«АЙҚАРАКӨЗ» – БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ
Міне, бүгін ел кіндігіне айналған ару қала, төрткүл дүние көз тіккен жауһар шаһар Астана өзінің мерейтойын атап өтуде. Жалпы, жыл басынан бері республика аумағында елорданың туған күніне арналған түрлі шаралар өткізілгені мәлім.
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Ел жүрегі – Астана» тақырыбында халықаралық көпжанрлы байқау өткен-ді.
Айтулы байқауға Қармақшы аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Айқаракөз» би ансамблі де қатысты. Сәния Молдабаева жетекшілік ететін би тобы аталған байқауда «Хорезм» биімен өнер көрсетті. Осылайша, балалар би ансамблі «Хореография» жанры бойынша 28 би тобы ішінен бас жүлдені жеңіп алып, Сыр елінің мерейін асқақтатты.
– Астана төрінде өткен байқауға еліміздің әр түкпірінен кәсіби деңгейі жоғары би топтары қатысты. Қазылар алқасында майталман мамандар, кіл мықтылар отырды. Өнерпаз балдырғандарымыз намысты қолдан бермей, биіктен көрінді. Би тобының жетекшісі С.Молдабаеваға алғысымызды білдіреміз, – дейді топ мүшесінің анасы Гаухар Жәкебайқызы.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
Қармақшы ауданы