БЕДЕЛІ БИІК БІЛІМ ОРДАСЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды тапсырып, еліміз бойынша біраз нәтижелі іс қолға алынды. Бұл бағытта аймақ білімінің қарашаңырағы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде де жүйелі жұмыстар бар. Тілшіміздің осы оқу орны ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновпен сұхбатында беделі биік білім ордасындағы оң бастамалар жайлы тарата айтылады.
– Қылышбай Алдабергенұлы, заманға сай білім беру үрдісі қалыптасқан еліміздегі іргелі оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырсаңыз...
– Университетіміз 2018 жылы Қазақстанның үздік ЖОО Ұлттық рейтингі қорытындысы бойынша (НАОКО рейтингі) жоғары 9-орыннан көрінсе, Еуропа және Орта Азия елдері университеттерінің 2900-ден астам ЖОО-лары арасында 2018 жылдың ақпан айында Үздік 300 университет тобына енді. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың «Признание» халықаралық сыйлығына ие болды. Сыр өңіріндегі ір¬ге¬лі білім ордасының негізі қаланғанына 80 жыл толуы республикалық деңгейде аталып өтті.
Бұл жетістіктер – университет ұжымының 2011-2012 оқу жылынан бастау алған сараланған бағдарламаларының, сындарлы қадамдарының, жүйелі де жоспарлы жұмыстарының лайықты нәтижесі. Мақсатты жүргізілген білім беру саясатының, қаржыландыру мен ғылымды басқарудың жаңа формаларын ендіруі арқасында университет жыл сайын жаңа белестерді бағындырып келеді.
Аталған уақыттан бастап университетті инновациялық технологиялар мен жаңа басқару қағидалары негізінде мамандар даярлайтын инновациялық-кәсіпкерлік типтегі жоғары оқу орнына айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы мақ-сатта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 2012-2016 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары жасалып, толық орындалды. Бүгінде 2017-2021 жылдарды қамтитын даму жоспары жүзеге асырылуда.
2013-2014 оқу жылынан бастап бүгінге дейін университеттің бакалавриат, магистратура және докторантурасының (PhD) 80 білім бағдарламасы Білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің маман-дандырылған аккредитациясынан, 2015 жылғы ақпан айында университет мемлекеттік аттестациядан табысты өтті.
2012 жылдың 20 наурызында тұңғыш рет 9 мамандық бойынша PhD докторантура ашылды. Университет ғылыми және ғылыми-техникалық ұйым ретінде 2 рет аккредиттеуден өтті (2012, 2018 жылдары) 2015 жылдың 28 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен тарихи және мәдени ескерткіштерге археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізуге арналған мерзімі шектеусіз мемлекеттік лицензияға ие болды.
– Бүгінгі талап – ғылым мен өндірісті бір арнада тоғыстыру екендігі белгілі. Осы орайда университеттің ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруы қай деңгейде?
– Ғылыми-зерттеу жұмыстары 2012 жылдан бастап ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде жүргізілуде. Нақты айтқанда: 2012-2014 жылдары – 10 гранттық жоба, 2015-2017 жылдар аралығында 4 жоба жүзеге асырылса, қазіргі күні 2018-2020 жылдарға арналған 9 жоба орындалуда. Мұндай көрсеткіштер университет тарихында бұрын-соңды болмаған. 2011 жылы инновациялық жобалар каталогы әзірленуі нәтижесінде кәсіпорындармен және бизнес-құрылымдармен өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойыла бастады. 2017 жылы ғалымдардың жаңа жұмыстарынан тұратын осындай каталогтың екінші шығарылымы жарық көрді.
2012-2017 жылдары университет ғалымдары 80-ге жуық патент алды, 60-тан астам монография, бірнеше мың ғылыми мақалалар жариялады, Халықаралық рецензияланатын журналдарда, импакт-факторы нөлден жоғары шетелдік басылымдарда – 600-ден астам ғылыми мақала жарық көрді. 15 ұстаз-ғалымдарымыз «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды.
Университет жанында 2008 жылы құрылған «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында шетелдік ғалымдармен бірлесіп, аймақтың шикізаттық ресурстары, экологиялық және экономикалық ерекшеліктеріне негізделген іргелі және қолданбалы зерттеулер орындалуда.
2011-2012 оқу жылында ашылған «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, 2016-2017 оқу жылында ашылған «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығы, «Мәңгілік Ел» ғылыми-әдістемелік орталығы және «Рухани жаңғыру» оқу-әдістемелік орталығы, сонымен қатар 2013 жылы ашылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының жанындағы «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларды түбегейлі зерттеуге, ұлт тарихын оқытудағы және жастарға патриоттық тәрбие берудегі өзекті мәселелерді шешуге үлестерін қосуда.
