ҰСТА
Киелі Қармақшы өңірінде тарихы тереңнен сыр шертетін киелі орындар да, мекемелер де жетерлік. Солардың бірі – өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап аудан, тіпті аймақ аумағына түрлі бағытта техникалық қызмет көрсеткен, халық ауызында «РТС» атауымен аталып келген аудандық агроөнеркөсіптехника бірлестігі.
Бұл құтты мекемеде кімдер жұмыс істемеді десең-ші. Қаншама атпал азамат осы мекемеден өмір жолын бастап, үлкен өмірге қанаттанды. Камалхан Назарқұлов, Қоңырбай Тоқтаров, Аязбек Жүсіпәлиев, Мүсілім Баймаханов, Нағымет Жидебаев, Мырзабек Қанапиев, Болат Әбжәлиев сынды басшылық қызмет еткен атпал азаматтардың есімі тарих парағына алтын әріппен жазылды.
Түрлі мамандық бойынша еңбек етіп, жылдың төрт мезгілінде барлық елді мекенде қызу жүріп жатқан маусымдық жұмыстарға етене араласқан 300-ге жуық азамат өзін бірлігі мен ынтымағы жарасқан осындай мекемеде жұмыс істегенін құрмет санайтын.
Міне, сондай жанның бірі –1972 жылдан бері бар саналы өмірін аталмыш мекемеде ұсталық мамандықпен бастап, құрметті зейнеткерлік демалысқа шықса да темірден түйін түюді қолынан тастамаған сала майталманы Хамит Қарақұлов.
Біз әлі де күш-қайраты бойынан кетпеген Хамит ағаның біз ауласындағы шағын шеберханада 40 жылдан бері өзіне серік болған шағын қара төске қойған сым темірді балғасымен түзетіп отырған үстінен түстік. Амандық-саулықтан соң Хамит аға алжапқышын шешіп, «Мен сендерді тыңдап отырмын. Әңгімелерінді айта беріңдер» дегендей, жанындағы орындыққа жайғасты.
Келген мақсатыма қаныққан ол ойланып отырды да әңгімемді бастай берейін бе дегендей маған қарады. Ал, мен «ұлықсат» дегендей күлдім.
–Ұсталық жай ғана мамандық ғана емес, ол киелі. Оның қасиетті екенін салада еңбек еткен жылдарымда қанықтым. Бала кезімде біздің отбасы Сәдуақас Баймаханов деген Ұлы Отан соғысының ардагері, темірден түйін түйген, ағаштан да үлкен шеберлікпен бұйымдар жасаған іскер кісімен көрші тұрды. Сол кісіден мен ұсталық кәсіптің қыр-сырын жалықпай меңгердім. Осы кәсіпке келуіме де сол Сәдуақас атаның ақылы себеп болды. 1972 жыл болатын. Әскерден келген кезім. Ата-анаммен ойласа келе үйіме жақын жердегі «Агроөнеркәсіптехника» бірлестігіне барып, мекеме басшысы Камалхан Назарқұловтың есігін қақтым. Ішке еніп, аАмандық-саулықтан соң осы мекемеге жұмысқа орналасқым келетінін айттым. Сөзімді тыңдап болған Камалхан аға хатшысын шақырып, тапсырмалар берді де маған қарап:– Мына балаға ер, қалғанын өзі бітіреді,–деді. Сөйтіп, ертесіне мен жұмысқа қабылдандым. Алғашқыда біршама уақыт слесарь болып еңбек еттім, кейін келе шеберхана ұстасы, марқұм ұстазым Жұмағали Тұрсынбаев ағайға алты ай шәкірт болдым. Содан соң ол кісі зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін оның орнын бастым. Міне, содан бастап ұсталық өмірім басталды. Талай жайсаң жандармен қатар жүріп еңбек еттім. Еңбектің ыстығы мен суығын көрдім. Ел алдындағы азаматтық парызымызды орындауда аянбай еңбек еттім. Сол еңбегімнің зейнетін көріп, үлкен құрметке бөлендім, – дейді Хамит аға.
