ҚЫЗЫЛОРДА ЕМХАНАЛАРЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНІН ӨТКІЗДІ
24.kz мәліметі бойынша сырбойылықтар алдын ала тіркелусіз және ыңғайлы уақытта ем алуға мүмкіндік алды. Облыстың білікті дәрігерлерінен медициналық кеңес алған аймақ тұрғындары бұл күні озық қондырғылардың да қызметіне жүгінді. Қаладағы №2 емхананың мамандары бір сағат ішінде 300-ге жуық адамды тексерістен өткізді. Акция апта аяғына дейін жалғасады.
Сағидолла Рысалдиев, №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
- Бұл акцияның ерекшелігі, акцияға тек біздің емханаға тіркелген халық қана емес, жалпы кез келген осы маңнан өтіп бара жатқан, болмаса жақын маңда тұратын адамдар қатыса алады.
Алтынкүл Байниязова, қала тұрғыны:
- Менің қантым жоғары, қан қысымы бар, тағы тамақ ауырады. Бүгін акция болған соң дәрігерлерге көрініп, ем алып тұрмын. Жақсы қарап жатыр. Қан қысымым қалыпты болып, жақсы өлшеп, бірден емін беріп жатыр.