуал болып шықты. Мазардың қабырғалары, қыштарының көлемі, қалануы, өрнектері Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесіне ұқсас. Мазарат басындағы имамдар мен шырақшылар ескерткіштің қабырғасын жаңа кірпішпен қалатып, біршама қайта көтертті. Зираттың өте ескілігі бұл қорымның мың жылдық тарихы бар деген жорамалды айғақтай түседі.
Қыш ата
Әулиеге баланған тағы бір кісі – Қыш ата, өкінішке қарай оның да өмірде сүрген кезеңі белгісіз. Асқан ісмерлігіне байланысты Қыш ата аталып, өз есімі ұмытылса керек. Ел аузындағы аңыз атаның қолынан шыққан күйдірме кірпіштер Сайрам, Иассы, Сауран, Фараб, Исфиджаб, Құмкент, Сүткент, Сығанақ, Өзгент, Жент, Баршынкент, Бестам секілді осы атыраптағы шаһарларға тасылып тұрған дейді. Соған қарағанда моңғол шапқыншылығына дейін, тіпті оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген деп пайымдауға болады. Бұл кісінің кесенесінде күмбез жоқ, бірақ, түп қатарлары жақсы сақталған. Баба бейіті 1997 жылы тамыз айында ас беру қарсаңында жөнге келтірілді.
Кітап ата
Ел Кітап ата деп атайтын әулие сынды кісінің шын аты-жөні беймәлім. XІ ғасырдан бергі кезеңде ислам діні Сыр бойына таралған кезде өмір сүрген деген болжам айтылады. Өйткені, кітап араб сөзі, яғни есім арабша. Атамыз Құран кітабын ақтарған дін уағызшысы болуы да мүмкін. Әлде өз дәуірінің жағдаяттарын қағаздың бетіне түсірген шежіреші шығар. Қалай десек те, жорамалдан басқа тілге тиек етер дерек жоқ. Бірақ басына кесене тұрғызылғанына қарағанда өз дәуірінің қадірменді адамы болған. Мазары өте ескі.
Есабыз әулие
Есабыздың киелі, халыққа танымал болғандығының бір белгісі – басына тұрғызылған еңселі кесене. Мазаратта Асан ата, Оқшы ата кесенелерінен кейінгі елеулі ескерткіш Есабыздың басында. Есабыз әулиенің заманы қай тұс екені жөнінде нақты дерек жоқтың қасы.
Есабыз әулие туралы бір-біріне қарама-қайшы екі пікір бар. Соның біріншісі – әулиені Оқшының заманында ХІ ғасырда тіршілік еткен, жасы одан кіші болған деседі. Бірақ, ол туралы ел аузындағы әңгімелердің басқа әулиелерге қарағанда осы күнге егжей-тегжейлі күйде жетуі және оның түп-тұқиянына дейін белгілі болуы оның тым бергі уақытта өмір сүргенін аңғартады. Шежіре таратар болсақ, Есабыз әулие Қара Қыпшақтың Торы, одан Әлпейіс, одан Түйшіке, одан Қойбар, одан Көзей, одан Абыз аталығына жатады. Енді Есабыз туралы аңызға келсек, ол кісінің жасы Оқшыдан кіші екен. Әулиелермен, әруақтармен тілдесетін қасиеті болған көрінеді. Бір күні Оқшы ата Есабызға аян беріп:
– Пәниліктен бақилыққа өткеніңде менің қасыма кел, қатар жатамыз, – дейді.
Есабыз айтады:
– Сіздің сұсыңыз басым, менің иім жұмсақ, тілек тілеп келгендердің көңілін жықпаймын, жараспай қаламыз ба деп қиналамын.
– Алаң болма, біздің атымызды атап келгендердің тілеуін Алладан бірге сұраймыз, – депті.
Содан Есабыз сырқаттанады. Жаз мезгілі екен. Көңілін сұрай келгендерге:
– Көп ұзамай дүниеден өтемін. Мені Оқшының жанына апарып жерлеңдер, – деп өсиет айтады.
