ҚАРА КЕМПІРДІҢ ҰЛЫ МЕН КЕЛІНІ (ӘҢГІМЕ)
Әбіләзи жазғы каникулға шығуына ойға алып жүрген шаруасына құмбыл кірісіп кетті. Жұмысты ә дегенде үйінің іші-сыртындағы сылақтарын қырып түсіріп, жаңадан сылап әктеуден бастады. Оны болғасын еденді, есіктер мен терезе жақтауларын, босаға-табалдырыққа дейін қалдырмай қызыл-қоңыр бояумен сырлады. Лакпен майлап жарқыратты. Шарбақты, қақпаны қою көк бояумен көркейтті. Қора-қопсыны жөндеп, ауланы тазартты. Бәрін болып қараса, үйі, қора жайы көктен түскендей жаңарып, ажарла-нып қалыпты.
‒ Молодец, Африканканың баласы! ‒ деді өзіне өзі. ‒ Енді бір бойыңды жазып қыдыруыңа болады.
Қайным деп үйірсектеп, ойнақылана қылмыңдап жүретін көрші үйдің келіні Мәйешті жағалайды: ‒ Әже-е, әжеші-і, балаңыз осы жаз аяқтанады-ау шамасы, қимылына қарағанда... ‒ деп жетіп келді.
‒ Айтқаның келсін, қарағым. Замандасың ғой, өзінен сыр тартып көрмедің бе?
‒ Сыр тартып көрейін десем, қашқақтайды. Білгені ‒ ішінде... өзін ауыздандырып жеңгелік парызымнан құтылсам ба деп едім...
‒ Өш, құрсын! О не дегенің? Ыдысың қосағыңа құт болсын.
‒ Ойнап айтам, әже.
‒ Қоя ғой, бейбақ. Байың барда етегіңмен ойнаймын деп ойының осылып жүрмесін...
‒ Құдай сақтасын, әже. Жәй, әншейін қалжыңым ғой.
Басы байлаулы болғанымен бұл бар болғырдың діңкесі құрып жүр. Тәттіқұмар кезі, келсең келден кет әрі емес. Құр аттай құлшынған жігіттен дәмелі. Оның сымбаты мен қайратына қызығады. Телевизор көріп немесе газет-журналға шұғылып оңаша отыратын сәттерін кәдімгідей аңдып жүргені. Сондайда буы ыстық бойдақтың басын айналдырып бағады-ақ. Бірақ жігіт илікпейді. Өзіне ынтызар керімнің ынтығын әзілмен бәсеңдеткен болады. Былайда қалжыңбас жігіт айта алмасын ба, қырғын анекдоттармен ішек-сілесін қатыра күлдіріп есін алады. Қимасы бөрітіп жүрген пәтшағардан сөйтіп құтылады. Ол да есесін жібермей бағады. Кейде Әбіләзиге үй шаруасына қолғабыс тигізуін өтінетіні бар. Сондайда әзілдеген болып: «Кіндігің жылыға тисін» дейді демі дірілдеп, алабұртып. Қолғабыс еткені үшін айтқан алғысы ‒ ішкі тілегі. Әбіләзи оның ойынан шығып тілегін жан-дыруға «көрші ақысы ‒ тәңір ақысы» деген киелі киеден сескеніп тартына-ды.
Араларынан қыл өтпейтін бұл екі үй Әбіләзидің бала кезінен көршілес болатын. Шешесінің бастасы Шабыл шал мен кемпірі Әтиманың бір баласындай болып кеткені қашан? Олар да бұны туған ұлынан кем көрмейді. Ардан аттай салуға көңіл қошының соқпайтын бір себебі сол.
Әтиманың келіні: ‒ Ой, әже-ай, балаңыз қандай қызды жетелеп келер екен... ‒ деп күрсінді.
‒ Қайдам, қарағым. Алла бір иманжүзді балаға жолықтырғай да деген ақ тілектің үстінде жүрмін ғой, ‒ деп қара кемпір де күрсінді.
Содан бокс қапшығын күні-түні төмпештеумен жүрген Әбіләзи бір күні аяқ астынан жоқ болып кетті. Әне келер, міне келер деумен иманын айтып, зәресі қалмаған қара кемпірге ас батпады. Солай алаңжарлы болып қобалжып жүргенінде ұлы телефонмен хабарлассын. Ташкент кетіпті. Шешесі аң-таң. Қашан қайтасың деуге ғана шамасы жетті. Баласы әзір осында жүре тұрамын деді. Бұл: ‒ Саған не дейін, аман болсаң болар... ‒ деп іркіліп қалды.
Содан тағы бір жеті өткен шамада ұлы тағы да телефон шалып, шешесінің амандығын білді. Бұл жолы Самарқаннан хабарласты. Ферғана, Бұқара, Үргеніш барған. Амандығын білдіргенімен неғып қиырда жүрген мән-жайын айтайын демейді. Ал шеше байғұс баласының бұл жүрісінің не жүріс екенін білмей шерменде.
Қырғын қыздан тек бір қызды, сонша жігіттен тек бір жігітті ұнатқан екеуі осы жаз қосылуға уағдаласқан еді. Бір-бірін ес біле бастағаннан білетін. Бір мектепте оқыды. Бала екі класс ілгері, қыз екі жыл кейін. Бір-біріне қаршадай кездерінен ынтыққан. Баяғы Қозы менен Баяндай. Сегізіншіні бітірген жазда қыздың үйі облыс орталығына көшті. Бұл мектепті бітіруіне дене мәдениеті институтына, ал қыз дәрігерлік оқуға түсіп, екеуі бір қалада оқып жүрді.
Жігіт оқуын жеріне жеткізгесін қызға қыңқылдаған. Қыз «оқуымды тиянақты бітірмей өкшемді көтермеймін. Шын мендік болатын болсаң, күтесің» деп бірден кесіп айтты. Институтын бітіргесін де «мамама бір жыл нан жегізбегенім қалай болады» деп тағы тартыншақтады. Содан амалы қайсы, сүйген жүрек бәріне көнеді екен.
Сонымен не керек, Әбіләзи қалыңдығын күдерін үзбей күтті. Шыдап бақты. Айтарыңыз не, осы жазға көзі бір қызарып, бір қарауытып әрең жеткен жігіт қалыңдығын алғашқы жиырма төрт күндік демалысына шығуына еркіне қоймай жетектеп, ел асып кеткен еді, Анасына айтқан «серті» бойынша «бұрымынан сүйреп». Енді екеуінің той алдында әрі қыдырып бой жазып, әрі қалыңдық ойнап жүрген жүрістері ғой, сайранды салып, бабалардан қалған тарихи мұраларды аралап.
Сол күндерде Гүлсінай қалыңдық ойнаған жігітінің ойынан шықты...
/жалғасы бар/
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы