ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАУҚАРЛЫ КҮРЕС ҚАЖЕТ
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі¬леттілік» атты Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берді. Мұнда бесінші басымдықтың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. Сыбайлас жемқорлық елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт екенін бәріміз де білуге тиіспіз. Сондықтан да ел азаматтарының, әсіресе жастарымыздың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуын қамтамасыз етуіміз керек.
Облыстық филармонияда жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жиында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер зардабы туралы айтылды.
«2014 жылы «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданғаны белгілі. Осы стратегияда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында оны рухани жағынан қабылдамауға мән беріледі. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптастырылуын барлық еңбек ұжымдарында жүргізіп отырған дұрыс», - деді филармония заңгері М.Төремұратұлы.
Қазір сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлерін жою үшін Қазақстан азаматтарының құқықтық санасын арттыру шаралары жүргізілуде. Өйткені, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімінің болмауына байланысты абайсызда сыбайлас жемқорлықтың қатысушылары болып қалуы мүмкін.
Бүгінде мемлекеттік органдарда сенім телефондары орнатылған. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі туралы мақалалар жариялануда. Бұған қоса, түрлі ұжымдарда жиындар, түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, аталған ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты жыл басынан бері бірқатар шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы А.Сәлімжанқызының қатысуымен ұжымда «Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зардабы» тақырыбында жиын өткізілсе, «Қызмет барысында және қызметтен тыс кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін алдын-алу» тақырыбында филармония заңгері М.Төремұратұлы қоғам дертінің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Сыбайлас жемқорлықтың көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданды. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді.
«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі. Осы стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі айтылған. Сондай-ақ стратегияда сыбайлас жемқорлыққа деген төз¬беушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналу керек.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамында да жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелері нақты көрсетілген. Мұның барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, бұл жерде азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін күшейту маңызды.
Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төтеп бере аламыз.
А.ИЗДИКУЛОВА,
облыстық филармония
директорының орынбасары