Ғылым мен бизнестің ықпалдасуының маңызы ерекше екені белгілі. Бұл тұрғыда 2013 жылы технологияларды коммерцияландыру орталығы, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп Аймақтық инновациялар офисі ашылды. Сондай-ақ, білім алушылар мен ғылыми қызметкерлердің өзі бизнес-идеялары мен инновациялық жобаларын іс жүзінде жүзеге асыруына мүмкіндік жасау мақса-тында 2017 жылдың мамыр айында «Business-START» орталығы ашылып, онда бүгінгі таңда 22 жоба бойынша 75 студент өз кәсіптерін ашып, жұмыс жүргізуде.
– «Үш тілде білім беру», «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда университет тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Университет алғашқылардың бірі болып 2012-2017 жылдарға арналған көптілді білімді дамыту тұжырымдамасын жасады. Осы тұжырымдамаға сәйкес бағдарлама дайындалды. 2012-2013 оқу жылынан бастап бакалавриаттың 4 мамандығы бойынша 1 курс студенттері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқи бастады. 2015-2016 оқу жылынан бастап 16 мамандықтың студенттері үш тілде білім алуда.
Университетте жасалған «Е-универ» электрондық университет жүйесі барлық құрылымдық бөлімдерінің жұмыстарын автоматтандырумен қатар, қашықтықтан оқыту технологиясы және ашық білім беру ресурстары арқылы оқу үдерісін ұйымдастыруда. 2017 жылдың 11 тамызында халықаралық CISCO академиясының және Майкрософт компаниясының, отандық «Казроботикс» компаниясының филиалдары ашылды.
Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 20-дан астам отандық, 40-тан астам шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалған. Сонымен бірге Еуропалық Одақтың Темпус және Эразмус Мундус бағдарламалары бойынша 5 бірлескен еуропалық жоба жүзеге асырылуда.
2012 жылдан бастап, рейтинг нәтижесі бойынша әр оқу жылының соңында уни-верситеттің «Үздік оқытушы» кон¬курсы өткізіледі. Конкурс нәтижесі бойынша 100-ден астам оқытушы-профессорға еңбекақыларына қосымша ай сайын үстемеақы беріліп келеді. Сонымен қатар, университетте үш тілде білім беру бағдарламасын дамыту аясында 56 профессор-оқытушы IELTS халықаралық емтиханын тапсырып, жоғары балл жинағандары еңбекақыларына ай сайын қосымша үстемеақы алуда.
Жыл сайын 100-ге жуық үздік, белсенді студент университеттің және облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподақ комитетінің қаржыландыруымен, тынығу лагерьлерінде бір апталық тегін демалыстарға жіберіледі.
Бүгінде университет 62 бакалавриат, 30 магистратура, 9 PhD докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Жақында ғана бұларға қосымша бакалавриаттың математика-информатика, физика-информатика мамандықтарын ашуға қол жеткізілді. Университеттің ғылыми-педагогикалық қызметін 516 профессор-оқытушы, оның ішінде 20 ғылым докторы, 217 ғылым кандидаты, 16 PhD және 180-нен астам ғылым магистрі атқарады.
Ресей Федерациясының Мәскеу, Қазан, Орынбор қалаларына 2011 жылдан бері 25 аспирант, 54 магистрант жіберілді. Бір ғана Қазан қаласының жоғары оқу орын-дарында 2013 жылдан бері 58 жас маман білім алды. Арнаулы қаржы есебінен оқуға жіберілген жас оқытушыларымыз магистрлік, PhD докторлық диссертацияларын табысты қорғап келуде. Бүгінде университеттің осындай 40-тан астам жас ұстаз-ғалымдары ұжымның профессор-оқытушылар құрамында білім сапасын көтеру мен жан-жақты білім алған тұлғалар тәрбиелеу ісіне белсене араласуда.
– Бүгінде техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті нарық сұранысына сай жұмыс атқарып жатыр ма?
– Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен 2013 жылғы 31 мамырда Қамқоршылық кеңесі құрылды. 2016 жылғы 9 шілдеден Байқау Кеңесі жұмыс істей бастады.
Аймақ басшысы тарапынан университет ұжымына әрдайым қамқорлық көрсетіліп келеді. 2013 жылдан бастап жыл сайын аймақтың білім, мұнай газ ісі, құрылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы секілді түрлі салаларын қажетті мамандармен қамтамасыз ету және жастарды қолдау мақсатында облыс әкімінің білім гранттары бөлінуде. Бүгінгі күні университетте 428 студент облыс әкімінің білім гранты иегері атанды.
– Университетте алдыңғы буын өкілдерінің де есімі мен еңбегін құрметтеудің жақсы үлгісі қалыптасқанын білеміз...