Келген ағайын дағдарып:
– Оқшы ата күншілік жер, күн болса ыстық. Сізді қалай жеткіземіз? – дейді.
Сонда Есабыз:
– Мен көз жұмған күні көлік өзі келеді, қам жемеңдер, қиналмайсыңдар, – дейді.
Шілденің қайнаған ыстығында Есабыз дүниеден өтеді. Айтқандайын, ақ сәлделі, ақ киімді, ақ түйе жетектеген бір кісі келеді. Ел-жұрт киіз үйдің керегесін табыт қылып, мәйітті жайластырады. Кереге табытты түйенің үстіне қойғанда, ол байламай-ақ тұрып қалған екен.
Қазашылар мәйітті алып жолға шыққанда бір үйдің аумағындай бұлт үйіріліп, Есабыздың үстіне көлеңке болып, бүкіл жол бойы ереді де жүреді. Жолға шыққандар Оқшы ата қорымына қиналмай жетіпті.
Түйені шөгеріп, табытты жерге қойғаннан кейін әлгі түйелі кісі жоқ болып кетіпті. Бұл Есабызды өзінің қасына алып келген Оқшының рухы деседі.
Есабыздың жалғыз қызы болған екен, сол қызынан өрбіген ұрпақ осы күнде Шиелі ауданында бар. Ұрпақтың бір өкілі, қызынан өрбіген Досман ақсақал 1991 жылы 108 жасында «Бестам» ауылында қайтыс болды, оның бала-шағасы сонда тұрады. Ауыл мешіті Досман қажы атында.
Көне көз қариялардың айтуынша, киелі Есабыз атамыздың халқына тигізген пайдасы көп болған. «Кім мені есіне алып, атымды атаса, сол менің балам, соның жебеушісімін. Келіндерім «Көзді ата» деп сиынса, тілегені болады» дейді екен. Осы ретте алпысыншы жылдары Шиеліде болған мына бір оқиға әлі күнге ел есінде.
Қабыл ата
Қабыл ата от ауызды, орақ тілді шешен, аузының дуасы бар батагөй, айтқаны мүлт кетпейтін кісі болса керек. Берген баталары әрдайым қабыл болып тұрғандықтан, осы жанама атқа ие болды ма, әлде бұл өзінің шын есімі ме белгісіз. Қабыл атаны да XІ ғасырдан бергі уақытта ислам діні Сыр еліне сіңген кезде өмір сүрген деп жорамалданады. Өйткені, қабыл араб сөзі, есімі арабша қойылған. Кесенесінің сыртқы пішініне қарап, оны да өте ескі зират деп пайымдауға болады.
Доспан Шайық
Есабыздың киесі қонған әрі оның ұрпағы саналатын Доспан Шайық Қожабекұлының да әулиелігі Шиелі жұртшылығына жақсы мәлім. Шыққан тегі – Торы қыпшақта Абыз руының ішіндегі Ақын Абыз тармағы. Ол 1867 жылы дүниеге келіп, 1943 жылы қайтыс болған.
Қарапайым шаруа адамның атағы айтқаны мүлт кетпейтін көріпкелдігімен тараған. Оның аруақтармен тілдесетін, ұшып жүретіндей қасиеттері болған. Тапқан адам көліктің жүйрігі атпен, болмаса жаяулап тарта беретін ол заманда күншілік жерге жедел барып қайтатын, ернеуі толып ағып жатқан асау Сырдария өзенінен қайықсыз-ақ өтіп кететін қабілетін талай адам өз көзімен көріп, әулиелігін мойындаған. Мұсылман үшін қасиетті әр бейсенбі, жұма күндері зираттары әр қиырда жатқан Бақты ата, Түкті ата, Оқшы ата, Қабыл ата, Меңлібай Сейіт сияқты әулиелерге барып, зиярат етіп қайтып жүрген. Жаз уағында мәсі аяқ киімін қолтығына қысып, жалаң аяқ жаяу кете беретін ол кісінің ірі адыммен әр жерге бір жаңа түскен бөлекше ізін көріп, қуып жетуге талпынғандар еш жете алмайды екен.
