АСТАНА – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ МЕКЕНІ
Тәуелсіз қазақ елінің туы көтерілген күннен бастап еліміз өзін бейбітшілік мекені ретінде танытты. Қазақ халқы әлімсақтан бері бейбіт, мейірман ел болғандықтан еліміздің Президентінің алғашқы Жарлықтарының бірі Семей полигонын жабу туралы болуы бекерден бекер емес еді.
Жаппай жою қаруына жол бермеу мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қазақстан әлемдегі төртінші көлемдегі ядролық қаруын пайдаланбау үшін АҚШ-қа сақтауға өткізген еді. Сол күндері әлемдегі ядролық қаруға қол жеткізгісі келетін бір қатар елдер бұл қаруды өздеріне сатуды сұрағанымен оған келіспеді. Бұл Алматының сол кездегі көреген саясаты еді. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстарғаннан кейін бұл саясат тоқтаған емес, керісінше одан алдыға өрбіді. Бұның көрсеткішінің бірі Астана қаласындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі.
Жаһандық деңгейде түрлі конфессия өкілдері бір-бірімен қырғи қабақ соғысып жатқан кезде, Астана өзін дінаралық сұхбаттың жаңа алаңы ретінде көрсетті. Елбасы, Ұлт көшбасшысының байыпты саясаты арқасында Қазақстанда бүгінгі күні 100-ден астам этнос пен 18 конфессия өкілдері бейбіт өмір сүруде.
Президенттің бастамасы бойынша әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының диалогқа түсуі, болашақта діни кикілжің мен қақтығыстардың алдын алуға жаңа мүмкіндік берерін барша әлем мойындады. Қазіргі заманның үлкен проблематикасының біріне айналған экстремизмнің дінге негізделген формасының алдын-алудыңда бір жолы екені уақыт келе көрінді.
Естеріңізде болса, 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астана қаласында өткен алқалы жиынға ислам, христиан, буддизм және иудаизм діндерінің ең беделді қайраткерлерімен көшбасшылары қатысты. Форумның табысты жұмыс жасауы және жетістікке жететіндігіне кепіл ретінде қатысушыларды атауымызға болады. Елбасының Астана төріндегі бастамасын әлемдік деңгейде беделді қайраткерлерден қолдау тапты, атап айтқанда К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цзяминь, Н.Манделла және т.б.
Форум жұмысын қорытындылап рухани көшбасшылардың әлемнің үйлесімді дамуы үшін біріккен іс-қимыл жасау туралы Декларацияны қабылдады. Аталмыш шараның тұрақты негізде үш жылда бір өткізу туралы І Съезд қатысушылары шешім қабылдады.
Ал 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде съезд өз жұмысын арнайы шара үшін салынған Бейбітшілік және келісім сарайында бастады. Форум жұмысы негізгі екі бағытта өтті: «Діни наным сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі».
Форум жұмысының бастапқы күні «Дін аралық диалог қағидаттары» атты, тоғыз пункттен тұратын құжат қабылданды. Бұл қужатты ең басты рөлді толеранттылыққа бөледі.
Еліміздің этносаралық және конфессияаралық саясатының басты негізі осы толеранттылық болып келеді. Елбасының сөзінде айтылғандай толеранттылық бүгін не кеше пайда болған құбылыс емес, керісінше қазақ халқының қанында бар дүние. Тарих қойнауына қайтпастан кеткен Кеңес билігінің қара парақшаларының бірі Гулаг жүйесін еске алсақ, бұрынғы Ақмола маңайындағы АЛЖИР жадымызға келеді. Қиын қыстау заманда тағдыр тауқыметіне түскен өзге ұлт өкілдерімен соңғы күртешесімен, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқы осының көрсеткіші.
Форумға қатысушы делегаттар «қырғиқабақ идеологияны» «әлем мәдениетіне» ауыстыру жаһандық қажеттілік ретінде арнайы көрсетті.
Кезекті ІІІ съезд жұмысына Еуропа, Азия және Американың 35 елінен 77 делегацияның келуі Астана алаңының беделінің өсуінің көрсеткіші ретінде санауға болады.
ІІІ съезд жұмысының жаңалығы бес секциялық бағытта болуы.
•Моральдық және рухани құндылықтар;
•Әділеттік, бейбітшілік және қауіпсіздік;
•Қоршаған орта және үйлесім;
•Диалог және әріптестік;
•Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынтымақтастық;
2012 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Бұл съезде дін көшбасшылары азаматтық қоғамның басқада мүшелерімен ынтымақтастықта жұмыс жасауға шақырылды. Форум жұмысы төрт негізгі секциялық жұмыста болды:
•Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшыларыдың рөлі;
•Дін және мультикультурализм;
•Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар;
•Дін және жастар.
2015 жылғы Съезд жұмысына әдеттегідей дін өкілдері ғана емес, әлемдік және халықаралық қатынастағы беделді қайраткерлер қатысты. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания каролі Абдалла ІІ, Финляндия мемлекетінің басшысы Саули Ниилисте бастаған 42 елден 80 делегация қатысты.
ІV форум жұмысы сол кезеңдегі этникалық және діни қарсылыққа толы аймақтардың проблематикасын шешуге бағытталған болатын. Жұмыстың басты тақырыбы «Бейбітшілк пен даму үшін сұхбат» тақырыбы аясында өтті.
Негізінен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съездері» әлемдік қауымдастықтың жахандану үрдісі алдындағы талаптарды, діни немесе этникалық негіздегі конфликттіге жеткізбей шешуге бағытталған. Бұл мәселелерді шешуде Астананың басты көздеген мақсаты тек мемлекеттік немесе халықаралық ұйымдардың жауапкершілігіне арту емес, керісінше, азаматтық қоғамның белсенді де беделді мүшелері арқылы шешу жолдарын табу болып табылады.
Барлығымыз білетіндей Қазақстан, Украина және Сирия мәселелерінде өзіндік ұстанымның бар екендігін көрсете алды.
Осының көрсеткіші ретінде Украина мәселесіндегі «Астаналық келісім», екі тараптында қаруды қолдануда шектеулерді мойындау болып келеді.
Мұсылман әлеміндегі қазіргі таңда жарасы тартылмаған тағыда бір мәселе ол Шам еліндегі азаматтық соғыс. Осы ретте Астана өзінің алаңын ұсыну арқылы, бес жыл көлемінде соғысып келе жатқан, және де келіс сөздерге келе алмай отқан тараптарды өз алдына келіс-сөз жүргізу үшін тағыда жұмыс атқарды.
2017 жылдың қаңтарынан бастап Сирия мәселесінде келіссөздер жүруде. Бүгінгі күнге дейін келіссөздің 9 кезеңі өтуі, біздің еліміздің бұл мәселедегі саясатының тұрақтылығын көрсетеді.
Келіссөздердің кепіл мемлекеттері Ресей, Иран және Түркия Астана алаңын таңдауы халықаралық қатынаста Астананың беделін мойындау деп қабылдауымызға толық кепіл. Осы орайда біздің Астана ХХІ ғасырдың Бейбітшілік пен келісім мекені екенін айқын көрсете алды.
Бұл бірінші ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясаты деп толыққанды айта аламыз.
А.ЖАППАСБАЕВ,
Дін мәселелерін зерттеу орталығының
діни бірлестіктермен жұмыс жасау
және ақпараттық түсіндіру бөлімінің маманы,
дінтану магистрі