Г.ӘБДІҚАЛЫҚОВА ТҮРКИЯНЫҢ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Түркиядағы қазақ диаспорасы жастарымен кездесті деп хабарлайды 24.kz.
Кездесу елорданың 20 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылды. Ата-жұртымен байланысты нығайтуды көздеген қыз-жігіттер тарихи отанының қарқынды дамып жатқанына куә болғандарын тілге тиек етті. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы шетелдегі қандастар мәселесіне, ана тілі мен төл тарихына, мәдениеті мен руханиятына, ұлттық құндылықтарын сақтауға Президенттің баса назар аударатынын айтты. Бүгінде Түркияда шамамен 10 мыңдай қазақ тұрады. Диаспора өкілдеріне өзекті мәселелер бойынша жәрдем көрсету мақсатымен «Қазақ-түрік», «Қазақ түркілерінің әлеуметтік және мәдени дамуын қолдау», «Ахмет Яссауи» қорлары мен «Қазақ-түрік білім, ғылым және зерттеу қоғамы» тиімді жұмыс атқарып келеді. Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова жастарға табыс пен бақ-береке тіледі.
Едіге Мұхаммед, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі:
- Еуропада болсын, Түркияда оқиын, Қазақстанға келіп қызмет көрсету менің арманым. Біз, қазақ жастары жиналып қазақ тілі туралы, қазақ халқы туралы, Қазақстанда өткізіліп жатқан іс шаралар туралы, жаңалықтар туралы әңгіме айтамыз. Өз тілімізді ұмытпау үшін.
Нұрбану Қара, Түркиядағы қазақ диаспорасының өкілі:
- Түркиядағы газеттерден Астана, Қазақстан туралы көп хабар естиміз. Енді өз көзімізбен көріп отырмыз. Біз Түркияға барғанда жолдастарымызға көргенімізді айтып мақтанамыз.