ҚАЗАҚСТАНДА ЖАУЫН-ШАШЫНДЫ АУА РАЙЫ ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ ДЕ САҚТАЛАДЫ
Синоптиктер 30 маусымнан 2 шілдеге дейінгі ауа райы болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның батыс облыстарында орныққан антициклон және онымен қалыптасқан жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталады. Мұнда күндіз ауа температурасы бұрынғыша 35...43°С айналасында болады. Ал Солтүстік Қазақстан аспанындағы биіктік циклон шығысқа қарай ығысуда. Сол себепті алдағы үш күнде бұл өңірде нөсерлі жауын-шашындар күтілмейді. Бірақ қысқа мерзімді жаңбырлар, найзағай мен екпінді желдер солтүстік өңірлерде ғана емес, сондай-ақ шығыста, оңтүстік-шығыс пен республиканың орталығында сақталады», - делінген Қазгидрометтің хабарламасында.