ЖҰМА КҮНІ ЕЛІМІЗДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІНДЕ ЖАҢБЫР ЖАУАДЫ
29 маусымда атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталады, кей жерлерде найзағайлы жаңбыр болады, жел күшейіп, дауыл соғуы, бұршақ жаууы ықтимал деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Синоптиктердің болжауынша, еліміздің батысында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел жылдамдығы 15-20 м/с жетеді, күндіз дауыл соғып, бұршақ түсуі мүмкін, түнде тұман күтіледі.
Алматы, Ақтөбе облыстарының, күндіз Қостанай, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде желдің екпіні 15-23 м/с жетеді, Қостанай облысының кей жерлерінде түнде тұман күтіледі.
Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с үдейді, дауыл тұрып, бұршақ жаууы ықтимал, сондай-ақ Қарағанды облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман күтіледі.
Күндіз Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында қатты ыстық сақталады, Маңғыстау, Атырау облыстарының кей жерлерінде өте қатты аптап ыстық болады.
Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарында, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қауіпі сақталады.