«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ӘЛЕУМЕТТАНУ ТЕОРИЯСЫ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударуға пәрмен берген 100 кітаптың 18-ін аударылғаны мәлім. Нақты кезеңде екінші кезеңмен қазақ тіліне тәржімаланатын 30 кітап бойынша аудару үдерісі жүріп жатыр.
Біз бүгінгі мақаламызда қоғамдық бастамаларды, әлеумет пікірін, халықтың беталысын зерттейтін әлеуметтану негізіндегі Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкийдің «Әлеуметтану теориясы» кітабы туралы сөз қозғамақпыз. Әлеуметтанудың сан түрлі қырларын толық қамтыған кітаптың осы бағытты игеріп жатқан студенттерге де, салада еңбек етіп жүрген мамандардың да жұмысына айтарлықтай пайда әкеледі деп болжануда.
Алдымен осындай кітапты қаламынан тудырған авторлар жайында бірер сөз қозғай кетелік.
Джордж Ритцер - метатеорияны, жаңғыру үдерісін толық игерген америкалық әлеуметтанушы, профессор. 2001 жылдан бастап осы уақытқа дейін АҚШ-тың Мэриленд университетінің еңбек сіңірген профессоры болып саналады. Сондай-ақ, ғалым Итака қаласындағы Корнелл университетінде де қызмет жасаған. 1968-1970 жылдары Тулейн университетінде профессорлардың көмекшісі, 1970-1974 жылдары Канзасск университетінде адъютант-профессор лауазымында болған. Ал 1974 жылдан 2001 жылға дейін Мэриленд университетінде профессор болып, мыңдаған студентке дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеген.
Сондай-ақ, Суррей графтығындағы университетте, Қытай Халық Республикасындағы Шанхай университетінде, Канададағы Тампер университетінде, Германиядағы Бремен университетінде дәріс оқыған. Сонымен қатар, Мэриленд университетінің арнайы сыйлығының лауреаты, Америкалық әлеуметтанушылар ассоциациясының білім беру жолындағы еңбегі үшін алғысымен марапатталған. Және де Аустралиядағы Латроуб университетінің құрметті докторы, 2004 жылы Оңтүстік әлеуметтанушылар қоғамының президенті дәрежесіне көтерілген.
Қоғамның беталысын нақтылап, жалпыхалықтық идеологияны анықтап, соған орай қызмет жасайтын мамандардың қызметінің қаншалықты маңызды екенін, жауапкершілігінің ауыр екендігін өз лекцияларында және дәл осы біз тақырыпқа арқау етіп отыраған еңбегінде кеңінен баяндаған. Кітаптың ерекшелігі сол – оқулықта бұрын-соңды әлеуметтану саласының тарихында кездеспеген тың идеялар айтылып, қоғамдық мәселелерді зерттеу, қоғамдық пікірді жөнді басқару секілді бағыттардың жаңа әрі жеңілдетілген концепциясын ұсынады.
«Әлеуметтану теориясы» оқулығын Джорд Ритцер жалғыз өмірге әкелген жоқ. Әлемде әлеуметтану саласы бойынша баламасы жоқ оқулықтың ғылыми-тәжірибелік, сараптамалық бағыттарындағы тарауларында Джеффри Степницкий секілді ғалымның есімі аталуы шарт. Жағдаяттар шешу арқылы жас буынды оқытуда теориялық-практикалық бағытқа бетбұрыс жасауға өзіндік оң ықпалын тигізіп жүрген маманның дара қолтаңбасын оқырмандары біз сөз етіп отырған кітаптан айқын байқауға болады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша аударылатын кітаптарға қойылатын басты талаптардың бірі – кітаптардың түпнұсқа тілден аударылуы. Бұл кітапты ағылшын тілінен қазақшаға тікелей тәржімалаған - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Әбдірайымова.
Аудару жұмыстарымен айналысқан маман:
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты арнайы мамандарды сапалы деңгейде даярлауға көмек береді. Біз аударып жатқан кітаптар - әлемнің озық университеттерінде бірнеше жыл бойы қолданыста жүрген, сондай-ақ, қажеттілігі дәлелденген оқулықтар. Біз де аударып үлгерген оқулықтарымызды оқу үдерісіне енгізіп, сынап көрдік. Расымен, бұл кітаптар алабөтен ойлауға, жаһандық білімді дамытуға үлес қосатынына көз жеткіздік», - деді.
Елбасының болашақ иелері, келешек тұтқасын ұстайтын атқамінерлер – жастарға жасап отырған мүмкіндіктері мен орнатып отырған қолайлы жағдайы – әлемдік саясатта әлі толық көрініс бере қоймаған бастаа. Бір ғана мысалмен бұл сөзді дәлелдеуге болады. Ағылшын тіліндегі түпнұсқалары жүздеген доллар тұратын кітаптар қазақ тіліне аударылып, студенттердің қолдануына тегін беріліп отыр. Ал осы жолда қанша қаражат жұсалатыны туралы ойласақ, кез-келгеніміздің көз алдымызға қажырлы еңбек, соңы шұбалған нөлдіктерге ұласатын сандардан тұратын ақша мөлшері елестейді.
Әлеуметтанудың негізін тура түсіндіріп, ғылыми-ағартушылық бағытта жазылған кітаптардың әлеуеті өте зор. Осындай мүмкіндіктер үшін кез-келген жас буын өкілдері мемлекет басшысына, сондай-ақ, міндеттемелерді абыроймен атқарып отырған Ұлттық аударма бюросының басшылығына, аудармашылар мен редакторлар алқасына алғыс білдіруі шарт. Тек алғыс білдіріп қана қоймай, іске асқан игіліктер нәтижесін оңтайлы пайдаланып, біршама уақыттан кейін жиған біліі арқылы ел дамуына үлес қосатын маманға айналуы қажет.