Расында да, «Еңбек – әлем әміршісі» дегендей, еңбек адамға бақыт, абырой мен атақ әкеледі. Бұл ақиқат. Міне, сондай тынымсыз да елеулі, жемісті еңбектің арқасында Хамит Қарақұлов аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, округ тұрғындарының мұң-мұқтажын жоғарғы органдарға жеткізуде, ауданда атқарылған жұмыстардың сапалы орындалуына күш-жігерін жұмсады. Елге сіңірген еңбегі үшін халықтан алғыс та алды. Бірнеше рет облыстық, аудандық партия комитетінің, салалық ведомстваның құрмет грамотасымен, басқа да мадақтамаларымен марапатталды. Тіпті, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалі мен Ленин комсомолының жоғарғы наградасы «Үздік еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Суреті аудандық орталық алаңдағы «Даңқ аллеясына» ілінді.
–Еңбек шындады, көп дос та тауып берді. Өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Иә, өмір шіркін, ол бір орында тұра бермейді екен. Десе де, 40 жылғы еңбегімнің арқасында көптеген атпал жанмен жұмыстас болдым. Сыйластым. Бірақ, олардың көбі бүгінде өмірден озған. Сол жылдары өзіммен бірге қызметтес болған ағаларым мен қатарластарымнан Әлім Ұзақбаев, Серік Түймебаев, Марат Тілеубергеновтер қалыпты. Ал, шеберхана меңгерушісі болған Сүндет Әбуов, Нағымет Жидебаев, Әнуар Жалғасбаев, электрмен дәнекерлеуші Жаймұрат Қысанбаев, ұстаздарым Тельман Оспанов, Жұмағали Тұрсынбаевтай әрдайым арқамнан қағып, ақылын айтып жүретін қайран ағаларым бүгінде көзі жоқ болса да, әрбірінің жылы жүзі жүрегімнің түкпірінен орын алған. Сондай-ақ, ағалық ақылымды айтып, ақжол тілегін шәкірттерім Әлібек Калеков, Қанибек Төлепов, Бисембек Орынбаев және басқалар әлі күнге дейін жолымды кескен емес. Міне, осындай азаматтардың арқасында мен елге танылдым, құрмет төрінен көріндім. Тіпті, қолыма сол бір жылдары әркімнің қолы жете бермейтін «командирский» деген қол сағатты да тақтым. Одан да басқа көптеген сый-құрметке бөлендім. Мұның бәрі еліме деген құрметімнің арқасы екенін жақсы білемін, – дейді өткен өмір жолын еске алған Хамит Қарақұлов.
Осы арада біздің әңгімемізге отанасы Мәдина апай араласып, бір естелікті еске түсірді.
–Тоқсаныншы жылдардың басы болса керек. Ол кезде әр сала бойынша облыс орталығында жәрмеңке өтетін-ді. Міне, сондай жәрмеңкеге біздің де қатысуымыз керек болды. Ойлана келе мен қызмет ететін газ мекемесінің сол кездегі басшысы Мұхит Мұхамбетияров үйге келіп, отағасына түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап беруге өтініш айтты. Уәделескен уақытта олар тапсырыс берген бұйымдарын алып кетіп, Қызылорда қаласындағы жәрмеңкеге барды. Сол уақытта шараға қатысқан аймақ басшысы Сейілбек Шаухаманов әр мекеменің түрлі заттарға толы сөрелерін аралап жүріп, біздің мекеменің жанына келіп тоқтады. Хамит ағаларыңның іскерлігімен істелген бұйымдарды қолымен ұстап тамашалады, әсіресе түрлі формадағы кетпендерді қызыға қолына алып, «Міне, қазаққа керек нәрсе. Мына кетпенді жасаған ұстаға менің алғысымды жеткіз, – деп Мұхаңа тапсырма береді. Ал, өз кезегінде мұндай қошеметке бөленемін деп ойламаған мекеме басшысы ауылға жеткен соң Хамит ағайыңа аймақ басшысының алғысын жеткізіп, қошемет көрсетті.
Иә, «Еңбек түбі-береке» дегендей, осындай еселі еңбегімен ел-жұртының құрметіне бөленген Хамит Қарақұлов бүгінде отыз жыл аудандық газ шаруашылығында еңбек еткен Мәдина Байниязовамен отау құрып, Шаттық, Гауһар, Гүлдана және Ерболат атты қыз-ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол үкілеп өсірген ұрпағының барлығы да отбасылы, олар бақытты да шаттыққа толы әулет иелері Хамит пен Мәдина аға-апайымызға 6 немере сыйлап, олардың қызық пен бақытқа толы өмір сүруіне барлық жағдай жасауда.
