СУҒА ТҮСУДІҢ ДЕ ТӘРТІБІ БАР
Су айдындарындағы ескертуге құлақ аспайтындар көбейген. Белгіленбеген жерлерге шомылып, бақытсыздық жағдайға тап болу оқиғасы жиілеген. Бұл туралы облыстағы төтенше жағдайларға жауапты сала басшылары Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
Облыс бойынша 2018 жылдың басынан бастап 8 адам суға кеткен, оның 2-еуі бала. Күнделікті күшейтілген режимнің нәтижесінде 13 тұрғын су бетінен аман алып қалынды. Аймақтағы төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу маусымы қарсаңында демалыссыз әрі үздіксіз жұмыс жасауда. Тіпті өрт сөндірушілер мен жергілікті полиция және еріктілер де осы жұмысқа тартылған.
Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары С.Молдақараев: «Департамент пен жедел құтқару жасағының қызметкерлері жазғы суға түсу маусымында қайғылы оқиғалардың орын алмауы үшін тынымсыз тер төгуде. Қазіргі кезде облыстың барлық аумағында кезекшілік таңғы сағат 08-ден түнгі 23.00-ге дейін ұйымдастырылуда. Тұрақты түрде жүргізіліп жатқан рейд, профилактикалық шараларға қарамастан суда қаза болғандардың саны азаяр емес. Облыс бойынша 2018 жылдың басынан бастап 8 адам суға кеткен. Оны бесеуі суға түсу маусымында орын алған.
Сала мамандары судағы қауіпсіздік ережесі талаптарының сақталмауынан төтенше жағдайлардың болатындығын алға тартады. Тіпті кейбір тұрғындар ескертуге қарамастан қауіпті аймақта шомылуды тияр емес. Баспасөз конференциясында судағы төтенше жағдайдың алдын алу үшін облыстың барша тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және жағалауда балаларды қараусыз қалдырмау туралы баса айтылды.