– 2012-2017 жылдары университетте 180-дей ғылыми іс-шара, оның 14 проценті халықаралық деңгейде, 34 проценті республикалық деңгейде өткізілді. Университет күшімен жүзге жуық ғылыми конференция жинақтары, монографиялар мен кітаптар жарық көрді. 2007 жылы аймақтағы бірден- бір іргелі жоғары оқу орнының 70 жылдығына орай «Сыр еліндегі іргелі білім ордасы» кітабы, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары» атты библиографиялық анықтамалық баспадан шықты.
Білім ордасының 75 жылдығына арналған «Біз – түлектерміз», «Университет ақ-парат айдынында (1998-2012 жж.)» жинақтарының бірінші шығарылымы және «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті: Қалыптасуы мен даму жылдары» кітабы, үш тілде шыққан фотошежіре жарық көрді.
2017 жылы университеттің 80 жылдығы аясында жоғарыда аталған жинақтардың («Біз – түлектерміз», «Университет ақпарат айдынында (2012-2017 жж.)» екінші шығарылымы мен «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті» кітабы жарияланды. Бұларға қоса оқу орнының қалыптасуы мен дамуында өзіндік үлесі бар дүниеден озған ұстаздар мен қызметкерлер туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылған «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты тұңғыш кітап оқырмандарға ұсынылды. Бұл – еліміздің жоғары оқу орындары тарихында бұрын-соңды болмаған жоба. 2016 жылы республика жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып танымал ғалым-ұстаздарымыздың өмір және еңбек жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша кітаптар шығаруды бастадық. Бүгінгі күнге дейін аталған серияның 4 шығарылымы жарық көрді.
Мұндағы мақсатымыз – аға ұрпақтың өмір өнегесін, ізгілікті істерін, ғылыми мұрасын жас ұрпаққа үлгі ету, оларға құрмет көрсету және жастарды Отанын сүйетін, парасаты биік, арына дақ түсірмейтін тұлға ретінде тәрбиелеу.
– Сыр еліндегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің алдағы жоспарларымен бөліссеңіз...
– Көпсалалы университеттің өткен 20 жыл ішіндегі даму белестерін саралау нәтижесінде алда атқарылар жұмыстың жоба-жоспары жасалды.
Бірінші – өңір экономикасы салаларына мамандар даярлау. Қызылорда облысында қызмет ететін мамандардың басым көпшілігі (70-75 проценті) Қорқыт Ата университетінің түлектері.
Екінші – өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту ісіне атсалысу. Университет қабырғасында дайындалып, қорғалған диссертациялар, дипломдық жұмыстар, жаңа мазмұндағы жобалар, ғылыми-зерттеу нәтижелері мен инновациялық жұ-мыстар өндірістің өзекті және практикалық маңызды проблемаларын шешуге елеулі ықпал етіп келеді.
Үшінші – аймақ халқын жұмыспен қамту. Біздің университет мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған жұмыс беруші.
Төртінші – өңірдің рухани-интеллектуалдық келбетін айқындау. Төл өнеріміз бен мәдениетіміз Қорқыт баба заманынан бастау алып, одан бергі ғасырларда дамып келеді. Бүгінгі күні университет ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өркениеттің туын биік ұстап, киелі қарашаңырақ ретінде белгілі болып отыр.
Бесінші – университет аймақта өтетін ғылыми іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу жұмыстарына белсене атсалысуда.
Оқу орнының мәртебесін қысқа уақытта осылайша орнықтыру, таныту, мойындату – оңай шаруа емес. Ол – ұжым мүшелерінің бекем бірлігінің, қажыр-қайратының, терең ізденістерінің, төккен терінің, өз ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығының жемісі.
Жоғарыда аталған жетістіктермен қатар алда тұрған жаңа міндеттер бар. Олар:
- университеттің әлемдік QS рейтингіне белсене қатысуы;
- оқу үдерісін ұйымдастыруда әлемдегі жетекші университеттер мен Назарбаев Университеті тәжірибелерін іске асыру;
- студент-жастарды «Мәңгілік Ел» идеясының рухани-ізгілік құндылықтары негізінде тәрбиелеу;
- студенттерді ағылшын, орыс тілдеріне үздіксіз оқыту және мемлекеттік тілді білу деңгейін жетілдіру;
- оқу үдерісіне 3D-модельдеу мен робототехниканы ендіру іс-шараларын жүзеге асыру;
- ғалымдардың коммерцияландырылған және өндіріске ендірілген жобаларының санын көбейту;
- докторантура бағдарламасы бойынша жаңа мамандықтарға лицензия алу;
- тиімді оқыту, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық базаны одан әрі жетілдіру.
Университеттің білім беру қызметін заман талабына сай өркендету бағытында талай асуларды бағындырдық, алдағы белестеріміз де ауқымды. Жиырма жылды тарих көшіне жіберген, көпсалалы аймақтық университеттің болашағы баянды, келешегі кемел болатынына сенімдіміз!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Ә. ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.