«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» – КЕЛЕШЕККЕ КӨПІР
Адамзат өркениеті өте жоғары қарқынмен дамуда. Келешегіне көз жіберген ел заман ағымынан қалмауы тиіс. Осы орайда Елбасы «Цифр¬лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өмірге енгізді. Бүгінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы жер-жерде түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр.
Сандық жүйенің халыққа тиімділігіне тоқталайық. Қазірде қай мекемеге барсаңыз да қызметкерлер алдындағы қобыраған қағаздардан бас көтере алмайды. Сондықтан тиімді мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа технологияларды енгізу арқылы қағазбастылықтан арылып, уақытты үнемдеу қазіргі заманның талабы.
Дамыған мемлекеттердің қатарынан бой көрсетуіміз үшін бұл тұрғыда шабандық танытуға болмайды. Бұл жүйеге қалыптасу бізге ауадай қажет. Өйткені келешекте адамзат баласы цифрлы технологияның көмегіне жүгінеді. Бұл жүйе ең алдымен еліміздің экономикалық дамуына серпін береді. Яғни еңбек нарығындағы сапа мен өнімділікті арттырады. Мәселен, толығымен цифрлы технологияға көшкен өндіріс орындары адам қолымен жасалатын қателіктерге бой алдырмайды.
Ондағы барлық құрылғылар автоматтандырылған себепті жұмысшы саны қысқарып, шығын көлемі азаяды және қажеттілікке қарай жаңа технологияны меңгерген мамандарға деген сұраныс жоғарылайды. Өнім сапасы артып, өндірушілер кез-келген шетелдік ірі кәсіпорындармен бәсекелестікке төтеп бере алатын қабілетке ие болады. Екіншіден, цифрлық жүйе біздің күнделікті өмірімізге де жеңілдіктер алып келеді. Мәселен, қазірде Қазақстанның ішінде бір қаладан бір қалаға немесе шет елдерге темір жол, әуе қатынасы арқылы сапарлайтын жолаушылар көп.
Сапар алдында олар әуежайлар мен темір жол вокзалдарына барып уақыттарын жоғалтпайды. Үйлерінде отырып-ақ, анықтама бөлімдерінен қажетті ақпараттарын алып, билеттерге тапсырыс бере алады. Сондай-ақ, бүгінде орта мектептерге "Күнделік" бағдарламасы енгізілді. Енді ата-аналар оқушы балаларының сабаққа үлгерімін, қатысуын және сабақ барысындағы тәртібін үйлерінде отырып-ақ ғаламтор арқылы қадағалауға мүмкіндік алды. Электронды журнал ата-аналар үшін де, мұғалімдер үшін де тиімді. Сонымен бірге қазірде көптеген емханалар сандық жүйеге көшіп, "Қамқор" медициналық ақпараттық жүйесі енгізілді. Яғни, енді дәрігердің көмегі мен кеңесіне мұқтаж кез-келген адам аталған мобильдік қосымшаны ұялы телефонына жүктеп алу арқылы үйінде отырып-ақ дәрігердің қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие. Демек, келешекте науқастар емханаларда кезекке тұрып уақыт жоғалтпайды.
Сол секілді бүгінде жедел жәрдемнің қызметіне жүгінетіндер көп болғандықтан жедел жәрдем станцияларында Call-орталықтар ашылды. Денсаулығы сыр бергендердің телефон қоңырауын қабылдайтын орталық барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Мұнда қай дәрігердің қайда жүргенін, науқастарға қандай қызмет көрсетіліп жатқанын үлкен экран арқылы бақылау жайы қарастырылған. Бұдан бөлек, арнаулы көліктің ішіндегі заманауи қондырғылар шұғыл жағдайда адамдарға медициналық жәрдем беруге қауқарлы.
Бірақ, бұл орайда әлі де медицина қызметкерлері мен жергілікті ақпарат құралдары өзара бірлесіп жұмыс атқарып, жаңа жүйенің тиімділігін халыққа жан-жақты ашып түсіндіру керек. Өйткені, жаңаны жатырқап тұратын әдетімізбен медициналық ақпараттық жүйені тиімді пайдаланбай отырғандар арамызда әлі де болса көп.
Нақты кезеңде тұрғындардың жиі бас сұғатын мекемесі – «Қазпошта» акционерлік қоғамының жер-жердегі филиал¬дары. Электронды жаңашыл жүйе мұнда да енген. Бірыңғай төлем құжаттары, хаттарды қабылдап тапсыру секілді қызметтердің халыққа сандық жүйеде көрсетіле бастауы мұнда да келушілердің кезек күту мәселесін бір жолға түсірген.
Сонымен қатар, үлкен қалаларда сан түрлі қызметті біріктіріп, тұрғындарды қағазбастылықтан құтқаратын «Халықтық кеңсе» орталығы ашылды. Яғни, енді құжат рәсімдеушілер бұрынғыдай табанынан тозып әр мекемені жағаламайды және сарылып кезек те күтпейді.
Қазіргі уақытта аталған бағдарлама аясындағы дайындалған бірнеше жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлықты болдырмауға да септігі тиеді.
Қ.АХЕТОВ,
Жалағаш ауданы