Доспан Шайық екі рет үйленгенімен, артында ұрпақ қалмаған. Екінші әйелі Тәжбике апай 15 құрсақ көтергенімен бәрі де шиеттейінен шетінеп кеткен. Он бесінші перзентін туарда Доспан Шайық жұбайына қыз туатынын, оның қолы кәдімгі саусақтар орнына моншақ болатындығын, бірақ одан қорықпауын ескертеді. Моншақ саусақты ерекше сәбиді көріп қайран қалғандарын еске алып қоятын көне көздер ауылда әлі бар. Өзінен ұрпақ қалмаса да, Доспан Шайық өзінен перзент сұраған адамдарды балалы, ұлды еткен мысал ауыл, аудан көлемінде жетерлік.
Дәуіт әулие
«Ортақшыл» ауылында Дәуіт әулие кесенесі бар. Ел басына барып зиярат етеді, мал шалады. Бірақ оның кім, қай заманның адамы, қандай әулиелік қасиеті бар екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Шиелі перзенті жазушы Оразбек Сәрсенбай өзінің Нартай Бекежанов туралы «Шамшырақ» романында ел аузындағы там-тұм аңыздар негізінде «Дәуіт батыр» деген тақырыппен бір тарау арнаған. Оқиға желісі жазушы қиялымен байытылып, көркем тұрғыда баяндалған хикая бойынша Дәуіт ХІХ ғасырдың орта тұсына дейін, Қоқан билеушілерін Шиелі жерінен орыс әскері ығыстырғанға дейін өмір сүрген Қыпшақтың Торы тармағы ішінде Шағыр әулетінен шыққан батыр.
Қоқандықтардан елді азат ету жолында Жөлек маңындағы ұрыста шейіт болған. Оның өлігін іздеп даладан тапқан кезде, осыдан әлденеше тәулік бұрын жантәсілім еткен жігіттің денесі бұзылмақ түгілі – оқиға ыстық шілденің ортасында өтсе де – шекесіне көлденең көгіс дақ та түспепті. Ұзын кірпіктерін жұмып тып-тыныш ұйықтап жатқанға ұқсайды екен. Ең кереметі – жүрегіне найза қадалған жігіттің артынан іздеуші ағайындарына «мен мұндамын» деп дыбыс беруі еді.
Сол арада Дәуіттің сүйегін жерошақтан шығарып алған ағайындары:
– Апырмай, бұл нағыз әулие екен ғой!
– Өліп жатса да, денемді ит-құс қорламасын деп, белгі бергенін қарашы! – деп гуілдетіп әкетеді.
Өстіп қапыда мерт болған есіл ерді артындағы елі азалап жылап жүріп, дарияның жағасына әкеліп арулап көмеді. Кейін басына күмбездеп мазар салдырады. Қазір Дәуіттен тараған ұрпақ ата жұртында аман отыр.
Шиелі жерінде «Қызылқайың» ауылында Бақты ата, «Ботабай» ауылында Қарабура әулие, Құрайыс әулие деген де киелі кісілер бар. Ботабайлықтар өздерінен шыққан қасиет қонған Қаратай, Есіркеп, Әйімбет ахундарды, Сүтен әжені де кие тұтады. Иә, шиеліліктер Оқшы ата мазаратындағы ғана емес, басқа да қасиетті кісілерді ел мен жердің киесі санайды, ардақ тұтады. Олар ұрпақтарының ісін рухани демейді, шарапатын тигізіп, нұрландырып тұрарды, желеп-жебеп жүреді деп сенеді.
Г.ДҮЙСЕБАЙ