ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АСТАНАДА 3 МЫҢ ӨНЕРПАЗ КҮЙДІҢ КӨРКІН ҚЫЗДЫРМАҚ
1 шілде - Ұлттық домбыра күні Астанада өтетін «Домбыра - асыл мұра» көпшілік серуендері кезінде 3 мың күйші бірнеше күйді орындайтын болды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік-академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Құрманғазы атындағы мемлекеттік-академиялық халық оркестрі ұжымының атынан жалпы барша домбырашылардың, өнерпаздардың, күйшілердің атынан Елбасымызға осынау айтулы күнді заң аясында бекіткеніне алғыс айтамыз. Әрине, домбыра ол жай ғана аспап емес, еліміздің сөзі мен тілі. Сондықтан, бұл күн айтулы мереке барша өнерпаздардың жоғары деңгейде үлкен серпіліс берері сөзсіз. Домбыра күні аясында Құрманғазы атындағы оркестр өзінің үлкен шараларды қолға алып отыр. Бастысы - Астана қаласында өтетін «Домбыра - асыл мұра» атты үлкен концерттік іс-шара. Бұл шараға 3 мыңға тарта өнерпаз қатысады деп жоспарланып отыр. 2 мыңға тарта өнерпазы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ұйымдардан тартылып отыр», - дейді ол.
Нұрғиса Дәуешевтің айтуынша, бұл мереке - барша домбырашылар мен өнерпаздар үшін үлкен серпіліс.
«Қазір қызу дайындықтамыз. Шара аясында Құрманғазы оркестрі бұқара халықты ұлттық өнерге тарту мақсатында Алматы қаласының метросында қала қонақтары мен тұрғындарына арналған қазақ күйінен флешмоб ретінде бірінші рет концерттік жоба ұйымдастырады. Сонымен бірге осы Астана қаласында гастрольдік сапарамыз жалғасып, одан ары қарай Ақтөбе облысында Құрманғазы оркестрінің үлкен гастрольдік сапарын жасау жоспарлануда», - дейді ол.
Оркестрінің директорының айтуына қарағанда, шараға Айгүл Нариманқызы (Үлкенбаева), Тұрар Әліпбаев (Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры), Арман Жүдебаев, Бекболат Тілеухан, Секен Тұрысбек секілді белгілі күйшілер мен танымал адамдар қатысады.
«Жалпы, концерттік бағдарламада - бұрыннан орындалып келе жатқан халық білетін күйлер. Ол - «Көңілашар», Құрманғазының «Адайы», «Балбырауын» мен «Сарыарқа» күйлері, «Еркесылқым» күйі. Барша 3 мың өнерпаздың орындауында ойналатын болады», - дейді Нұрғиса Дәуешев.
Айта кетсек, «Домбыра - асыл мұра» концерті 1 шілде күні сағат 12:00-де «Қазақ елі» монументі алаңында өтеді.