ҚАЗАЛЫДА «ЖОМАРТ ЖҮРЕК» ЛАУРЕАТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«Жомарт жүрек» жобасы маңызды қоғамдық бастамаларды көтеріп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық және басқа да салалардағы маңызды жобаларды нәтижелі атқарған жанашыр азаматтар мен ұжымдарды марапаттайды. Салтанатты марапаттау аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде өткізіледі. Біздің облыста марапаттаудың алғашқы кезеңі Арал ауданынан басталған-ды. Міне, ол Қазалы ауданында жалғасып отыр.
Иә, азаматтық жауапкершілікті жоғары қоятын, жаны жайсаң мейірімді жандар қашанда қоғам назарынан тыс қалған емес. Осы орайда Қазалы ауданы әкімдігінде қоғам жұмысына белсене ат салысып, қайырымдылық қызметтерді ауқымды түрде атқарып, ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ұйымдар мен азаматтарды құттықтауға арналған "Жомарт жүрек" салтанатты шарасы өтті.
Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов аудандық жобалық кеңсе құрамындағы сарапшылар кеңесінің шешімімен жарқын болашақ жолында еселі еңбек еткені үшін «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы» және «Ерен еріктілік» номинациялары бойынша бірнеше азаматтар мен ұйымдарға "Диплом" мен ескерткіш сыйлық табыстады.
Номинация иегерлерін Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы Талайлы Бөріқұлақов құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