Хамт ағамен бірге өзі жұмыс істеген, істеген дейміз-ау әлі де істейтін баяғы «РТС»-қа келдік. Шеберхана есігін ашып, көзіне ыстық болып көрінген баяғы қара төсті қолымен сипалап, қолына қара балғасын алды да төске бір темірді қойып ұрғылап, тым көркем күрсінді де: – Қимаймын! Мына төс, мына пеш пен мына балға, бәрі-бәрі маған ыстық. Анау ілулі тұрған май-май алжапқыш менің бар саналы өмірімнің куәсі, – деп көзін сүрті. Ағаны түсіндім. Расында да, кім бар саналы өмірін осындай шағын ғана шеберханада өткізді дейсің? Ұзақ үнсіздіктен соң, іркілместен ұста әңгімелей жөнелді. – Бірде жұмысқа келіп, шеберханамды ашсам мына төсті айнала жатқан бірнеше жыланды көрдім. Қатты қорқып кеттім. Біраздан соң есімді жидым да, жыландарды түрткілеп есіктен шығарып жібердім. Келесі күні сол көрініс қайталанды. Тағы шығарып жібердім. Сөйтіп біршама күн жыландармен арпаластым. Тіпті, адамдар менің шеберханама кіруге қорқа бастады. Ал, мен үйреніп кеттім. Солай күндер өтіп жатты. Енді бір күні шеберхананың есігін ашып, әдеттегідей есік жанында сүйеулі тұрған түрткішімді алып төсті айнала жатқан жыландарды сыртқа шығарайын деп оқталғанымда жыландар жоқ. Қуанып кеттім. Бұл көрініс кейіннен ұмыт та болды. Күндер де зуылдап өтіп жатты. Зейнеткерлік демалысқа шықтым. Үйден ауыл-аймақ тұрғындарының тұрмыстық бұйымдарын істеп, ойымды бөліп жүрген кезім. Бірде өзім меншіктеп алған шеберханама кіріп, төске балғамды қоя бергенімдежұп-жұмсақ бірдеңені басып кеттім. Байқасам жылан жатыр екен. Қорқып кетіп, далаға жүгіріп шықтым. Баламды шақырып, жыланды екеуліп жүріп, жақын жерде орналасқан кәріс ағайындардың қорымына апарып тастадық. Қайтып келіп жұмысымды жалғастыра бердім. Келесі күні көршімнің жөндеуге әкеліп тастаған самаурынының шүмегін жөндеуін деп сарайға кіргенімде төс астында жатқан баяғы жыланды көрдім. Тағы баламды шақырып, жыланды сыртқа шығарып жібердік. Қайдан естігенін білмеймін. Бірде үйге марқұм Аманкелді Ағытаев деген ағайым келді. Қасында өңі боз болып кеткен кішкене баласы мен егде тартқан әйел кісі бар. Ана әйел көліктен түсе салысымен маған жақындап: – Хамитжан сен бізге өкпелеме. Сөзімізге де күлме. Қызымыздың дертіне еш жерден дауа таппадық. Сұрастыра келе сенің үйіңде өзің жұмыс істейтін, көптен келе жатқан төс бар екен. Төс деген киелі тас екенін сен білмейтін де шығарсың, айналайын бізді сол төске апар, мына баламызды ұшықтатайық, – деді. Мен аң-таң. Сәл кідірдім де, меймандарды төс тұрған сарайға апардым. Әйел баланы төске еңкейтіп, бірер шара жасады. Содан соң алғысын айтты да көлікке отырып, жөніне кетті. Кейіннен Аманкелді ағаның өзі келіп, алғысын айтып кетті. Сөйтсем манағы бүлдіршін үйге барғасын құсып, терліп, қатты ұйқыға кетіпті. Содан кейін тәуір болыпты. Міне, содан кейін барып мына төстің киелі екенін, қадір-қасиетін білдім, – деді Хамит аға.
Иә, сол қара төс бүгінде Хамит ағаның шеберханасында тұр. Кәдімгі қара төс. Бірақ, оның қасиетті екенін ешкім де білмейді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